Қаймана қазақтың қаймағы бұзылмаған мекені – ауыл. Өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, қазақтың қазақ болып қалыптасуында ауылдың орны бөлек. Сондықтан ауыл тұрғындарының жай-күйі мен тұрмыс-тіршілігі қашанда маңызды. Уақыт көшіне ілесіп, әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан заман талабынан табылуға тырысқан ауданның жеті ауылдық округі орталықтары саналатын ауылдарымызға да қатысты бұл. Солардың бірі – Жанбай ауылдық округінің орталығы Жанбай ауылы. Округ әкімі Ерлан Ескендірұлы Мақсотовпен әңгімеміз негізінен ауылдың әлеуметтік хал-ахуалы төңірегінде өрбіді.
- Өткен жылдың қорытынды мәліметтеріне көз салсақ, округте күні бүгін 3295 тұрғын бар. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жөніндегі әңгімемізді осы төңіректен өрбітіп әкетсек болар дегенге қалай қарайсыз?
- Әрине, бәрі сол ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігіне қатысты атқарылып жатқан тірліктен түзіледі ғой. Бұл ретте сіз айтып отырған халық санын санаттары бойынша саралап көрсек, олардың 264-і зейнеткер жандар болып келеді. Сондай-ақ, 103 әртүрлі топтағы мүмкіндігі шектеулі адамдар бар. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағылары – 1190-ды құрайды, 230-ы студент болса, өзін-өзі қамтитындар (бала күтімі, үй шаруасы, маусымдық жұмыс, шаруа қожалығы, жеке еңбек қызметі, т.б) 306 да, 94 адам ресми тіркелген жұмыссыздар санатында. Ауылдастардың 1017-сі тұрақты жұмыс жасайды, жұмыссыздық деңгейі – 6,9 пайыз.
- Жалпы, қай уақытта да әлеуметке қызметтің әлеуеті маңызды болып келгені белгілі және солай бола бермек. Осы ретте ауылдықтарды алдымен мазалайтыны - жұмыссыздық жайы. Бұл бағыттағы жұмыс қалай жүріп жатыр екен?
- Әлеуметтің әлеуетін көтеруде жұмыссыз жандарды жұмыспен қамту басты назарда екендігі сөзсіз. Сол ауылдастардың бірі өз мамандығына сай келетін жұмыс таппаса, бірі мемлекеттік бағдарламаларға жүгінбейді. Десек те, тұрғындардың екі қолға бір күрек табуы үшін мүмкіндіктер де жоқ емес.
Мәселен, жұмыссыздықты азайту бағытындағы әрекеттердің нәтижесінде былтырғы жылы округ бойынша 23 адам әлеуметтік жұмысқа орналасты. Ал 71 адам тұрақты жұмыс тапты. 42 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, 10 жас азамат жастар тәжірибесіне алынды. Биыл да 18 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып отыр.
- Қазір ауылдағы атқарылып жатқан жұмыстардың дені сол әлеуметтік ахуалды оңалтуға бағышталатыны анық. Бұл ретте кәсіпкерлік саласындағы қолға алынып отырған шаруалардың да бір көздегені осы жұмыссыздықты жою, азайту бағытында ғой.
- Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытудағы мақсат-мүдденің бір тармағы осы жұмыссыздықтың азаюына, жойылуына септесу болып келе жатқаны өз-өзінен түсінікті жайт қой. Сондықтан да шағын және орта бизнесті дамытудың рөлі ерекше әрі кәсіпкерлік қызметіне қолдау жасау ауыл үшін де ең маңызды мәселелердің қатарында. Бұл және еліміз егемендік алып, тәуелсіздігінің туын тіккен сәттен бастап қолға алынып келе жатқан шаруалардың бірі екені де көп жайтты аңғартады. Соның нәтижесінде сол алғашқы уақыттарда бірді-екілі сауда нүктелері ғана бар ауылда қазір ондаған дүкен, мейрамхана, шайхана сияқты орындар тұрғындар мен келушілерге қызмет көрсетіп отыр. Екінші жағынан, бұлар өз кезегінде ауылдағы жаңа жұмыс көздерінің ашылуына жасалған мүмкіндіктер болды. Мұның бәрі, жоғарыда айтылғандай, жұмыссыздықты жоюға, халықтың әлеуетін жоғарылатуға бірден-бір мүмкіндік болмақ деген сөзімізді нақтылай түседі. Осы бағытта ауылдық округ бойынша «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Бастау – бизнес» жобасы аясында өткен жылы 9 тыңдаушы оқытылып, грант алу үшін тапсырылған құжаттар 9 болды, грант алғандар - 5. Округ бойынша басқа да атқарылып жатқан жұмыстар бар.
- Ауыл адамдарының әлеуметтік жағдайларының оңалуына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың да септігі аз емес. Оны жанбайлықтар да толық сезініп отырған болар?
