Қыс мезгілінде табиғаттың тынысы өзгеріп, адам бойына сергектік пен жаңа күш сыйлайтын ерекше кезең. Осы орайда ұжым мүшелерінің бірлік пен ынтымақтастықтарын арттыру, денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Балбөбек» бөбекжай-бақшасында «Қысқы спорт – қызыққа толы» атты ұжымдық спорттық сайыс ұйымдастырылды.
Аталған спорттық шараға балабақша қызметкерлерінен құралған екі команда қатысып, өзара достық жағдайда бақ сынасты. Сайыстың басты ерекшелігі – қатысушылардың жас ерекшелігі мен физикалық мүмкіндіктері ескеріліп, барлық ойын түрлерінің қызықты әрі қауіпсіз түрде ұйымдастырылуы болды. Әр команданың ойынға деген жігері мен ынталары жоғары деңгейде ерекшеленді.

Жарыс бағдарламасы қысқы спорт элементтеріне негізделіп, «Шанамен жарысу», «Креативті Аққала », «Қарлы эстафета», «Мұз үстіндегі шеберлік», «Қармен дәлдеу» сынды көңілді де тартысты ойындармен толықтырылды. Бұл тапсырмалар ұжым мүшелерінің шапшаңдығын, ептілігін, төзімділігін ғана емес, сонымен қатар өзара қолдау көрсетуі мен бірлесе әрекет ету қабілеттерін айқындады. Әр кезеңде қатысушылар белсенділік танытып, көтеріңкі көңіл күйде өнер көрсетті.
Сайыс барысында ұжым мүшелері күнделікті қызметтік қарым-қатынастан тыс, еркін әрі бейресми ортада бір-бірімен жақын араласып, ынтымақтастықтың жаңа қырларын ашты. Мұндай спорттық шаралар еңбек ұжымындағы жағымды психологиялық ахуалды қалыптастырып, әріптестер арасындағы сенім мен өзара сыйластықты нығайтуға зор ықпал етті.

Шара соңында белсенділік танытып, ұпай санымен жеңіске жеткен «Ұлпа қар» командасы І орынмен марапатталып, ІІ орынды «Аққала» командасы иеленді. Қатысушылардың барлығы бұл сайыстан ерекше әсер алып, қысқы спорттың денсаулыққа пайдалы әрі ұжымдық рухты көтеретін тиімді құрал екеніне көз жеткізді деп есептеймін.
«Қысқы спорт – қызыққа толы» ұжымдық спорттық сайысы қызметкерлер үшін есте қаларлық, мазмұнды әрі пайдалы демалысқа айналды. Осындай игі бастамалар ұжым мүшелерінің белсенді өмір салтын ұстануына, жұмысқа деген ынтасының артуына және ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек етуіне зор серпін береді деп ойлаймын.
Бикужиева Динара Айғалиқызы,
«Балбөбек» бөбекжай-бақшасының музыка жетекшісі
Исатай ауданы, Исатай ауылы


