Кәсібилік туыстықтан биік тұрады

сурет ғаламтордан

 

Қоғам дамуының кілті – әділдікте. Қай салада болсын шешім қабылдайтын тұлғаның ұстанымы берік, талабы ортақ, ережесі бәріне бірдей болғанда ғана халық сенімі нығаяды. Соңғы жылдары әр өңірде мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттыру, қызмет көрсету барысын айқын жеткізу бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. Бұл өзгерістердің өзегі – міндет атқарушы маманның кәсіби этикасы мен жауапкершілігі.

Әділдік ұғымы ерте заманнан-ақ қоғамның тірегі саналған. Сыбайлас жемқорлық түсінігінің өзі латынның corruptio – «бұзу, бүлдіру, параға сатып алу» деген сөзінен тарайтыны белгілі. Яғни бұл құбылыс адамзат тарихында қоғамды әлсіретіп, жүйені бұзатын ең қауіпті әрекет ретінде бағаланған. Қазақтың даналығы да әділетсіздіктің зиянын терең түсініп, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп кесіп айтқан. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды дала кемеңгерлері әділ шешім арқылы елдің бірлігін, тұтастығын қорғаған.

Бүгінде осы ұлы ұстанымның маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Қазіргі қоғамда жиі айтылатын өзекті мәселе – қызмет барысында таныстыққа, жақындыққа иек артпай, талап пен тәртіпке ғана сүйену. «Кәсіби маман туысқа бүйрек бұрмайды» деген сөз – осының дәлелі. Шын мәнінде, бұл – кез келген саланың кәсібилік деңгейін айқындайтын өлшем. Өйткені нағыз маман – алдына келген адамның тегіне, тұрғылықты жеріне, кіммен туыс екеніне емес, заңға, құжатқа және нақты фактіге сүйенеді. Оның қызметі – бауырмалдықтың емес, әділдіктің алаңы. Әр шешімнің артында бір адамның тағдыры тұрғанын түсінетін қызметкер үшін алалаушылыққа жол жоқ. Бұл – кәсібилік пен адалдықтың ең жоғары көрінісі. Бұндай ұстаным бір адамның ғана емес, бүкіл жүйенің ұтуына алып келеді. Әділет салтанат құрған жерде сенім артады, сенім артқан жерде қоғам тұрақтылығы қалыптасады. Ал тұрақтылық – экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамудың басты негізі.
Ауданымызда да мемлекеттік құрылымдарда шешім қабылдау үдерісін ашық жүргізу, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің әр қадамын айқын ету бағытында тұрақты жұмыстар жүргізілуде.

Қызметкерлерге арналған Этикалық кодекс талаптары күшейтіліп, әрбір өтініштің рәсімделу тәртібі нақты түсіндіріледі. Азаматтар электронды жүйелер арқылы өз өтінішінің орындалу барысын бақылап, баға бере алады. Бұл – ашықтықты қамтамасыз етудің және қоғамның әділдікке деген сұранысына жауап берудің тиімді жолы. Осындай ортада кәсіби маманның ең басты қаруы – біліктілік, адал қызмет және заңға құрмет. Бұрынғыдай «таныс іздеу» дағдысының қоғамда қолдаудан қалуы – азаматтық мәдениеттің өскенінің белгісі. Ең маңыздысы – кімнің алдында болмасын талаптың ортақ екенін сезіну.
Сонымен қатар қоғамда әділдік орнату мен мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру айрықша маңызға ие. Құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасы жоғары болса, азаматтар өздеріне қатысты қандай да бір заңсыз әрекет жасалған жағдайда қандай қадам жасау керектігін, қайда жүгінуді, қандай рәсім қолдануды нақты біледі.

Бұл — әділдік жолындағы ең тиімді құралдардың бірі. Құқығын білетін халық — әлсіз емес, керісінше, қорғауға қабілетті, саналы қоғамның көрінісі. Әр азамат өзінің заңды құқығын, жауапкершілігін, міндетін терең түсінгенде, әділетсіздікке жол бермей, қажет жағдайда дер кезінде әрекет ете алады. Мұндай ортада заң үстемдігі нығайып, қызмет атқарушы органдардың жұмысына бақылау күшейеді. Мемлекет үшін де бұл бағыт аса өзекті. Конституциялық тәртіпті қорғау, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту бағытында тиімді әрі бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізу — бүгінгі күннің басты талабы. Мемлекет пен халық арасындағы сенімнің артуы да осы саясаттың дұрыс жолға қойылуына тікелей байланысты. Елімізде жүргізіліп отырған кешенді шаралардың түпкі мақсаты — қоғамның барлық саласында әділдікті күшейтіп, заңсыздықтың кез келген көрінісін азайту, азаматтардың мемлекет институттарына деген сенімін арттыру.

Өйткені сенім бар жерде тұрақтылық бар, тұрақтылық бар жерде даму бар. Ал дамыған қоғамның тірегі — заңды сыйлайтын, өз құқығын білетін, әділдікті талап ететін азамат. Қорытындылай айтқанда, қоғамды өзгертетін – заң ғана емес, сол заңды орындаушы адамдардың ұстанымы. Әділдікке адал әр маман – ел дамуына қосылған үлес. «Туысқа бүйрек бұрмау» – құр айтылған ұран емес, шынайы қызмет мәдениетінің белгісі. Әділдік пен ашықтық үстемдік еткен ортада өскен жас ұрпақ та ертеңгі күні жауапкершілікті жоғары қоятын, әділетсіздікке төзбейтін, парасатты азамат болып қалыптасары сөзсіз.

 

Нұрбол ЖАМПЕЙІСОВ,
аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT