Кәсіптің көзін тапқандар

суреттер автордікі

 

Бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болар кейіпкерлеріміз – ауданға есімі белгілі, еңбегімен елге үлгі болған екі кәсіпкер отбасы. Олар табыс табуды ғана мақсат етпей, адамгершілік пен мейірім құндылықтарын жоғары  қоя білген жандар. Тұрмысы  төмен, жалғызбасты  немесе  көп балалы отбасыларға тұрақты түрде қолдау көрсетіп, тегін азық-түлік таратуды дәстүрге айналдырған.Айта кетерлігі, биылдан бастап 29 қазан – ресми түрде Қазақстан  кәсіпкерлері  күні болып бекітілді. Бұл  жөніндегі  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына 2025 жылдың 30 шілдесінде қол қойылған.  Мереке күнінің дәл осы датаға таңдалуы тегін емес.  2015 жылдың 29 қазанында ел экономикасының маңызды кезеңі саналатын Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі қабылданған болатын. Ендеше, ауданымызда іскерлер қатары толығып келеді. Осы жылдың 9 ай қорытындысы бойынша ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласында 1552 кәсіпкерлік субъектісі тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Бұл көрсеткіш өңірде кәсіпкерлік белсенділіктің артып келе жатқанын айғақтайды. Осындай кәсіби мереке қарсаңында елдің әлеуметтік дамуына үлес қосып жүрген, ізгілік пен еңбекті қатар ұстаған кәсіпкерлер туралы сөз қозғамау мүмкін емес.  Әрине, өз істерін жариялауды жөн көрмегенімен, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме?!  Ендеше, бүгін біз сіздерді игілік пен адал еңбектің үлгісіне айналған кәсіпкерлердің іскерлік жолымен таныстырмақпыз.

 

«БІЗ ҮШІН МАРАПАТ – ЕЛДІҢ АЛҒЫСЫ МЕН БАТАСЫ»

Алдымен алғашқы кейіпкерлеріміз – «Бегім-Ай» шағын маркетінің иелері, ауыл арасында есімі белгілі кәсіпкерлер – Карабалиндер жанұясы. Бұл отбасының отағасы  Мансұрсерік  Кеңесұлы  пен отанасы Шара Раимбергенова табыс табуды ғана мақсат етпей, ізгілік қағидатын алға қойып, санатты отбасыларға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.

Иә, қай-қай нәрсе де оңайлықпен келмесі сөзсіз. Олардың айтуынша, кәсіпкерлік жолы оңай басталмаған. 1996 жылы тоқырау кезеңінде Мансұрсерік Кеңесұлының ата-анасы шағын дүкен ашып, түрлі сауда түрлерін қолға алған. Алайда жұмысбастылық пен қиындықтарға байланысты істері уақытша тоқтап қалған. Уақыт өте келе заман талабына бейімделе отырып, анасы зейнетке шыққан соң 2019 жылы отбасы болып қайта кәсіпке бет бұрды. Барын салып, көліктерін сатып, сол қаржыға дүкенге жөндеу жұмыстарын жүргізген. Алғашында нысанды жалға беріп, кейін өздері толықтай қолға алып, Теміржол мөлтек ауданында «Бегім-Ай» шағын маркетін ашады.

–    Сол жылдары дүкенші де, жеткізуші де, тазалықшы да – өзіміз болдық, бәрі еңбектің арқасы. 2022 жылдың қаңтар айында анамыздың ұсынысымен дүкен ішінде «Мейірім бұрышы» ашылды. Мұнда мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, ел ішіндегі бауырмалдық пен қайырымдылықты арттыруды көздейміз. Осы бастама әлеуметтік желі арқылы көпшілікке таралып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Әрбір тұрғын өз еркімен азық-түлік қалдырып, оны әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар алып кете алады. Көбіне біздер Аққыстау ауылдық округінің мамандары ұсынған әлеуметтік жағдайы осал отбасылардың үйлеріне дейін апарып береміз. Аяқтай апарып беруге де себеп бар, бірі жалғызбасты қарт кісі көз жанары дұрыс көрмеуі мүмкін. Енді бірі мүгедектігі бар жан болса, тағы бірі жалғызбасты көп балалы ана кездесіп жатады. Барынша, олардың қуанышына сеп болайық деген шынайы ниетпен ықылас танытып, шапқылап жүрміз.  Сондай-ақ, 2022 жылдан бері әр жұма сайын көп балалы және аз қамтылған жанұяларға тегін нан таратылады. Қазақта «алтын алма, алғыс ал» дейді ғой. Біз үшін ең үлкен марапат – елдің батасы мен алғысы,-дейді кәсіпкер.

