Көрнекі ақпараттың көрінісі қандай?

суреттер автордікі

 

Ауыл көшелерімен жүріп келе жатып, маңдайшалар мен жарнамаларға көз салсаңыз, ойландыратын жайттарға кезігесіз. Қазақы орта қалыптасқан, тұрғындарының басым бөлігі қазақтардан тұратын ауданда кейбір көрнекі ақпарат пен жарнамалардың орыс тілінде жазылғанын байқауға болады. Ал кейбір жазулардың тілдік сауаты мен орфографиялық талаптарға сай келмейтіні де көзге түседі. Біздің аудан – этникалық құрамы біртекті өңірлердің бірі. Мұнда тұрғындардың 99 пайыздан астамы – қазақтар. Өзге ұлт өкілдерінің үлесі аз болғанымен, олар қазақы ортаға бейімделіп, күнделікті тұрмыста қазақ тілін қолданады. Қазақ салт-дәстүрін құрметтеп, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін жандарды көргенде, оларды өзімізден бөліп қарау қиын. Керісінше, олардың болмысынан қазақылықтың табиғи өрнегі аңғарылады. Осындай жағдайда көрнекі ақпарат пен жарнамада мемлекеттік тілдің үлесі басым болуы – заңды әрі табиғи құбылыс. Алайда кейбір нысандарда бұл талап толық сақтала бермейді. Бұл – тек тілдік мәселе емес, қоғамның тіл мәдениеті мен жауапкершілігін айқындайтын көрсеткіш. Көрнекі ақпарат пен жарнама – жай ғана хабарландыру емес, қоғамдық санаға әсер ететін маңызды құрал. Сондықтан оның тіліне немқұрайлы қарамай, сауатты әрі талапқа сай жазылуын қамтамасыз ету – баршаға ортақ міндет.

Осыған орай мәселені зерделеу мақсатында жуырда аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас мамандары Айберген Қанатұлы және Дария Әділжанқызымен бірге аудан орталығын аралап, кәсіпкерлік нысандардағы көрнекі ақпараттарға мониторинг жүргіздік.

Кәсіпкерлік нысандарды аралау барысында тілдік талаптардың сақталуы және көрнекі ақпараттың сапасы ерекше назарға алынды. Тексеру барысында бірқатар қызмет көрсету орындарында кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, тегершік жөндеу және автобөлшектер сататын орындардың маңдайшалары, сондай-ақ «Дәмді әлем» асханасы,  «Томирис» кафесі,  «Жұлдыз»  тез әзірленетін тағамдар  орны мен  «Гүлайна» кофеханасының ас мәзірлері тек орыс тілінде рәсімделгені белгілі болды. Кейбір нысандарда қазақ тіліндегі мәтін мүлде жоқ немесе көзге көрінбейтін деңгейде ғана берілген. Сонымен қатар «Дәмді әлем» асханасының маңдайшасы бүлініп, жыртылып тұрғаны да назарға ілінді. Дегенмен кәсіпкерлік нысан иелері жаңа маңдайшаны әзірлеуге тапсырыс бергендерін айтып, алдағы уақытта олқылықтың толық түзетілуін қамтамасыз ететінін жеткізді.

Айта кетейік, «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы 2020 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Биыл бұл шара дәстүрлі түрде алтыншы жыл қатарынан жалғасуда. Аталған жоба аясында аудан орталығындағы кәсіпкерлік нысандардағы жарнамалар мен маңдайшалардың тілдік сәйкестігі тексеріліп, кемшіліктер анықталған нысан иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Мұндай шаралар мемлекеттік тілдің күнделікті өмірде кеңінен қолданылуына, тұрғындар мен кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
 Бақылау тобы барлық аталған нысан иелеріне Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңнамасында көрсетілген талаптар туралы жан-жақты түсіндірме жүргізді. Сонымен қатар тексеру барысында «Арай» кафесінен ешқандай заңға қайшы келетін кемшіліктер табылмады. Кафенің ас мәзірі екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Кафе иесі өз тарапынан мемлекеттік тілді қолдайтынын, оны үнемі насихаттап келетінін атап өтті. Заңға сәйкес, барлық көрнекі ақпаратта мемлекеттік тіл – қазақ тілі бірінші кезекте және басым түрде орналасуы тиіс. Өзге тілдердегі мәтіндер тек қосымша сипатта берілуі қажет. Бұл талап тек заңдылық міндет қана емес, азаматтық жауапкершіліктің, елдік ұстаным мен ұлттық сана-сезімнің көрінісі болып табылады. Мамандардың пікірінше, кәсіпкерлік нысандардағы көрнекі ақпараттың сапасы мен тілдік нормаларды сақтау – бұл тек бизнес эстетикасының мәселесі емес, сонымен қатар халыққа мәдени және тілдік құндылықтарды насихаттаудың маңызды жолы. Сондықтан әрбір кәсіпкерге бұл талаптарды сақтау заң алдындағы міндет және қоғам алдындағы азаматтық парыз деп қарау ұсынылады.

