Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінен үлкен әсер алдым. Онда «Нұр Отан» партиясының жаңа бағыт-бағдары айқындалып, бүгінгі көкейкесті маңызды мәселелер көтерілді. Әсіресе, маған Елбасының «Әл-ауқаттық қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы ерекше ұнады. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты - алдағы онжылдықта әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейінің сапасын арттыруға бағытталған.
Жаңа бағдарламаның кіріспесінде: «Ешкім де назардан тыс және қолдаусыз қалмауы керек» деп анық жазылған. Былайша айтқанда, еліміздегі жетекші партия әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін сапалы арттыру үшін елді жүйелі жаңғыртуды көздеп отыр.
Елбасы съезде «белсенді әлеуметтік саясатқа көшу, әркімге қолжетімді болашақ білімді қамтамасыз ету, дені сау адамдардың мықты ұлтын қалыптастыру, жалпыға бірдей әл-ауқат мақсаттарында экономиканың өсуі, қоғамның әл-ауқатының негізі ретінде бизнесті қолдау, азаматтардың қолайлы өмір сүруі үшін жағдай жасау, азаматтардың мүддесінде мемлекеттің тиімділігін арттыру секілді алдағы онжылдықта жүзеге асырылмақшы кезек күттірмес өзекті мәселелерге ерекше тоқталып өтті.
Партияның жаңа бағдарламасындағы басымдылықтардың бірі - ұлттың әдеттері мен психологиясына өзгеріс енгізу. «Нұр Отан» осы мақсатта қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге ықпал ету, зиялы қауымның басқа елдердегі әріптестерімен қарым-қатынасын ынталандыра отырып, шетелдік әріптестермен мәдениетаралық және ғылыми байланыстарды дамыту бағытында жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар, жаңа бағдарламада қоғамға жаңа қадам жасап, қоғамдық келісім парадигмасынан қоғамдық бірігу парадигмасына өту қажет деп санайды. Елімізде тұратын барлық этностық топтардың өкілдері арасында қазақ халқының тілін, тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік қағидаттарын танымал ету жөніндегі қызметі де жандандырылмақ.
Құттыбай РАХМЕТОВ,
аудандық соқырлар қоғамының төрағасы.