КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Биылғы жылдың қазан-желтоқсан айларында барлық деңгейдегі кәсіподақ ұйымдарында есептік сайлау науқаны болды. 2023 жылы барлық білім беру ұйымдарында есеп-беру сайлау жиналыстары өткізіліп келеді. 80 пайызға жуық төрағалар қайта сайланып, жұмыстарын жүргізу үстінде.

«Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Исатай аудандық комитеті» филиалы қазіргі таңда 34 бастауыш ұйымды біріктіреді. Онда барлығы 2002 кәсіподақ мүшесі бар. 2023 жылдың қазан айында аудандық филиалдың 2019-2023 жылдар аралығындағы атқарған жұмысынан есеп беру-сайлау кезекті  аудандық УІІ конференциясы болып өтті. Конференцияға «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Қылышбай Сүндетұлы қатысты.

Қ.Сүндетұлы  Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрінің «Еңбек ардагері» медалімен және Алғыс хаттарымен бір топ ардагерлерді және «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» Құрмет Грамотасы мен Алғыс хаттарымен белсенді кәсіподақ мүшелерін марапаттады.

Атап айтсақ, Новобогат орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлсара Досмағамбетова «Еңбек ардагері» медалімен, Ғ.Мәсәлімов орта мектебінің директоры, физика пәні мұғалімі, ардагер ұстаз Тоқтарбай Қалымов, Новобогат орта мектебінің математика пәні мұғалімі, ардагер ұстаз Қалимаш Жанчина, «Аққу» балабақшасының меңгерушісі, ардагер ұстаз Алма Ғизатуллина, Ғ.Мәсәлімов орта мектебінің физика пәні мұғалімі, ардагер ұстаз Махуза Ипашева, Ғ.Мәсәлімов орта мектебінің бастауыш сыныптар бойынша оқу ісінің меңгерушісі, ардагер ұстаз Светлана Хисимова, Новобогат орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Лариса Сердалиеваға ҚР оқу-ағарту министрінің Алғыс хаттары табысталса, кәсіподақ белсенділері Абай орта мектебінің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Ерлан Құрманғалиев пен «Қарлығаш» бөбекжай – бақшасының тәрбиешісі, бастауыш кәсіп одақ ұйымының төрайымы Гүлдәурен Меңдіғалиева «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» Құрмет Грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Конференцияда сайланған президиум,  хатшылық,  мандат, есеп комиссиялары өз қызметтерін атқарды.  Конференцияны  басқару және  жүргізу  президиум мүшесі, конференция делегаты Айнур Ерғалиеваға тапсырылды.     

Конференцияның күн тәртібі бойынша аудандық Филиалдың 2019-2023жылдар аралығындағы атқарған жұмыстарының есебі және алдағы міндеттері туралы филиал төрайымы Қарлыға Дүзбаеваның есепті баяндамасы тыңдалды.  Баяндамада кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары бойынша атқарылған іс-шаралар туралы; кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғауды, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды ұйымдастыруы; әлеуметтік әріптестік, ұжымдық шарттың орындалысы туралы; кәсіподақтың қаржылық қызметін нығайту; техникалық инспекторлар жұмыстары және кәсіподақ мүшерімен өткізілген мәдени шаралар, демалыс орындарына жолдамалар беру, түрлі құқықтық оқулар, «Мектепке жол» акциялары, қайырымдылық көмектер және де ардагерлермен жұмыстар т.б сан-салалы жұмыстар туралы айтылды.

Есепті жылдар ішінде облыстық кәсіподақ бірлестігінің қолдауымен көптеген мәселелер өз шешімдерін тауып келе жатқандығы айтылып, кәсіподақ мүшелерінің арыз-шағымдарына Заңдылықпен жауап беруде көмек көрсетіп отырған «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» заңгері Юлия Амангелдіқызына алғыс білдірді.

2019 жылдан бері  филиал кәсіподақ қызметін екі бағыт бойынша жүйелендіріп келеді. Бірінші бағыт-білім беру ұйымдарында  өз мүдделері мен құқықтарын өркениетті қорғау, кәсіби жағынан өсу, сауықтыру және демалыс, кәсіподақ ұсынатын материалдық және әлеуметтік қолдау тетіктерін барынша пайдалану және кәсіподақ мүшелігінің өсуін қамтамасыз ету. Екінші бағыт–басым міндеттерді бөлу негізінде жүйелі жұмысты нақты жоспарлау және белгіленген міндеттерді жүйелі орындау болып табылады. 2022 жылы кәсіподақ мүшелерін демалыс орындарына 40 жолдама берілсе, 2023жылы 84 жолдама берілді. Оның 25-і 100 пайыз жеңілдікпен берілді. Отын ақшасы жергілікті мәслихаттың шешімімен 15000 теңгеге көтерілді. Оны тек мектеп педагогтары ғана емес балабақша және қосымша білім беру мекемелерінің педагогтеріне де төлеу мәселесі шешімін тапты. Кір жуушылар арнайы курстан өтті. Олардың еңбек демалыстарында сауықтыру жәрдемақысы төленетін болды. «Мектепке жол» акциясы жыл сайын дәстүрлі жалғасын тауып келеді. Сонымен қатар техникалық қызметкерлерге де көптеген жеңілдіктер жасалып келеді. Қайырымдылық көмектер, марапаттар, жолдамалар беріліп отыр. Ардагерлер де назардан тыс қалған жоқ. 2024жылға 15 ардагер ұстазға баспасөзге, яғни «Сахара», «Нарын таңы» және «Ұстаздық еңбек» газеттеріне тегін жазу ұйымдастырылды.

Күн тәртібіндегі басты мәселе бойынша тексеру-бақылау комиссиясының, мандат комиссиясының есептері тыңдалып, жаңа құрам сайланды. Конференция барысында делегаттар «Барыс» балалар-жасөспірімдер даярлық клубының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болған Құрманғалиев Ерлан, Новобогат саз мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Жеңісгүл Алипова және Х.Наубетов орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Р.Такенова өз пікірлерін айтты.

Конференцияда ашық дауыс беру арқылы бірауыздан «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Исатай аудандық комитеті» Филиалының төрағасы болып Қарлыға Дүзбаева қайта сайланды.  Ол өз сөзінде әріптестеріне үлкен сенім білдіргендері үшін алғыс айтып, кәсіподақ мүшелерінің өзекті мәселелерін шешу үшін және жоғары мәртебесі үшін барлық күш жігерін жұмсайтындығын айта келіп, барлық жұмысты бірлікпен атқаруға шақырды. Конференция соңында К.Сүндетұлы қорытынды сөз сөйлеп, айтылған ұсыныс-тілектерді каперге алып, хаттамаға енгізуді айтып, жиынды қорытындылады.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521