Бұл бағыттағы жұмыстар тек заң талаптарын орындауға ғана емес, мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін көтеруге, ұлттық сана мен мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Осы орайда бөлімнің бас маманы Айберген Қанатұлы көше көрнекілігінің маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Көрнекі ақпарат – тіл саясатының ең ықпалды құралдарының бірі. Ол тұрғындардың, әсіресе жастардың тілдік санасына тікелей әсер етеді. Халқының басым бөлігі қазақтардан тұратын ауданда өзге тілдің үстем болуы қисынсыз. Мемлекеттік тіл күнделікті қоғамдық ортада айқын көрініс табуы тиіс. Бөлім тарапынан ай сайын акция аясында мониторинг жүргізіліп, көрнекі ақпарат құралдары тұрақты түрде тексеріледі. Алдымен нысан иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Алайда белгіленген уақыт ішінде кемшіліктер жойылмаған жағдайда, ҚР «Тіл туралы» заңнамасын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 75-бабы бойынша жауаптылық көзделетіні ескертіледі. Сонымен қатар қазіргі таңда барлық ауылдық округтерде екі-екіден, ал аудан орталығы Аққыстау ауылдық округінде  үш  LED экран орнатылған. Аталған экрандарға шығатын мәтіндер тұрақты түрде қадағаланып, мазмұны мен сауаттылығына ерекше мән берілуде. Сол себепті берілетін ақпараттарда қате жіберілмейді. Экрандар арқылы ауыл өміріндегі жағымды жаңалықтармен қатар, тұрғындардың назарына арналған маңызды хабарландырулар уақытылы ұсынылып отырады,-дейді ол өз сөзінде.

Бұл мәселе ауыл тұрғындарын да бейжай қалдырмайды. Көше көрнекілігі мен қоғамдық орындардағы жазулардың тілі  жергілікті халықты алаңдатып отырған өзекті тақырыптардың бірі десе де болады. Аққыстау ауылының тұрғыны Жанбота Серікқызы бұл жөнінде өз пікірін ашық білдірді.

– Өз ауылымызда, өз жерімізде ең алдымен қазақ тілінің үстем болғанын көргіміз келеді. Күнделікті дүкенге не асханаға барғанда маңдайшалар мен ас мәзірлерінің тек орыс тілінде жазылуы түсініксіз. Бұл жай ғана жазу емес, ол – тілге деген құрметтің көрінісі. Ал сол тілдің өміршеңдігін ең алдымен көше көрнекілігінен, маңдайшалар мен жарнамалардан, қоғамдық орындардағы ақпараттардан байқауға болады.  Осы тұрғыдан алғанда, аудан орталығындағы көрнекі ақпараттардың жай-күйі жүйелі назар аударуды қажет етеді. Мұндай көрнекі ақпараттар өскелең ұрпақтың санасына тікелей әсер етеді. Сондықтан мемлекеттік тіл қоғамдық ортада айқын әрі басым қолданылуы тиіс. Бұл – болашақ ұрпақ үшін де аса маңызды мәселе,-дейді ол.

Шынында да, көше көрнекілігі – ауылдың мәдени келбетін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Күнделікті көзге түсетін жарнама мен маңдайша арқылы қоғамдағы тілдік басымдық қалыптасады.  

Соңғы жылдары ел аумағында кәсіпкерлік нысандардың маңдайшалары мен жарнамалық мәтіндерін латын қарпімен рәсімдеу үрдісі жиілеп келеді. Кейбір кәсіпкерлер мұны заман талабына сай жаңашылдық, халықаралық стандартқа ұмтылу деп түсіндірсе, енді бірі латын графикасын мемлекеттік тілдің баламасы ретінде қабылдап жүр. Алайда бұл үрдіс заң талаптарына толық сәйкес келе ме деген сұрақ туындайды. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңнамасына сәйкес, барлық көрнекі ақпаратта мемлекеттік тіл – қазақ тілі бірінші кезекте және басым түрде берілуі тиіс. Ал латын графикасы қазіргі таңда толыққанды ресми айналымға енгізілген жоқ. Демек, көрнекі ақпаратты тек латын қарпімен рәсімдеу  заң талаптарын орындау болып саналмайды. Маңыздысы – латын қарпін қолдануға мүлде тыйым салынбаған. Алайда ол тек қосымша сипатта, яғни кирилл әліпбиіндегі мемлекеттік тілдегі мәтінмен қатар берілуі керек.  Кейбір кәсіпкерлер өз нысандарында мысалы  «Zainab», «Gulayna», «Dәмdi alem», «Baizhan» сынды жазулар арқылы қазақ тілін қолдандық деп есептейді. Алайда заң тұрғысынан алғанда, мұндай жазу мемлекеттік тілдің талаптарын толық өтемейді. Себебі мәселе тек тілде емес, оның ресми бекітілген графикасында да болып отыр.

Жалғасы газеттің №4 (4269) санында

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT