Қызметін ел игілігіне арнаған ардагер – отбасымен бірге азаматтық таңдауын жасады

 

Бүгін Қамысқала ауылдық округіндегі Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектеп ғимаратында орналасқан №128 сайлау учаскесінде ауыл тұрғындары ел болашағына бейжай қарамай, жоғары азаматтық белсенділік танытуда. Таңғы сағаттардан бастап-ақ сайлау учаскесіне келушілер легі үзілген жоқ.

Бұл күн – ауыл тарихындағы ерекше белес. Себебі енді ауыл басшысын аудан әкімдігі емес, халықтың өзі таңдайды. Бұл – еліміздегі демократиялық үдерістердің айқын көрінісі, жергілікті қоғамдастықтың өз тағдырына жауапкершілікпен қарауының белгісі.

 

 

Саяси науқанға қатысқан ардақты азаматтардың бірі – Атырау облысы мен Исатай ауданының «Құрметті азаматы», мемлекеттік қызметтің ардагері Жайдарбек Зайдоллаұлы. Ол жұбайы Нұра Мырзағалиевамен бірге сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Ардагер бұл үрдісті өмірлік дәстүрге айналдырғанын айтты.

– Бүгінгі күн – ауылымыз үшін тарихи сәт. Бұрындары ауыл әкімін аудан басшылығының шешімімен тағайындайтын болсақ, бүгінде ауыл тұрғындары өз үміткерлеріне дауыс беру мүмкіндігіне ие. Бұл – халық сенімінің, ел еркіндігінің көрінісі. Барша ауылдастарымды осы маңызды саяси науқанға белсене қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырамын, – деді Жайдарбек Зайдоллаұлы.

 

 

Қамысқала жұртының белсенділігі мен ұйымшылдығы – ауылдағы азаматтық сана мен елжандылықтың айғағы. Бұл – өскелең ұрпаққа үлгі, елдің ертеңіне деген сенімнің көрінісі.

Айта кетейік, дауыс беру процесі бүгін кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT