ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

Отбасы – адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. «Дәулет – есіктен ақыл – бесіктен», демекші, тәрбие отбасынан бастау алады. Отбасының екі тірегі – әлпештеген әке мен аялаған ана. Осындай ынтымағы жарасқан үлгілі отбасылардың бірі – Қарабалиндер отбасы.

Қарабалиндер отбасы - қадірлі де қасиетті мамандық саналатын ұстаздар отбасы. Шаңырақ иесі Қарабалин Хайролла аға - қазіргі Х.Ерғалиев ауылының тумасы. Мектеп бітірісімен Музыкалық колледжде оқып жүріп, әскер қатарына алынады. Отан алдындағы борышын Қиыр Шығыста өтеп келеді. Әскерден келгеннен кейін кеңшарда құрлысшы, спорт нұсқаушысы болып қызмет жасады. Және 1976 жылы Гурьев педагогикалық институтына оқуға түсіп,1980 жылы тәмәмдаған. Новобогат орта мектебіне саз пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасты, интернат меңгерушісі болып қызмет атқарды. Саз мектебінің директоры болып қызмет атқарады. Зейнетке шықса да сол мектепте күні бүгінге дейін ұстаз болып қызмет атқарып жүр. Хайролла ағаның ұстаздық жолды таңдауына ең бірінші, отбасындағы тәрбие, екіншіден, білім нәрімен сусындатқан мұғалімдері әсер еткен. Ұстаздың жары Гүлсара апай да орыс тілі пәні мұғалімі. Бұған қоса, директордың орынбасары болып қызмет атқарған. Зейнетке шыққаннан кейін де үзбестен ұстаздық қызметте. Ұстаз болып қызмет атқарғанына  биыл 50 жыл толады.  1974 жылы Х.Ерғалиев ауылына  жолдамамен келген Гүлсара апайымызбен Хайролла ағай  осында танысып, отау құрған. Қырық тоғыз жыл отасқан ағай мен апайдың қазіргі таңда төрт қыз, бір ұлы бар. Олардан төрт немере, он төрт жиен бар. Ұстаздың жарының айтуынша, отағасы мектепте талап еткен тәртібін үйден де талап етеді. Отбасындағы шаруашылықтың ешбіріне араластырмай, ұстаздық қызметіне бар жағдай жасаған да,  осы Гүлсара апамыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, қос ұстаздың ұл-қыздары да осы саланың мамандары. Балауса мен Айбар дене тәрбиесінің мұғалімдері, Қызғалдақ есімді қызы  спорт мектебінде болса, Сая ағылшын тілінен сабақ береді. Ал,  Асыл қыздары қалалық әкімдікте қызмет атқарады. Қолындағы шаңырақтың ұйтқысы Айымгүл келіні де осы салада. Музыка пәні мамандығының ұстазы.

Ибраим Қарабалиннен тараған 8 баланың екеуі ұстаздық жолды таңдаған, әулетіндегі ұл-қыздары мен келіндері және немерелері де ұстаздық жолда. Қайролла аға алдыңғы буын ағаларына қарап бой түзесе, ағаның інілері енді бұл кісінің өзін үлгі тұтып, ұрпақтар жалғастығын жалғастыруда. Бүгінде әулеттегі ұстаздардың саны 15-ке жетіпті. Жиендері Ардақ орыс тілі пәнінің мұғалімі болса, Нұрлы информатик болып еңбек етеді.

Ұстаз шәкіртімен мәңгі мәуелі. Хайролла ағай өзінің ұстаздық еңбегі арқылы көптеген жастардың өмірден өз орнын табуға көмектескен. Қазір ағайдың шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде әр түрлі салада абыройлы еңбек етуде. Ағамыз баян аспабынан бөлек домбыра, гитара, скрипка да ойнай алады. Қазақтың небір күйлерін шебер орындаумен бірге, шығу тарихын да есінде жақсы сақтаған. Ұрпақ тәрбиесі жолында елу жылдан астам уақыт  бойы еңбек еткен ағаның балалары әкенің тәрбиесін көріп өскен. Тәрбие мен өнерді сіңіріп, болашақтарына бағдар беріп, жол сілтеген. Екі ұстаз да жоғары санатты мұғалімдер. Еңбек ардагері, облыс, республика, облыс әкімінің Алғыс хат иегерлері. Мектепте іскер, білікті басшы болса, зейнет жасында ауыл мен ауданның қоғамдық өміріне араласып, халықтың ардақты азаматы атанған Қайролла аға бүгінде 72 жаста. Білім беру ісінің үздіктерінің өнегелі өмір жолдары - көпке үлгі. Қарабаллиндер отбасы ғалым да, шахтер да бас иетін ұстаздық қызметтен өз бақыттарын тапқан жандар.

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT