Туған жердің топырағынан нәр алып, рухымен сусындаған өнер ешқашан өшпейді. Ол – халықтың жүрегін тербетіп, елдік пен бірліктің туын көтеретін құдірет. Аққыстаудың айшықты сахнасында осындай рух биіктеген сәттің куәсі болдық. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Туған өлкем – мақтанышым» атты қала, ауданаралық мәдениет күндері аясында өткен Махамбет ауданы көркемөнерпаздарының концерті кеш шымылдығын түріп, көпшілікті әсем ән мен мың бұралған би әлеміне жетеледі.
«Исатайым – көрші аудан армысың, сәлем саған – Махамбеттің жерінен» деп өрелі өнерпаздар әсем әуен мен сырлы жырын арнаған кеш исатайлықтарға шаттық сыйлап, елдік пен бірлікті, татулық пен туыстықты айшықтаған рухани мерекеге айналды. Концерттік бағдарламада халыққа жақын әсерлі әндер, жүрекке жеткен термелер мен күйлер, дәстүрлі өнер туындылары мен заманауи әуендер үндестік тауып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Көрерменнің ерекше ықыласына ие болған өнерпаздың бірі – Махамбет аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің музыкалық сүйемелдеушісі Арман Дүйсенғұлов болды. Туабітті көз жанары көрмейтін өнер иесі тағдырдың қиындығына ешқашан мойымайтынын жеткізді.
-Менің қос жанарым көрмесе де Алланың қалауымен ерекше дауыс иесі болғаныма шүкіршілік етемін. Өмірде менен де мүшкіл жағдайда жүрген адамдар болуы мүмкін. Ал мен 6 жасымнан бастап киелі сахна төрінде өнерімді паш етіп келемін. Бүгін исатайлықтардың жүзін көре алмасам да, олардың ыстық ықыласын сезіндім. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш,-дейді Арман Дүйсенғұлов.
Бағдарлама барысында халық әні «Желікпейді», сондай-ақ, әсерлі термелер мен күйлер орындалып, ал Қайрат Жұмағұловтың орындауындағы «Қазақстаным – атамекенім» әні кештің рухын көтеріп, тыңдарманды ерекше толқытты. Концерт соңында шырқалған «Махамбет ауданының гимні» елдік рухты асқақтатып, көрерменнің патриоттық сезімін одан әрі тереңдете түсті десек артық айтқанымыз емес. Кеш соңында Исатай ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Жанұзақұлы махамбеттік өнерпаздарға өзінің шынайы ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті. Ал исатайлық көрермендер бұл мерекелік шараны Исатай мен Махамбеттей батыр бабалардың достығы іспеттес ауызбірлік пен сыйластықты дәріптеген кеш деп бағалады.
Көршілер арасындағы жарасымды байланыстың алтын көпіріне айналған осынау өнер мерекесі алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны анық. Қыркүйектің 25-і күні исатайлық өнерпаздар «Туған өлкем – мақтанышым» атты мәдениет күндері аясында Құрманғазы ауданына да сазды сәлем жолдамақ.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