Салауатты өмір салтын ұстану дені сау ұлт қалыптастырудың маңызды шарты екені сөзсіз. Бұл тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның әл-ауқатын арттырудың негізі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салауатты өмір салтын ұстану дені сау ұлтты қалыптастырудың басты шарттарының бірі екенін үнемі атап өтеді. Сондықтан ішімдіксіз қоғам құру бастамасы бүгінгі таңда ұлттық деңгейдегі өзекті мәселе болып отыр. Осындай игі бастама жақында Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты Қызыл үй елді мекенінде көтерілді.
Қызыл үй – 265 тұрғыны бар шағын елді мекен. Алайда оның ерекшелігі – соңғы бес жылда бірде-бір қылмыс пен құқық бұзушылық тіркелмегендігі. Бұл көрсеткіш – елді мекеннің ішкі мәдениеті мен тұрғындардың өмірге деген жауапкершілігінің айқын дәлелі. Осының арқасында ауылға «ішімдіксіз ауыл» деген бейресми атау ұсынылып отыр. Кезекті жиында Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Айбатыр Бекішов елді мекен тұрғындарымен кездесіп, ауылдың өзекті мәселелерін талқылаумен қатар, ішімдіктің зияны туралы маңызды әңгіме қозғады. Әкім өз сөзінде ішімдіктің адам өміріне тигізер зиянын ғана емес, оның отбасылық құндылықтар мен қоғамға әсерін де атап өтті.
Жиын барысында Исатай аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Равиль Қабиев елді мекеннің құқықтық тәртібі жайлы баяндама жасады.
– Өткен жылы аудан көлемінде қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, қылмыстарды ашу және әкімшілік жазаларды орындау бағытында бірнеше профилактикалық іс-шара өткізілді. Соның нәтижесінде аудандық полиция бөліміне тіркелген қылмыс саны 67-ден 52-ге дейін, яғни 22,4%-ға төмендеді. Алайда мас күйінде жасалған қылмыстар саны бірден үшке дейін өсті, ал қылмыстардың жалпы 60%-ы маскүнемдікпен байланыс-ты. Дегенмен Қызыл үй елді мекенінде соңғы бес жыл ішінде мұндай оқиғалар тіркелген жоқ. Ішімдік ешқашан жақсылыққа әкелмейді. Сондықтан осы ауылда ішімдікті ішуді, сатуды, сатып алуды тоқтатып, «ішімдіксіз ауыл» атауды ұсынамын. Ауылымызда алкогольдік ішімдік сататын дүкен де жоқ. Бұл басқа ауылдарға үлгі болып, ішімдік ішуді азайтуға, ауылдың тыныштығын сақтауға өз септігін тигізеді деген ойдамын,-деді Равиль Қабиев.
Бұл ұсынысқа ауыл тұрғындары мен ардагерлер кеңесінің өкілдері бірауыздан қолдау білдірді. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Насимуллин бұл бастаманың өзге ауылдарға үлгі болатынын атап өтті.
– Қызыл үйдің ішімдіксіз ауыл атануы – ауданымыз үшін маңызды оқиға. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз және ауданда алкоголь сатпайтын дүкендерді көбейту қажеттігін де айтамыз,-деді ол.
Қызыл үй елді мекенінің тұрғыны Амангелді Сарин де ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдіріп, бастаманың сәтті жүзеге асуына тілек білдірді.
Жиын қорытындысында Қызыл үй елді мекенінде ішімдікті ішу, сату және сатып алу тоқтатылып, ауыл «ішімдіксіз ауыл» мәртебесін алатын болып шешілді. Бұл бастама Исатай аудандық әкімдігіне жолданып, құқық бұзушылық тіркелген жағдайда заңға сәйкес шаралар қабылданатыны ескертілді. Ауыл тұрғындары бұл шешімді қолдап, оны толықтай жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Бұл бастама ауылдағы тыныштықты сақтауға ғана емес, жалпы елді салауатты өмір салтына бейімдеуге ықпал ететін маңызды қадам болмақ. Қызыл үйдің үлгісі өзге ауылдар үшін де жол сілтер бастама болары сөзсіз.
Жайна МӘЛІМҚОЖА