Дәл осындай атаумен ауданда Республика күні мен Егемендік декларациясының 35 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. 25 қазан — ұлттық мерекеміз Республика күні. Биыл бұл мереке ел тарихындағы ерекше белеспен, яғни Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл күн – халқымыздың тәуелсіздікке ұмтылған өр рухының, елдігін айқындаған тарихи шешімнің символы.
1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация» – елдің саяси дербестігі мен ұлттық тұтастығын айқындаған тағдырлы құжат болды. Сол күннен бастап Қазақстан халқы өз болашағына деген жауапкершілікті сезініп, мемлекетшілдік пен отансүйгіштік ұғымдарын терең ұғынды.
Жиында алғашқы болып жас мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімі өтті. Бұл – елге адал қызмет етудің, халық сенімін ақтаудың айғағы іспетті маңызды сәт. Мемлекеттік қызметке жаңа қосылған Нарын ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нәсіпқалиев Мейрамбек Нәғимұлы мен аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау бөлімінің бас маман-заңгері Аққалиқызы Эльмира Отанға адалдық антын қабылдап, ел алдында серт берді.
Мерекелік жиында аудан әкімі Нұрым Мусин жұртшылықты құттықтап, ел игілігіне еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетті. Солардың бірі – өмірін ел саулығына арнап, ақылымен де, парасатымен де көпке үлгі болып жүрген Исабай Хидуллин. Ол – Исатай ауылдық ардагерлер ұйымының ұзақ жылдар төрағасы, аудандық билер кеңесінің белсенді мүшесі. Исабай ағамызға Атырау облыстық Ардагерлер кеңесінің «Ел ағасы» алтын төсбелгісі табыс етілді. Бұл – ақсақал еңбегіне деген елдің шынайы ризалығының көрінісі еді. Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ар мен Даңқ» медалі соғыс жылдарының ақтаңдақ беттерін зерттеп, майдан даласында із-түзсіз кеткен сарбаздардың есімін елге қайтарған ізденімпаз азамат Еркін Жұмажановқа табыс етілді. Ол – туған жерінің тарихына жанашыр, ұлт жадын жаңғыртушы азамат. Еркіннің еңбегі – өткенге тағзым, ұмыт болған ерлікті жаңғыртқан ізгі іс.
Жиында ауданның әлеуметтік және рухани өмірінде еңбек етіп жүрген түрлі сала қызметкерлері де марапат төрінен көрінді. Мұнайшы да, дәрігер де, пошта қызметкері де, спорт жаттықтырушысы да, аудармашы да – барлығы бір мақсатқа, ел дамуына қызмет етіп жүрген жандар. Олардың еңбегі – туған жердің өркендеуіне қосылған ортақ үлес.
Мерекеде аудандық мәслихаттың төрағасы міндетін атқарушы Едіге Досқалиев сөз сөйлеп, ел дамуы жолында еңбегімен еленген азаматтарға Алғыс хаттар табыстады. Солардың қатарында ұстаздық жолда жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп жүрген Бақытгүл Гумарова, энергетика, теміржол, ауыл шаруашылығы мен мәдениет салаларында тер төгіп жүрген жерлестеріміз бар. Әрқайсысының еңбегі – ауданның дамуы мен елдің бірлігіне қосылған үлес.
Жас мамандардың еңбегі де назардан тыс қалмады. Ішкі саясат саласында еңбек етіп жүрген Медет Насихатов пен төтенше жағдайлар бағытын үйлестіріп отырған Арсен Аманғалиев секілді жастардың марапат алуы – ауданның ертеңіне деген сенімді нығайтқандай.
Салтанатты жиын соңында мерекелік сазды бағдарлама ұсынылды. Сахнада әуелеген патриоттық әндер, домбыра үні мен ұлттық би – бәрі-бәрі елдік рухты асқақтатты. Ән мен жыр астасқан сол сәтте зал іші ерекше шабыт пен қуанышқа толды.
Республика күні – өткенге тағзым етіп, бүгінге ризашылық білдіретін, ертеңге сеніммен қарауға шақыратын күн. Бұл мереке – ел тәуелсіздігін қадірлеу, егемендіктің қадірін сезіну, ұлт рухын ұлықтау күні.
Өз тілшіміз

