Қысыммен құрылған неке – қылмыс

 

Қауіпсіз қоғам – мемлекеттің тұрақты дамуының басты кепілі. Бүгінде жеке адамның құқығы мен еркіндігін қорғау мәселесі бұрынғыдан да өзекті. Сталкинг пен мәжбүрлі неке сияқты құбылыстар тек жеке тағдырға ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігі мен адамгершілік құндылықтарына тікелей әсер етеді. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сталкинг пен некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу туралы Заңға қол қойған болатын. Елдің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған Президент ұстанымдары қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайтудағы стратегиялық басымдық болып саналады. Жеке адамнан бастап, тұтас қоғамға дейінгі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттің ең маңызды міндеті. Осы мақсатта Қазақстан заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін әділетті қоғам құруға ұмтылуда. Осы орайда ауданымызда сталкинг пен мәжбүрлі некенің алдын алуға арналған аудандық форум өтті. 

Ұйымдастырушылардың сөзінше, форум қоғамда алаңдаушылық туғызып отырған сталкинг пен мәжбүрлі неке мәселелерін жан-жақты талқылау, олардың құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және діни қырларын саралап, алдын алу тетіктерін түсіндіру бағытында болды. Форум жұмысы сталкинг тақырыбындағы бейнероликпен басталып, онда қудалау мен аңдудың адам өміріне тигізетін психологиялық және әлеуметтік зардаптары көрініс тапты. Мамандардың айтуынша, сталкинг – сырттай қарағанда «жай мазалау» немесе «назар аударту» әрекеті болып көрінгенімен, шын мәнінде адамның жеке өміріне қол сұғатын, қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекет. Жиында сталкинг ұғымының шығу тегі мен тарихи дамуы туралы да айтылды. Ағылшын тіліндегі «to stalk» сөзінен шыққан бұл термин «аңду», «қудалау», «ізіне түсу» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі таңда ол әлеуметтік-құқықтық сипаттағы ұғымға айналып, адамның еркінен тыс жүйелі түрде мазалау, бақылау жасау немесе байланыс орнатуға тырысу әрекеттерін білдіреді.

Форумға арнайы 5 спикер шақырылған. Олар аудан прокуроры Аслан Тұрғанов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Манарбек Үмбеталиев, педагог-психолог Гүлдәурен Камидоллақызы, Аққыстау ауылдық аналар кеңесінің мүшесі Әлия Фазылова және «Шапағат» қоғамдық қорының аудан бойынша теологы Әділжан Мұратұлы өз салалары бойынша қатысушыларға пайдалы ақпараттарымен бөлісті. Жиында сталкингпен қатар мәжбүрлі неке мәселесі де кеңінен қозғалды. Мәжбүрлі неке – адамның өз еркінен тыс, қысым немесе қорқыту арқылы некеге тұруға мәжбүрленуі. Мұндай әрекет адамның негізгі құқықтарын, соның ішінде еркін таңдау құқығын өрескел бұзады. Қатысушылар неке екі адамның саналы әрі ерікті келісімі негізінде құрылуы тиіс екенін, еркіндік болмаған жағдайда бұл әрекет құқық бұзушылық сипатына ие болатынын атап өтті. Құқықтық бөлімде аудан прокуроры Аслан Тұрғанұлы мен аудандық полиция бөлімінің бастығы Манарбек Ғаділбекұлы сталкингтің азаматтардың конституциялық құқықтарына – жеке өміріне қол сұғушылыққа, қауіпсіздік пен ар-намысына тікелей қауіп төндіретіні айтылды. Қылмыстық жауаптылықтың қарастырылуы – уақыт талабы екені, әр азамат өзін қауіпсіз сезінетін қоғам құру ортақ міндет екені атап өтілді. Сондай-ақ жәбірленушінің өзін қорғау үшін қандай қадамдар жасауы керектігі және мәжбүрлі некеге байланысты құқықтық қорғаныс деңгейлері түсіндірілді. Психологиялық тұрғыдан Гүлдәурен Камидоллақызы, сталкинг те, мәжбүрлі неке де – тұлғаның жеке шекарасының бұзылуы екенін атап өтті. Мұндай жағдайларда бақылауға ұмтылу, эмоционалдық тәуелділік және қысым көрсету белгілері байқалатынын жеткізді. Жәбірленушілерге дер кезінде психологиялық қолдау көрсету маңызды екенін тілге тиек етті.

– Соңғы кезде әйелдер мен қыз-келіншектерге ер адамдар тарапынан көрсетілетін қысымның бір себебі – балалық шақтағы тәрбиеден бастау алады деп ойлаймын. Көп жағдайда бала кішкентайынан «жоқ» деген сөзді естімей өседі немесе оны қабылдауды үйренбейді. Барлық қалауы орындалып, қарсылық көрмеген бала ер жеткенде де өзіне айтылған «жоқ» жауабын қалыпты нәрсе ретінде қабылдай алмай қалады. Сондықтан ата-аналар баласына тек «иә» деп өсіру емес, кей жағдайда «болмайды», «қазір емес», «мүмкін емес» деген шектеулерді де дұрыс жеткізе білуі керек. Үзілді-кесілді тыйым салу міндетті емес, бірақ баланың санасына шекара бар екенін, әр адамның жеке таңдауы бар екенін сіңіру маңызды. «Жоқ» деген жауапты қабылдай білу – тұлғалық жетілудің белгісі. Тағы бір фактор – «мені жақсы көрмейді» деген шешімді қабылдай алмау. Кейбір адамдар сезімнің жауапсыз болуын намысқа қабылдап, күштеп жақсы көргізуге тырысады. Бұл – махаббат емес. Бұл – бақылау мен меншіктеу сезімі. Ал шынайы қарым-қатынас тек ерікті келісімге негізделуі тиіс. Сондықтан біз ең алдымен балаларымызға эмоцияны басқаруды, өзгенің таңдауына құрметпен қарауды және жеке шекараны сақтауды үйретуіміз керек деп есептеймін,-дейді педагог-психолог Гүлдәурен Камидоллақызы.

Аудандық білім беру саласы ардагерлерінің төрағасы, білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, тәжірибелі ұстаз Әлия Фазылқызы тәрбие мәселесін назардан тыс қалдырмаса, теолог Әділжан Мұратұлы діни тұрғыдан қарастырғанда да адамның қадір-қасиеті мен жеке өміріне құрмет көрсету негізгі құндылық екенін атап өтті. Форум соңында қатысушыларға сталкинг пен мәжбүрлі неке тақырыбындағы тағы бір бейнеролик ұсынылып, сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылды. Залдан қойылған сауалдарға спикерлер нақты жауап беріп, пікір алмасу өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты – қоғамда жеке қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және өзара құрмет қағидаларын нығайту. Сталкинг пен мәжбүрлі неке – тек жеке адамдардың емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететін құбылыстар. Сондықтан бұл мәселелерге бейжай қарамай, бірлесе әрекет ету – уақыт талабы.

Жиынға қатысқан ауданның құрметті азаматы, ауыл ардагері Боранбай Халидуллин, форум тақырыбы бойынша өзінің оң пікірін білдірді.

– Бүгінгі шара өте өзекті деп есептеймін. Сталкинг – қоғамға жат қылық, қылмыс болып табылады. Сондықтан адамдардың психологиясына әсер ететін мұндай мәселелерге арнайы тоқтау салынуы дұрыс деп ойлаймын. Біздің заманымызда ондай жағдайлар кездеспейтін. Заңсыз немесе мәжбүрлі некелер болмаған, бәрі тек келісіммен жасалатын. Ал қазір кейбір адамдар жолын таба алмай, бопсалау, қорқыту, артынан жүру секілді әрекеттерге баратынына қынжылатынымыз рас. Бұл – өмірде де кездесетін жағымсыз құбылыс. Сондықтан бүгінгі форум мұның алдын алу жолдары мен түсінігін беру жағынан өте маңызды деп есептеймін. Шара ұйымдастырушыларына шынайы ризашылығымды білдіремін- дейді ардагер.

 

 

Осындай форумдар қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға, құқықтық, психологиялық және тәрбиелік шараларды түсіндіруге мүмкіндік береді. Қатысушылардың пікірлері мен мамандардың ұсынымдары – сталкинг пен мәжбүрлі некенің алдын алу жолында нақты қадамдарға бағыттайтын маңызды бағыт.

Иә, сондықтан әрбір азамат өз құқығын білуі, жеке шекарасын қорғауы және өзгелердің таңдауына құрметпен қарауы – қауіпсіз әрі әділ қоғамның басты кепілі. Сондықтан мұндай кездесулерді жүйелі түрде өткізу, қоғамда құқықтық сауаттылықты арттыру және адамгершілік құндылықтарды нығайту уақыт талабы болып отыр.

Айта кетейік, Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сталкинг үшін Қылмыстық кодекске жаңа 115-1-бап енгізілген. Бұл бап бойынша 200 АЕК-ке дейін айыппұл, не дәл сол мөлшерде түзету жұмыстары, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Неке қиюға мәжбүрлеу үшін де 125-1-бап енгізілді. Бұл бап бойынша зорлық-зомбылықпен, мүлкін бүлдіру немесе жоюмен, бопсалаумен, беделге нұқсан келтіретін мәліметтерді жариялаймын деп қорқыту арқылы неке қиюға мәжбүрлегендер:
•    2000 АЕК-ке дейін айыппұл;
•    не түзету жұмыстары;
•    не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасына тартылады.
Егер қылмыс зорлықпен, кәмелетке толмағанға қатысты, материалдық тәуелділікті пайдаланып, қызмет бабын асыра пайдаланып, топпен алдын ала сөз байласу арқылы жасалса, онда:
•    5000 АЕК-ке дейін айыппұл;
•    не 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс;
•    не 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы тағайындалады.
Егер аталған іс-әрекеттер ауыр зардаптарға алып келсе, кінәлі тұлға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT