ҚҰТҚАРУШЫЛАР – ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ

Құтқарушы болу – қиындыққа бетпе-бет келу. Біздің елімізде осы бір мамандықты өмірінің мәніне айналдырған адамдар баршылық. Олар өздері таңдаған мамандықты шын сүйеді әрі өздері еңбек ететін салаға жан-тәндерімен берілген. Мұндай мамандар үшін атақ-абырой мен табыс та бірінші орында емес, маңыздысы – кәсіптеріне деген адалдық. Құтқарушылардың ең басты міндеті - адам өмірін құтқару, бұл - жоғары және жауапты миссия. Атаулған мамандық иелері, яғни Құтқарушылар күніне орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты жиын өтті.

Алғашқы сөзді алған аудан әкімі П.Хасанов азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. -Баршаңызды Қазақстан Республикасының «Құтқарушы күні» кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Адам басына қауып-қатер төнген кезде алдымен сіздердің көмектеріңізге үміт артады. Тәуліктің қай мезгілінде болмасын өртсөндірушілер мен құтқарушылар қиындыққа тап болған жандарға көмек көрсетуге дайын тұрады. Сіздердің өз борыштарыңызға деген кәсіби шеберліктеріңіз, жауапкершілік пен адалдықтарыңыз үшін алғысымды білдіре отырып, алдағы уақытта да біздің халқымыз бен мемлекетіміздің игілігі үшін Азаматтық қорғау жүйесінің тиімді дамуына ықпал ететіндеріңізге сенемін. Жауапты жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, -деді ол.

Салтанатты шарада аудан әкімі антына адалдықпен қызмет етіп жүрген үздіктерді марапаттап, құрмет көрсетті. «Өртке қарсы қызметіне – 105 жыл» төсбелгісімен Азаматтық қорғау қызметінің сала ардагерлері Б.Қыдыралин, С.Нығметов, Ж.Марданов, А.Хайырлиев, М.Сабиров, Е.Зайтов, Қ.Қапаев, Б.Есмағанбетов, Ғ.Ихсанов, Х.Машаева, Б.Құспанов және Е.Айтанов марапатталды.

Салтанатты шара да одан әрі марапат легі жалғаса түсті. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының алғыс хатымен бөлімші командирлері Б.Тулегенов пен М.Сапарғалиев, жүргізушілер Н.Шахуов пен М.Сыдых ұлғыланды.

Одан бөлек, азаматтық қорғау органдарын дамытуда ерекше көзге түскен және айрықша үлес қосқан қос азаматтың бірі Б.Қыдыралин Төтенше жағдайлар министрінің алғыс хатын, М.Сабыров облыстық Төтенше жағдайлар департамент бастығының алғыс хатын иеленді.

                                                                                                                    Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT