Куиз көгінде самғаған «IQ»

 

Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Атырау қаласында өткен дәстүрлі Quiz форматындағы зияткерлік сайыста Исатай ауданының абыройы асқақтады. Облыстық деңгейде ұйымдастырылған бұл байқауға әр аудан мен қала әкімдіктерінің, облыстық басқармалар мен департаменттердің қызметкерлері қатысып, өзара білім сайысына түсті.

 

Сайыстың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білімін тереңдетіп, зияткерлік әлеуетін арттыру, командалық бірлікті нығайту. Облыстық Ішкі саясат басқармасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті ұйымдастырған бұл шарада қатысушылар заңнама, мемлекеттік қызмет, ұлттық құндылықтар, ел мен өңір тарихы және логикалық тапсырмалар бойынша сұрақтарға жауап берді.

 

– Мұндай форматтағы сайыстар қызметкерлердің ынтасын арттырып, ұжымішілік серіктестікті дамытады. Қызметтік ғана емес, зияткерлік деңгейде де өзара қолдасу – командалық рухты нығайтады,-деді облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Айдар Жален.

 

Сайысқа барлығы 14 команда қатысып, бес кезең бойынша білімдерін сынады. Нәтижесінде, Махамбет ауданының «Сенімді серіктестер» командасы бірінші орынды иеленсе, Исатай ауданы әкімдігінің «IQ» командасы екінші орынға тұрақтады. Ал үшінші орынды Мемлекеттік кірістер департаментінің «Tengri» командасы еншіледі.

– Мемлекеттік қызмет – тек құжатпен жұмыс емес, жан-жақты дамуды, үздіксіз ізденісті талап ететін сала. Осындай зияткерлік сайыстар – өзара тәжірибе алмасуға, білімімізді шыңдауға және командалық рухты қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді. Біз «IQ» командасы ретінде аудан намысын абыроймен қорғауға тырыстық. Екінші орын – үлкен жетістік, бірақ бұл біздің шегінер шегіміз емес. Алда әлі де талай белеске жетеміз деп сенемін. Командадағы әріптестеріме алғыс айтамын – білімдері мен ұйымшылдығының арқасында биіктен көріндік,-деді команда мүшесі, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Марат Жұмабеков.

 

Жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Озық ой, ұйымшылдық пен білімнің нәтижесін көрсеткен Исатайлық команда аудан намысын лайықты қорғап, үздік үштіктен көрінді. «IQ» командасының бұл жетістігі – мемлекеттік қызметтің бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын айғақтайды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT