Ұлы даладағы археологиялық тарихи-мәдени ескерткіштер - ұлттың байлығы. Халқымыздың өткенінен сыр шертетін қастерлі мұра екені даусыз. Мұнайлы өңірде де өткеннің сайраған ізіндей, көненің көзіндей археологиялық тарихи және мәдени орындар бар. Осындай археологиялық құндылықтарды насихаттау мақсатында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің "Ұлы дала жауһарлары" атты көшпелі көрмесі Исатай ауданына келді.
Көрмеде 2017 жылы Қызылқоға ауданы, Миялы қорғандар тобынан табылып, қалпына келтірілген алтын киімді Сармат әйелі, 2020 жылы Миялы қорғанынан анықталған X-XI ғасырға тиесілі күміс әшекейлі әйел адам және оның жанынан табылған ат әбзелдерінің реконструкциясы, тағы да басқа археологиялық құндылықтар көпшілік назарына ұсынылды. Алдымен аудан әкімі Нұрым Мусин сөз сөйлеп, қонақтарға "қош келдіңіз" айтты. "Мирас" өлкетанушылар клубының төрағасы Мәди Өтеғалиев әлеуметтік-мәдени мәні бар көшпелі көрме арқылы ежелгі көшпенді қазақтың өткен тарихымен танысып, құндылықтарымызды дәріптейді деген пікірін білдірді.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Ерлан Тілекқабылов аудан халқын көшпелі көрмені тамашалауға шақырды. Одан соң Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы Ғалия Назарбекқызы көрмеге қойылған жәдігерлермен таныстырып өтті. Көрме таныстырылымынан соң, еңбек ардагерлері Бекболат Мусин мен Ерболат Насимуллин ризашылықтарын білдірді. Шара аясында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Нұрдәулет Сағидуллин мен Айдана Бақытова әсем әннен шашу шашты. Көшпелі көрме біздің аудан орталығында үш күн болады.
Аяпберген Салихов