Инфрақұрылымды дамыту – ауыл болашағына салынған инвестиция. Мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті биліктің жоспарымен бюджеттен бөлінген қаржының тиімді игерілуі ел игілігіне айналуы тиіс. Барлық жоба Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылады. Білім беру нысандары сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Спорт нысандары бұқаралық спортты дамытуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға серпін береді.
Ауданның өсіп-өркендеуі жолында инфрақұрылым мен құрылыс саласының алар орны айрықша. Олай дейтініміз, халыққа қажетті баспана, әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізу, ауданның сәулеттік келбетін қалыптастыру аталған сала арқылы жүзеге асады. Оның үстіне соңғы жылдары аудан құрылыс алаңына айналғанын ескерсек, бұл салада торуылдап тұрған нысандардың бары да жасырын емес. Құрылыс қарқыны тоқтамай, сапа мен жауапкершілік басты орнында болса, ауылдардың ажары артып, өмір сүру деңгейі де жақсара түсері анық. Осы ретте біз тамыз айының екінші жексенбісінде келетін Құрылысшылар күніне байланысты аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек Қуанғалимен тілдесіп, атқарылып жатқан жұмыстары туралы сұрап білген едік.
– Алтынбек Есенбекұлы, алғашқы сауалымызды сала жұмысының мән-маңызынан бастасақ. Аудандық құрылыс бөлімінің басшы лауазымына тағайындалғалы 6 ай уақыт өтіпті. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығы қорытындыланды. Алғашқы алты айлықта қандай жұмыстар жүзеге асты?
–Иә, аудандық құрылыс бөлімін басқарғаныма жарты жылдай уақыт болды. Осы уақыт ішінде бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Жалпы құрылыс – халықтың әл-ауқатын арттырумен тікелей байланысты сала. Сондықтан біздің негізгі мақсат – аудандағы әлеуметтік нысандарды уақытылы әрі сапалы тұрғызып, пайдалануға беру. 2024 жылда жоспарланған бірнеше нысанның жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, қаржыландыру көздері нақтыланды. Атап айтқанда, Тұщықұдық ауылында әкімшілік ғимаратының құрылысы қарқынды жүргізілді. Сонымен қатар Аққыстау ауылындағы 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысы жобасы әзірленіп, алдағы жылы құрылыс жұмыстары басталмақ. Алғашқы кезеңге республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлініп, келісім шарттар жасалуда. Сондай-ақ биыл Нарын, Зинеден ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылыстары қолға алынды. Жоба бойынша мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушылармен келісім шарттар бекітілген, қазіргі уақытта құрылыс алаңдарында дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жалпы жартыжылдық көрсеткіш бойынша құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Ең бастысы – нысандардың сапасы мен мерзімі бас-ты назарда. Алдағы уақытта да жұмыс осы бағытта жалғасын табады. Одан бөлек ауыл көшелерін жарықтандыру жұмыстары да жүйелі жүріп жатыр. Зинеден ауылында ұзындығы 13,6 шақырым көше жарығын орнату үшін жобалық құны 238,5 млн теңгені құрайтын құрылыс қолға алынды. Қызыл үй елді мекенінде де ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын көше жарығы жобасы іске асып жатыр. Исатай ауылында да биылғы жылы көше шамдарын орнатуға тиісті қаражат бөлініп, келісім шарт рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жанбай ауылында ұзындығы 20 шақырым көше жарығы жобасына ЖСҚ жасақталып, сараптама қорытындысы шығарылады деп күтілуде. Сондай-ақ Аққыстау ауылында бағдаршам және бейнебақылау жүйесі 2023 жылы басталды әрі сол жылы жобаға өзгеріс енгізілді. Енді осы жылдың тамыз айының соңына дейін жұмыс аяқталу көзделіп отыр.
Жалғасы газеттің №31 (4244) санында
Сағыныш ҚАЙЫР