Қызыл үй негізгі мектебінің жаңа ғимараты салтанатты жағдайда пайдалануға берілді.
Жексенбіде Тұщықұдық ауылдық округіндегі Қызыл үй елді мекенінде өткен «Алғашқы қоңырау» салтанатында көпшілік ашылуын асыға күткен білім ордасы тұсауын кесті.
Аудан әкімі мен орынбасарлары, аудандық бөлімдер басшылары мен мәслихат депутаттары, ардагерлер өкілдеі мен ауыл тұрғындары қатысқан шарада жаңа мектеп үйінің салынуына бастамашы болған аудан, облыс басшылығы атына, демеушілік еткен «NCOC» компаниясына және құрылыс жұмыстарын жүргізген «ТоныкөкҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аттарына көпшіліктің құрметі мен ризашылығы көп болғанын алдымен айта кеткен жөн.
Жырақтағы ауылға жаңа мектеп үйін сый еткен жиында аудан әкімі Марат Мурзиев сөз алып, қызылүйліктер мен қатысушылардың баршасын салтанатты сәтпен құттықтады, аталған компания мен құрылыс мекемесі басшылығына арналған аудан әкімінің алғыс хаттарын олардың өкілдеріне табыстады.
Ал «ТоныкөкҚұрылыс» мекемесі өкілі Тоқтар Жылқыбаев мектеп директоры Қабыл Ғұбашевқа символикалық кілті табыс етті, еңселі мектеп үйінің керме лентасын ауданымыздың Құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласы ардагері Шәріп Сыдихов пен «NCOC» компаниясы өкілі Константин Чилманов және мектеп басшысы Қабыл Ғұбашев қиды.
Жаңа мектепте алғаш өткен «Алғашқы қоңырау» салтанатында мектеп басшысы Қ.Ғұбашев білім ұясының қол жеткен жетістіктері мен алдағы жоспар-жобаларын көпшілікпен бөлісіп, осынау қуанышқа ортақтаса жеткен баршаға ризашылығын жеткізді. Жаңа ғимаратта алғашқы қоңырау үні де сыңғырлап, ата-аналар атынан Алтын алқа иегері Балжан Сапашева, осы білім ұясының негізін қалаған Қызылтөбе мектебі табалдырығын 1969 жылы аттап, арада 50 жыл өткенде сағына ат басын тіреп, қызылүйліктердің қуанышын бірге бөліскен түлектер атынан белгілі журналист, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов құттықтады.
Сөйтіп, жырақтағы ауылда жаңа мектеп үйі пайдалануға беріліп, барша мектеп ұжымы мен ауылдастар ән шырқалып, би биленген шырайлы шараның куәсі болды.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР