Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабындағы талаптардың сақталуын қадағалау, түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында қоғамдық акция өтті.
Акцияның басты мақсаты – кәсіпкерлік нысандардың атауларының, жарнамалардың, дүкендердегі баға көрсеткіштерінің, тамақтану орындарындағы ас мәзірлерінің, арнайы электронды таразыларда ұсынылатын ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс және заң талаптарына сай жазылуын түсіндіру.Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас мамандары Венера Мұхитова, Жадыра Жандолова, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мейрамгүл Қапузановадан құралған түсіндіру тобы Аққыстау, Тұщықұдық ауылдық округтеріндегі кәсіпкерлік нысандарды аралады.
Алдымен «Атырау-Астрахан» тасжолының бойында орналасқан, халықтың көп шоғырланатын «У Амана» мен «Аламан» шайханаларына барды. Онда «У Амана» атауын қазақшаға өзгертуді, сыртқы көрнекілікті жаңартуды ұсыныс етіп, ас мәзірінде бірінші мемлекеттік тілде жазылу керектігі, одан соң нақты қажет болған жағдайда ғана орыс тілін, шетел тілін жазуға болатындығы ескертілді. Аталған екі кәсіпкерлік нысанға да мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған стандартқа сай сырғыма жолдың болуы керектігі айтылды. Одан соң Аққыстау, Тұщықұдық ауылдарындағы сауда нысандарын аралап, бақылау-касса машиналарының түбіртектерінде қазақ тілінде мәлімет болуы керектігі жөнінде түсінік берді.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Жадыра Жандолованың айтуынша, 2022 жылдың 10 айы бойынша 23 кәсіпкерлік нысанға жарнамалардың орналастырылуы мен тіл заңнамасына сәйкестігі жөнінде акциялар өткізіліп, заң талаптары түсіндірілген. Зерделеу барысында 33 көрнекілік қамтылып, оның 11-нен кәсіпкерлік нысандардың маңдайшаларының түстері өңіп кеткендігі және мемлекеттік тіл мен орыс тіліндегі атауларының орналасу тәртібіне қатысты олқылықтар анықталған. Ескерту жасалған 11 көрнекіліктің 5-еуі түзетіліп, 6-ауы түзету жұмыстарын жүргізуде. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Сағыныш ҚАЙЫР