Қылмыстың құрбаны болатын кімдер?

сурет ғаламтордан

 

Халықаралық құқықтың қабылданған нормалары мен принциптерін, адам құқықтарын бұзатын трансұлттық қылмыстың бір түрі – адам саудасы. Бүгінде қылмысқа қарсы күрестің жаңа проблемаларының қатарына осы адам саудасына қарсы күрес проблемасы да жатады. Мұны айтқанда «Бұл қылмыстың құрбаны кімдер болып отыр?». «Онымен күресте әлемдік деңгейде, елдік көлемде нендей жұмыстар жасалуда?» деген де сауалдар туындайтыны өз-өзінен түсінікті. 

Деректерге сүйенсек, аталған қылмыстың құрбандары көбінесе әйелдер екен. Десек те, 2012-2013 жылдары ерлер құрбандарының жоғары пайызы анықталған. Сондай-ақ, балаларға қатысты категорияда ұлдарға қарағанда қыз балалар көптеу құрбан болатыны анықталған.

Бұл қылмыспен күресуге байланысты алғашқы халықаралық қозғалыстар он сегізінші ғасырдың аяғында Еуропадағы әйелдер саудасына қарсы қозғалыстан басталған. Мәселен, 1896 жылы Халықаралық католиктік одақ Швейцарияның Фрайбург қаласында жас қыздарды қорғау институттарын 1899 жылы Ұлыбританияның ұлттық қырағы ұйымы әйелдерді сатуға қарсы халықаралық конгресс құрған.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін адам саудасына қатысты мәселелер бойынша үйлестіру Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) шеңберінде жүзеге асырыла бастады, сондықтан 1949 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Адам сау-дасына қарсы күрес және басқалардың жезөкшелігін пайдалану туралы конвенцияны, ал 2010 жылы 64/293 қарарымен Адам саудасына қарсы іс-қимылдың ғаламдық жоспарын қабылдады. Соған сәйкес БҰҰ-ға мүше мемлекеттер адам саудасының алдын алу, оған қарсы күрес, осындай сауда-саттықтың құрбандарын қорғау және оларға көмек көрсету, сонымен бірге адамдарды сатуға қатысқандарды қудалауды қамтамасыз ету жолымен адам саудасының жойылатынын растайды. Бұл жоспарға сәйкес, жыныстық қанауға ұшыраған әйелдер мен балаларды, сондай-ақ, мәжбүрлі органдарды жинап алудан зардап шеккен адамдарды оңалтуға ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта БҰҰ-ның ерікті сенім қоры құрылады.

Адам саудасы мәселесімен тек жергілікті мемлекеттік және құқық қорғау органдары айналысып қана қоймайды, сонымен қатар тікелей немесе жанама түрде Еуропалық кеңеске, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ), Халықаралық көші-қон ұйымына, Интерполға, сондай-ақ, жергілікті, аймақтық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) жүгініледі.
Табысты бизнес болып саналатын адам саудасы кірісі бойынша қару-жарақ пен есірткіні сатқаннан кейінгі үшінші орында тұр. Сондықтан мұндай заңсыз бизнестің иелері оны кез келген тәсілмен қорғап қалуға күш салады. Адам саудасының құрбандары мұны өте жақсы білсе де, қорқыныш, ұят немесе қылмыскерлердің жазаланатындығына сенбеу салдарынан құқық қорғау органдарына сирек баратыны өкінішті.

Мәліметтерге қарағанда, адам саудасы құрбандарының үлкен тобы - 9-17 және 30-38 жас аралығындағылар. Ерте жастағы топтарда әйелдердің үлесі жоғары, ал ересектердің үлесі 30 жастан үлкенірек. 

Елімізде адам саудасы Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 шілдедегі № 167-I Қылмыстық кодексінің 128-бабымен реттеледі. Қазақстанда адам саудасына қатысты жаза күшейтілді. Сауда немесе еңбек құлдығының осы түрінің құрбандары көбінесе құжаттары және тұрақты тұратын жері жоқ адамдар, сондай-ақ, мүгедектер, мұқтаж жандар, қолайсыз отбасылардың балалары немесе ата-анасының бақылауынсыз кеткендер болады. Мүгедектер қайыр сұрауға, ер адамдар мал бағуға мәжбүр.

Халықаралық көші-қон ұйымының бастамасымен құрылған Адам саудасы жөніндегі ғаламдық деректер орталығының мәліметтері бойынша, Қазақстандағы еңбек және жыныстық құлдық құрбандары, ел азаматтарынан басқа, көрші елдердің де азаматтары болып табылған. Қылмыстың бұл түрімен тек құқық қорғау органдары ғана емес, сонымен қатар ҮЕҰ-да күресуде. ЕҚЫҰ-ның қолдауымен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, судьялар, әлеуметтік қызметкерлер, сондай-ақ, адам саудасының құрбандарына әлеуметтік қызметтер көрсетуге қатысатын ҮЕҰ үшін кәсіби дағдылар мен білім алуға мүмкіндік жасалуда. Үкімет адам саудасына қарсы күреске, зардап шеккендерге көмектесуге және құрбандарға арналған баспанаға қаражат бөледі.

2002 жылдың тамызынан бастап Қазақстан Халықаралық көші-қон ұйымының адам саудасымен күрес бағдарламасын іске қосты, оның құрамына 2002 жылдың 2 желтоқсанында Қазақстан да мүше болды. Бағдарлама адам саудасының алдын алуға және жоюға, сондай-ақ, оның құрбандарына көмек көрсетуге бағытталған. Қазақстандағы ХБҰ бағдарламасы аясында 2 мың адамға, бүкіл әлем бойынша адам саудасының құрбаны болған 75 мыңнан астам адамға көмек көрсетілген. Сондай-ақ, елде адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді.

Мұндай құбылыспен күресу және алдын алу үшін қылмыстың осы түрімен күресуге қатысатын мамандандырылған органдар мен ҮЕҰ-дың біліктілігін үнемі арттыру қажет дейді мамандар. Қазақстанда адам саудасына қарсы күресті тек құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар мен ҮЕҰ ғана емес, сонымен қатар әрбір азамат әлеуметтік белсенділік арқылы көмек көрсетіп, кез келген күдік туралы сенім телефонына немесе тікелей тиісті органдарға хабарлауы керектігі жиі айтылуы да содан.

Әрине, адам саудасы қай жерде де, соның ішінде ауылдық жерлерде де айқын көрініп тұрмасы белгілі. Алайда, қазіргі уақытта түрлі салада қызмет қылуға шақырушылар көп, жақсы табыс үшін шет ел асып жатқандар да жоқ емес. Міне, осындай азаматтар адам саудасының құрбанына айналмауы үшін де осы бір қылмыс түрі, одан сақтану, алдын алу сияқты жайттарды алдымен біле жүргеннің де артығы жоқ сыңайлы. 

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT