ҚҰРЫШ ҚОЛДЫ ҚҰРБЫЛАР

Тоғыз жолдың торабына орналасқан деуге әбден келетін аудан орталығы – Аққыстау Қаратүбектен Тасгранға дейін «Атырау-Астрахан» теміржолы мен автокөлік жолы арасын толтыра, шығыс бетіндегі каналға дейін созыла, солтүстігіндегі ілкіде Гран, кейін Өркен аталған елді мекенді өрнектей қанатын жая түскен. Соған қарай тұрып, бір кездері санаулы көшелері ғана бар Аққыстау ауылы көз алдыңа келіп, құрыш қолды құрылысшылар еңбегін еріксіз мойындайсың...

Ол аудан ұзақ жылдарғы үзілістен кейін қайтадан қалпына келтіріліп, орталығы Аққыстау жұмысшы поселкесі болып бекітілген жетпісінші жылдардың соңғы ширегі болатын. Көптен бергі тілегі орындалған жергілікті халықтың қуанышында шек жоқ еді. Сол бір қуаныш көңілдеріне қанат бітірген барша новобогаттық қай салада да қажырлылықпен еңбек етуге көшкен кез. Соның бірі құрылыс саласы болды.

Сол уақытта аудан орталығына енді ірге тепкен кәсіпорын-мекемелердің бірі – «ПМК-909» жылжымалы механикаландырылған колоннасына ауыл-ауылдан қызметке келгендер, әсіресе, жастар жағы көбірек еді. Олар қаладан іссапармен келген тас қалаушы, сылақшы-сыршы мамандардан құрылыс ісінің қыр-сырына қанығып, айналасы аз уақытта осында құрыш қолды құрылысшылардың бір легі қалыптасып үлгерді. Мекеме алғашында жекелеген тұрғын үйлер салумен айналысты, бірте-бірте күрделілеу ғимараттар құрылысына да көшті. Сол алғашқы лектің ішінде 1979 жылдың тамызында көршілес Чапаев селосынан осында маңдай тіреп келген Қансұлу Алипова да бар-тын.

1974 жылы орта мектепті бітірісімен кеңшардың мал шаруашылығында, кейін құрылысында жұмыс жасап, еңбекке төселіп қалған бойжеткен мекемеге өзінен бұрынырақ келіп, тас қалаушылық іске қанығып қалған Бисенбай Қабдрашиев, Қазихан Садихов, Қанапаш Мусағалиев және басқаларға ілесе іс қылып, аз уақытта тас қалаушылардың алдыңғы сапынан көрінді, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.

Иә, жаңадан құрылған колоннада бірте-бірте құрылысшылар қатары көбейді. Тас қалаушылар екі бригадаға бөлініп, біріне осы Қансұлу басшылық жасады. Бригада құрамындағылардың бәрі де еңбекқор жандар еді, әсіресе, мекемеге Қансұлудан кейін қатар келген ауылдастары Нәсіпхан Қажиденова мен Жұмазия Ибраймова да шебер тас қалаушы, сылақшылар қатарын толықтырды.

-Алғашқыда Аққыстаудан тұрғын үйлер салуға көп көңіл бөлінді ғой, өйткені жан-жақтан келген жұмысшы-қызметкерлердің бәріне баспана керек болатын. Мекемелердің өз күшімен, яғни шаруашылық әдіспен, сенбіліктер ұйымдастыру арқылы тұрғызылып жатқан үйлер де көп болды. Біздің құрылыс мекемесі басқаларға да, өзімізге де үйлер салдық, сол кездері «ПМК үйлері» атанған көшелер де пайда болды.

Алғаш қолға алған үлкен құрылысымыз аудандық атқару комитетінің ғимараты болды. Ол – қазіргі аудандық ішкі істер бөлімі орналасқан үй. Оған жалғас аудандық байланыс торабының, қазынашылық басқармасының үйлері бой көтерді ғой. Оларда да қолтаңбамыз қалды,-дейді Қансұлу апа сол бір кездерді ойға ала өрбіткен бір әңгімесінде.

«Қансұлудың бригадасы» бұдан кейін аудан орталығында Аққыстау орта мектебі, тұрмыстық қызмет үйі, «Қарлығаш» балабақшасы, Жанбай ауылында орта мектеп, балабақша, сол уақытта жырақта болса да, Новобогат ауданы құрамында болған Зеленый, қазіргі Көктоғай ауылындағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің жатақханасы ғимараттарында, басқа да құрылыстарда өз қолтаңбасын қалдырды.

-Қансұлу бригадиріміз болды. Біз – Қансұлу, Нәсіпхан, мен – үшеуміз жұп жазбайтынбыз. Жас кезде адам еңбекке ұмтылып тұрады ғой, уақытпен санасуды білмедік. Ол уақытта теміржолмен құрылыс материалдары да көптеп келіп жатады, бригадалар кезек-кезегімен сол жүктерді түсіруге барып тұратын. Қансұлу өте еңбекқор әрі шебер ұйымдастырушы болды ғой,-дейді бүгінде зейнеткер Жұмазия апа.

«Ол кезде құрылыс көп салынатын, құрылысшылар да үнемі назарда жүретін. Бізді ұжымдағылар кейде  «үш құрбы» деп те атаушы еді.Ол Аққыстаудың көптеген құрылыстарында бірге жүргесін, бір ауылдан болғасын болар». Бұл - Нәсіпхан апаның лебізі.

Шынында да, құрылысшылар еңбегі елеусіз болмады. Олардың арасынан ондаған еңбек озаты шықты, марапаттарды да молынан иеленді. Бригадир Қансұлу Алипова облыстық партия комитетінің пленум мүшесі болды, халық қалаулысы, аудандық атқару комитетінің мүшесі ретінде де танылды.

Бүгінде үшеуі де – зейнеткер, немерелерін әлдилеген әже, бір әулеттің ақылшысына айналған жандар.

-Еліміз гүлденіп, ауылдарымыз ажарлана берсін,-дейді ертеңгі мереке иелері - Аққыстаудың келбетінде келісті қолтаңбаларын қалдырған құрылысшы құрбылар.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521