 

 

Аталған кәсіп нысанына арнайы ат басын бұрып, ішкі жағдайына көз жүгірттік. Сөрелер ретімен орналастырылған, кең әрі жарық дүкен іші тазалық пен ұқыптылықтың үлгісіндей. Сауда жасап жүрген тұрғындардың бірі – аққыстаулық жас келіншек Әлия Әділхан тауар таңдап жүр екен. Ол да өз әсерімен бөлісті.

– Мұндағы тағамдар үнемі жаңарып отырады. Әр жұма сайын «Мейірім бұрышы» сөресіне азық-түліктерімізді қойып кетеміз. Маркет болғандықтан, қажетті дүниенің бәрі табылады. Тамақтан бастап тұрмыстық тауарларға дейін сөрелер толық,-дейді ол.

Бұл отбасылық бизнес халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, дүкен иелері тауар бағасын барынша қолжетімді деңгейде ұстап отыр. Мұны тұрақты тұтынушылардың пікірінен-ақ аңғаруға болады.

– Біздер «Бегім-Ай» дүкенінің тұрақты клиентіміз. Мұнда күнделікті тұрмысқа қажетті барлық тауарлар – азық-түліктен бастап, тұрмыстық заттарға дейін бар. Бағалары да қалтаға қонымды, кейбір өнімдер тіпті орталықтағы дүкендермен салыстырғанда едәуір арзан. Ең ұнағаны – дүкен ішіндегі «Мейірім бұрышы». Мұнда кез келген адам өз мүмкіндігіне қарай азық-түлік қалдырып, мұқтаж жандарға көмек қолын соза алады. Осындай ізгі бастама арқылы дүкен иелері саудамен қатар сауапты іс жасап отыр деуге толық негіз бар,-дейді ауыл тұрғыны, Дамира Әбілхасимова. 

Ауылда орналасқанымен, аталған дүкен бүгінде тұрғындардың сеніміне ие, берекелі әрі мейірімге толы ордаға айналған

Сонымен бірге, бұл кәсіп иелері нау-рыз мерекесінде, балаларды қорғау күнінде, құрбан айт пен жаңа жыл қарсаңында әлеуметтік топтағы жандарға қайырымдылық көрсетуді дәстүрге айналдырған. Жақсылық елеусіз қалған жоқ. 2023 жылы олар «Ардагерлер ұйымының» Құрмет грамотасымен, 2024 жылы Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығының Алғыс хатымен және сол жылы өткен «Үздік жыл кәсіпкері» байқауында облыс әкімі атынан марапатқа ие болды. Сондай-ақ, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде лауреат атанып, Алғыс хат пен сыйақы иеленді. Бұл марапаттар – бір әулеттің тынымсыз еңбегінің, табандылығы мен бірлігінің айғағы.Отбасылық кәсіпті дамыта отырып, елге үлгі болар ізгі істерімен ерекшеленген бұл жандардың еңбегі – нағыз еңбек пен мейірімнің жарасымды үлгісі. Бүгінде «Бегім-Ай» дүкені үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кейіпкеріміз Шара Сырымқызы қоғамдық өмірге де белсене араласуда, тіпті ол аудандық мәслихат депутаты, әлеуметтік кәсіпкер Ақмарал Мәдиқызының ұсынысымен Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі және «Ауыл» партиясының белсенді өкілі ретінде талай игі істердің басы-қасында жүр. Иә, жақсылық жария үшін емес, жүректен шыққанда ғана шынайы болмақ. Оған дәлел – осы кәсіп иелері.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT