КӘСІПКЕР БОЛҒЫҢ КЕЛЕ МЕ? «Талаптан» қаржыландырады

суреттер автордікі

 

Ауданда биыл алғаш рет облыстық Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен  «Талаптан» жобасы аясында ерекше форматтағы жаңа шара – We Talk («Біз айтамыз») өткізілді. Мұндағы мақсат – жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген несиелер және әлеуметтік жобалар туралы кеңінен ақпарат беру. Жоба аясында ұйымдастырушылар ауданға қарасты ауылдық округтерді аралап, жастармен тікелей кездесулер өткізуде. Бүгінге дейін Жанбай және Исатай ауылдарында кездесулер өтті. Содан соң Х.Ерғалиев ауылында және Аққыстау ауылында жастармен ашық әңгіме алаңы ұйымдастырылды.

Іс-шара ұйымдастырушысы, «B-elsendi» қоғамдық қорының төрағасы Дулат Шымановтың  айтуынша, «Талаптан» жобасы шеңберінде алдағы уақытта аудан жастарына арналған түрлі мәдени және білім беру шаралары өткізіледі. Оның ішінде спорттық жарыстар, білім сайысы Quiz және қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыру курстары, сондай-ақ жасанды интеллект негіздері бойынша тегін курстар ұйымдастырылмақ. Оған қоса аудан орталығында мектептің жоғары сынып оқушыларына арналған «Кәсіптік бағдар беру» жобасы жүзеге аспақ. Дулат Шымановтың мәліметінше, аудан жастарына әлеуметтік идеяларын жүзеге асыру үшін 3 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы бөлініп отыр. Әрқайсысы 1 миллион теңгеден үш жоба қаржыландырылады.

Ал  аудандық «Мансап» орталығының маманы Ақжарқын Амированың айтуынша, биыл жұмыссыз азаматтарға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант көлемі 400 еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет қана ала алады.

Грантты кімдер ала алады? Екі негізгі талап бар:

  • Біріншісі – өтініш беруші жұмыссыз мәртебесінде болуы немесе жеке кәсіпкерлігін (ИП) ашқанына үш жыл толмаған болуы керек.
  • Екіншісі – үміткер міндетті түрде әлеуметтік осал топқа жатуы тиіс.

Әлеуметтік осал топқа жататындар қатарына мыналар кіреді:

  1. Көп балалы отбасы ретінде мемлекеттік жәрдемақы алушылар;
  2. Асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылар;
  3. Қоныс аударушылар;
  4. Қандастар;
  5. Еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтар;
  6. Мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар.
  7. Асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатындар

 

 

Мемлекеттік қайтарымсыз грант – жаңа кәсібін енді бастап жатқан азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін алғашқы қолдау. Грант иесі осы қаражат арқылы өз жобасын іске асырып, ары қарай өз ісін дамыту мүмкіндігіне ие болады. Грантқа қатысу үшін үміткер міндетті түрде кәсіпкерлік негіздері бойынша оқуды аяқтап, сертификат алуы қажет. Бұл курсты онлайн түрде enbek.kz порталындағы business.enbek.kz платформасы арқылы өтуге болады. Оқу 14 күнге жоспарланғанымен, қатысушы сабақты өз қарқынымен бір-екі сағатта меңгеріп, сертификат алуына мүмкіндік бар. Алайда белгіленген 14 күн ішінде оқуды аяқтап үлгермесе, сертификат берілмейді. Бұл сертификат 3 жыл мерзімге жарамды. Сертификат алған соң, үміткер порталдағы грант бөліміне өз бизнес жобасын жүктейді. Жобада қажетті құрал-жабдықтар нақты көрсетілуі тиіс.

 Грантқа өтініш онлайн түрде беріледі. Алайда 10 күннен кейін арнайы комиссия алдында офлайн түрде жобаны қорғау рәсімі өтеді. Комиссия құрамында ауданның жауапты басшылары мен мамандары болады. Грантқа үміткер өз бизнес жоспарын толық меңгеріп, қорғауға дайын болып келуі керек. Өйткені комиссия мүшелері тарапынан түрлі сұрақтар қойылады, ал нақты әрі сенімді жауап беру грант алу мүмкіндігін арттырады. Соңында Ақжарқын Сыдихқызы «Бұл грант – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен мүмкіндік. Сондықтан әр азамат оны тиімді әрі мақсатты пайдалану керек»,-деп түйіндеді.

Кездесу барысында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Роман Асқаров «ауыл шаруашылығымен немесе кәсіпкерлікпен айналысамын» деген жастар мен отбасылар үшін мемлекет тарапынан бірнеше қаржылай қолдау құралдары қарастырылғанын тілге тиек етті. «Ауыл аманат» жобасы — ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ерекше бағдарлама. Бұл жоба 2023 жылдан бастап қолданысқа енген. 2024 жылы ауданымызда төтенше жағдайға байланысты уақытша тоқтағанымен, биыл қайта іске қосылып, өтініштер қабылдануда.

Жобаның шарттары:

  • Несие мөлшерлемесі — жылдық 2,5%.
  • Несиенің мерзімі — ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына 5 жылға дейін беріледі.
  • Ал кооператив құруға ниетті азаматтар үшін несие 7 жылға дейін рәсімделеді.

–       Бұл жобаға жұмыссыздар, кәсіпкерлер, және жаңадан кәсібін бастағысы келетін азаматтар қатыса алады. Үміткерлер өтініш беру үшін өз ауылдық округтеріне барып, «Ауыл аманат» жобасына қатысу үшін екі қосымша толтырады. Ауыл әкімдіктеріндегі жауапты мамандар өтініштерді жинап, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жолдайды. Бұдан әрі ауданнан жиналған өтініштер облысқа ұсынылады. Жоба ауыл тұрғындарына өз кәсібін бастауға немесе дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан белсенді азаматтардың жобадан шет қалмай, мүмкіндікті тиімді пайдалануына шақырамыз,- дейді Роман Асқарұлы.

 

Әсел ТАБИҒАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT