ҚЫЗЫЛҚОҒАДА ХАЛЫҚ БАТЫРЫ МЫҢБАЙҒА КЕСЕНЕ АШЫЛЫП, АС БЕРІЛДІ

Күні кеше «Алдоңғар-Темір» қорының ұйымдастыруымен Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау ауылының «Киікші» қорымында халық батыр Мыңбай Құлғараұлына кесене ашылып, ас берілді. Оған Қарабау ауылының тұсынан тоғыз ақ шаңқан киіз үй тігіліп, Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Түрікстан, Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облысының барлық аудандарынан 500-ден аса ағайындар мен батырдың ұрпақтары, құрметті қонақтар қатысты.

Атырау облысының бас имамы Амангелді Ұтысханұлы батырдың рухына арнап, дұға бағыштады. Асты осы шараның басты ұйымдастырушыларының бірі, «Алдоңғар-Темір» қоры алқасының төрағасы Сайпеден Сидеғалиев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Шарада «Меридиан Петролеум» компаниясының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, геология-минерология ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылқоға ауданының Құрметі азаматы Балтабек Қуандықов, қоғам қайраткері Жандарбек Кәкішев және тағы басқа да азаматтар құттықтау сөз сөйледі. Сахна төріне Қазақстан Республикасының Құрметті автокөлікшісі Бағыт Меңдешов, Жылыой,Исатай аудандары мен Атырау облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Нұрпейіс Мақашев көтеріліп, батыр туралы деректерді Ресей архивтерінен іздеп табушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы,профессор Әбілсейіт Қапизұлы Мұқтарға, батыр кесенесін салуға зор еңбек сіңірген батыр ұрпағы, маңғыстаулық Қайрат Спанұлы Нұрғалиевке, дала сазгері Есбай Балтаұстаұлының 29 күйін нотаға түсірген, күйші туралы «Күй тәңірдің күбірі» атты кітаптың авторы, «Құрмет» орденінің иегері, алматылық күйші Айтжан Тоқтағанға, бәйгеге автокөлік сыйлаған «Мактуб» қайырымдылық қорының негізін қалаушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері Ерлан және Әсет Исекешовтерге, осы қайырымдылық қорының атынан Ресей Федерациясы Астрахан облысынан келген бауырымыз Еламан Ысқақұлы Қансұлтановқа ат мінгізіп, құрмет көрсетті. Сондай-ақ батыр кесенесін іздеп табушы арабист, мәтінтанушы Сайпулла Моллақанағатұлына Қазақстан теміржол ҰК АҚ Атырау филиалының жауапты қызметкері Жәнібек Кубеевке, жол құрылысы саласының инженері Сұңғат Кәменұлы Құсайыновқа, Бөкен би кесенесін жөндегені үшін Ләззат Сарсекенқызы Биляшоваға шапан жауып, алғыс хаттар берілді. 

Бұдан кейін шара дала сазгері Есбай Балтаұстаұлының күйлерін насихаттаушы күйшілердің арасындағы сайысқа ұласты. Сахнаға Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарынан келген Құрманғазы Асылханов, Алмаз Жетібаев, Жарас Сатыбалдиев, Жәнібек Жәмиев шақырылды.Бұл күйшілердің барлығы да өзіндік орындау шеберліктері қалыптасқан, есімдері республикаға, халықаралық байқауларға таныс азаматтар. Олар бірінен соң бірі сахнаға шығып, Есбай бабамыздың «Терісқақпай», «Бегімсалы», «Өттің дүние», «Ел айырылған» күйлерін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Қорытындысында бәріне де бірдей құрмет көрсетіліп, марапаттау шаралары алынды.

Ас берудің ең қызығы ат бәйгесі болды. Отыз шақырымға созылған тоғыз айналымдық шабысқа республикамыздың әр облыс пен аудандардан он алты жүйрік қатысып, бәйгенің көрігін қыздыра түсті. Бәйге десе делебесі қозатын жарыста біздің облыстан қосылған жүйріктер де біразға дейін алдын бермегенімен, «жүйріктің аты –жүйрік» дегендей, соңғы айналымда кіл мықты аттар бірте-бірте алға суырылып шығып, мәреге жақындай түсті. Сонымен лақап аты «Жебе» деп аталған (ат иесі Ернар Сатпаев, шабандозы Ырысбек, бапкері Аңсар Ишенгалиев) батыс қазақстандық жүйрік көмбеге бірінші келсе, екінші және үшінші орындар Атырау облысы, махамбеттік «Бөкен торы» (ат иесі Еркін Орынбасаров, шабандозы Ерқанат Нұрқанатұлы, бапкері Еркін Орынбасаров) мен Атырау облысы, Құрманғазы ауданынан келген жүйрік ( ат иесі Расул Қабдыжәлелов, шабандозы Тәжі Шәкәрім, бапкері Хайырболат Жанарыс) «Қозы күреңге» бұйырды. Сөйтіп бас жүлдені, яғни автокөліктің кілті салтанатты түрде Орал қаласынан келген шабандоз бала Ырысбекке табысталды. Жүлделерді «Мактуб» қайрымдылық қорының өкілі Еламан Ысқақұлы мен Атырау облыстық атбегілер федерациясының басшысы Марат Өтеков тапсырды. Сол күні ұлттық ойынымыз қазақ күресінен де сайыс өтті. 70 кг дейінгі сайдың тасындай білегі мықты он үш палуан қатысқан белдесуде миялылық жігіттер оза шауып шығып, бәйгені ешкімге бермеді. Нәтижесінде Нұрболат Ізімғалиев бірінші, Бекарыс Мұратұлы екінші, Бақытжан Нәрешов үшінші орынды иеленді. Ал Қолқанат Ізімғалиев пен Әділбек Айтқалиға «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы бойынша жүлде берілді.

                                                                                                   Аяпберген САЛИХОВ

                         

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT