Қызмет мәдениетін шыңдайтын көшпелі тәлім

 

Мемлекеттік қызметтің сапасы мен қоғам сенімін арттыру жолында этикалық мәдениет пен жауапкершілік қағидаларын күшейту – уақыт талабы. Осы мақсатта 17–20 қараша аралығында «Integrity және Compliance мәдениеті: заманауи мемлекеттік қызметшінің бейнесі» атты көшпелі семинар өтуде.

Осы семинар аясында ауданымызға облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ахметова Фарида Төлегенқызы арнайы келіп, мемлекеттік қызметшілерге тағылымы мол дәріс оқыды.

 

 

Шараның басты бөлімі – «Мемлекеттік қызметшінің этикасы және мінез-құлық нормалары» тақырыбындағы дәріс. Аудан аумағындағы барлық сала қызметкерлері қатысып, қазіргі мемлекеттік аппаратта талап етілетін этикалық стандарттар мен қызметтік тәртіптің жаңа қырларымен танысты.

Фарида Төлегенқызы мемлекеттік қызметтің мәні мен миссиясын кеңінен тарқатып, әр қызметшінің бойында қалыптасуы тиіс мінез-құлық мәдениетінің маңызын нақты мысалдармен жеткізді. Оның айтуынша, қоғамның мемлекеттік органдарға olan сенімі – тек көрсетілетін қызмет сапасына емес, ең алдымен, қызметкердің күнделікті әрекетіне, сөз саптасына, азаматпен қарым-қатынас мәдениетіне тікелей байланысты.

 

 

Мемлекеттік қызметші – жүйенің ғана емес, мемлекеттің бет-бейнесі. Сондықтан әрбір маман өз ісінде әділдік, ашықтық, байыптылық пен жауапкершілік қағидаларын басшылыққа алуы тиіс.
Фарида Төлегенқызы өз сөзінде мемлекеттік қызметтің үздіксіз дамып келе жатқан жүйе екенін айта отырып, бүгінгі заман талаптары бұрынғыдан да жоғары екенін жеткізді.

– Бүгінгі әлем өзгерістің ең жылдам дәуірін бастан кешіп отыр. Әлеуметтік, экономикалық, технологиялық орта үнемі жаңарып жатқандықтан, мемлекеттік қызметтің этикалық стандарттары да сол өзгерістерге бейімделе білуі тиіс. Біз бір рет бекітілген нормамен тоқтап қала алмаймыз. Қоғам өзгерсе – сұраныс өзгереді, сұраныс өзгерсе – біздің қызмет көрсету мәдениетіміз де соған сай дамуы қажет. Сондықтан этикалық стандарттарды өзгеретін контекстке қарай жүйелі түрде қайта қарап, жаңа сын-қатерлерге уақытында жауап беру – бүгінгі мемлекеттік қызметшінің басты міндеті,-деді Фарида Төлегенқызы.

13 жылдан бері мемлекеттік қызметте табанды еңбек етіп келе жатқан Тұщықұдық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Меруерт Низамиқызы да семинардың қатысушыларының бірі болды. Ол өз кәсіби жолын есепші қызметінен бастап, бүгінде бас маман деңгейіне көтерілген тәжірибелі маман. Ол  үшін мұндай жаңашыл семинарлар — тұлғалық әрі кәсіби өсуге жол ашатын маңызды шаралар.

 

 

–    Бұл семинар біз үшін өте пайдалы болды. Күнделікті қызмет барысында кездесетін жағдайларға байланысты нақты түсініктер мен дұрыс бағыт-бағдар алдық. Фарида Төлегенқызының дәрісі этикалық нормалардың тек талап емес, әр мемлекеттік қызметшінің ішкі мәдениетіне айналуы керектігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алған ақпараттың бәрі құнды, жұмыста қолдануға болатын практикалық кеңестерге толы болды. Сонымен қатар, қатысушылар арасында тәжірибе алмасу, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары, міндеттер және қызмет барысындағы этика мәселелері кеңінен талқыланды. Мемлекеттік қызметтің маңыздылығы мен жауапкершілігін арттыру жолындағы мұндай семинарлар – кәсіби дамуға үлкен серпін береді,-дейді ол бізбен болған әңгімесінде.
Integrity және Compliance мәдениетін нығайтуға бағытталған бұл көшпелі семинар қатысушыларға қазірдің өзінде жаңа түсінік, жаңа кәсіби серпін беріп отыр. Шара әлі жалғасып жатқанымен, алғашқы күндері-ақ мемлекеттік қызметшілердің этика, мінез-құлық нормалары және өзгермелі ортаға бейімделу тақырыптарында терең әрі мазмұнды ақпарат алғаны байқалады.

Семинардың алдағы күндері де мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға бағытталған тың білім мен тәжірибе ұсынатыны сөзсіз.

 

 

 

Ж.МАНСЫРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT