КӘСІПКЕРЛЕРГЕ – МИНИСТРДІҢ АЛҒЫС ХАТЫ

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы конкурстың ҚР Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №523 Жарлығына сәйкес бүкіл ел аумағында өткізілетіні белгілі. Өткен жылы да 2023 жылғы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Парыз» байқауының басталғаны хабарланып, оған жеке кәсіпкерлік субъектілері қатысатын болды.

Байқау жеке кәсіпкерлік субъектілерінің халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін қоғам алдындағы өзінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және арттыруға бағытталған, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлік субъектілерін өз қызметкерлері үшін де, жалпы алғанда қоғам үшін де әлеуметтік мәселелерді шешуге ынталандыруға, әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша оң тәжірибені көрсетуге және кеңінен таратуға, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік мәселелері бойынша халықты кеңінен хабардар етуге арналған.

"Парыз-2023" бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша конкурсқа біздің де кәсіпкер жерлестеріміздің қатысуы олардың белсенділіктерінің де бір көрінісі десек болғандай. Олар ауданымыздың жеке кәсіпкерлері Самат Есенов пен Ақмарал Тахаева болатын.

Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінен алынған мәліметке қарағанда, С.Есенов 2011 жылдан «АдикГрупп» ЖШС-нде учаске бастығы қызметінде. Бұған қоса «Есенов С» ЖК басшысы, «Беріш» ШҚ мүшесі.2018 жылдан «Исатай аудандық фермерлер одағының» төрағасы қызметімен айналысуда. 100 га жері бар шаруа қожалығының негізгі бағыты – мал шаруашылығы. 4,5 га жер алған жеке кәсіпкерлігі егіншілікпен айналысады, Аққыстау ауылында азық-түлік дүкені бар.Ауыл халқының әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтарына, аз қамтылған отбасыларына, жалғызбасты азаматтарға, ауыл, аудан көлемінде өтетін мәдени шараларға демеушілік жасауда.

А.Тахаева – көпбалалы ана. 2021 жылы мемлекеттік қолдау арқасында 6 миллион теңге пайыздық мөлшерлемесі аз несие иеленіп, сауда қызметі үшін құрылғылар сатып алып, жұмысын бастаған. Akzhan Arzan тұрмыстық отбасылық дүкені киімдер, тұрмыстық керек заттар сататын кәсіпкерлік нысан.Қазірг таңда 9 қызметкерді жұмыспен қамтып отыр. Әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға жеңілдіктер қарастырады. «Мектепке жол» акциясында демеушілікпен 10 оқушыға киім-кешек, оқу құралдарымен үнемі көмектесіп келеді.

Сәрсенбі күні конкурста бақ сынаған қос кәсіпкерді аудан әкімі Нұрым Мусин арнайы қабылдады. Аудан басшысы қабылдауында өз кәсіптерін дамытып, өңір жұртшылығы үшін жақсы қызмет етіп жүрген оларға ризашылығын білдірді. Кәсіп иелеріне алдағы уақытта да еңбекте табысты болуды тілек еткен Нұрым Бекежанұлы оларға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Алғыс хаттарын табыстады.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521