- Әлеуметтік мәселеде мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулар өз алдына бір бөлек. Мәселен, былтырғы жылы ауылымыздағы 4 отбасы 276 000 теңге біржолғы материалдық көмегін алды. Ал 5 отбасының біржолғы материалдық көмегін алуға өтініші жіберілді. Үш отбасындағы 20 адам атаулы әлеуметтік көмек алды. Сегіз жалғызбасты зейнеткер қария мен 2 мүмкіндігі шектеулі бала әлеуметтік қамқорлыққа алынып, оларға 3 әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетіп келеді. Жалпы, ауылдастардың белгілі бір санаттағыларының өздеріне тиесілі сол көмек-қолдауларды уақытылы алуларына септесуде олар бойынша түсініктер жүргізіп, құжаттарын дайындауда, басқа да жағдайларда қолұшын беріп отыруға сергектік танытатын ауылдық округ әкімі аппараты қызметкерлерінің еңбегі аз емес. Былайынша айтқанда, бұл тұрғыда бәрінің де ниеті түзу, мақсаты ортақ.
- Ауылдағы әлеуметке қызметтің әлеуеті туралы айтқанда, Қарттар күні, қайырымдылық айлықтары кезінде де қолға алынатын істер аз емес. Мұны, тіпті, берік дәстүрге енген істер десе болады әрі қамқорлық, қайырымдылық деген халқымыздың қалпында бар қасиеттер саналады емес пе?
- Шындығы керек, сіз айтып отырған халықтық қалпымыз қазіргі ауыл тірлігінен де анық байқалады. Бұл істе жыл сайын жақсы қырынан көрініп келе жатқан кәсіпорын, мекемелер де бар. Солардың бірі - «Потенциал Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесі. Округ аумағында орналасқан аталған кәсіпорын Қарттар күні, қайырымдылық айлығы кезіндегі шаралардан сырт қалмайды. Мәселен, өткен жылы олар қаржылай көмек беру арқылы 1-қазандағы Халықаралық қарттар күні және қайырымдылық айлығына орай мерекелік шаралар ұйымдастырып, қаржылай көмектер берген. Оған шақырылған еңбек ардагерлеріне, жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға құрмет көрсетілді.
Ауылдық округ әкімі тарапынан ауылдағы мерейлі 90, 70 жасқа толған қарттарға құттықтау ұйымдастырылып, көңіл бөлінуі де үлкендерімізді бір риза еткен іс болды.
Осы Қарттар күні және «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Ақ жол құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығы да 1 қазанда әлеуметтік аз қамтылған, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектердің ауласындағы қоқыстарын тазалауға техникаларымен тегін көмек етуді ұйымдастырғаны құптарлық болды. Мұндай істер алдағы уақыттарда да жалғасын таба береріне, басқа да мекемелер, серіктестіктер мен шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер мұндай шаралардан тыс қалмасына сенімдіміз.
- Басқа уақыттарда да көмек, қолдаулар болып тұратын шығар?
- Әрине, әр уақытта да осындай игі істер атқарылып тұрады. Мәселен, Құрбан айт мерекесіне орай жоғарыда айтылған «Потенциал Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымы ауылдық округ бойынша аз қамтылған жеті отбасына ет өнімімен де көмек берді. Сонымен қатар, осал топ балаларына мерекеге орай сыйлықтар жасады. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығына баспасөзге жазылу жүргізілген кезде аудандық «Нарын таңы» және облыстық «Атырау» газеттеріне аз қамтылғандар, зейнеткерлер, мүгедектер мен тыл ардагерлерін жарты жылға жазуға демеушілік жасаған да осы мекеме.
Тамыз айында «Мектепке жол» акциясы өтіп, аз қамтылған отбасылар балаларын демеушілік арқылы мектеп құралдарымен қамтамасыз ету жүзеге асты. 61 балаға қаржылай көмек беріліп, ата-аналарының есепшотына аударылды.
«Жаңа жыл» мерекесі қарсаңында ауылымыздағы ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім, жартылай жетім, мүгедек және көп балалы отбасыларындағы балаларға «Потенциал Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы, «Даулет нан» мекемесі және ауыл кәсіпкерлері қаржылай, заттай демеушіліктер жасағанын айта кетуге болады.
- «Бірінші байлық – денсаулық, ...» демекші, ауыл адамдарына көрсетілетін дәрігерлік қызмет те әлеуметтік мәселелердің әлеуеттілігі көрініс беретін тұстардың бірі. Жанбайдағы бұл істің жайы қалай?
- Жалпы, өмірде бастың амандығы, деннің саулығы бірінші тұратын мәселе ғой қайда да. Біздің Жанбай дәрігерлік емханасында күндіз жатып ем қабылдау үшін 5 төсектік орын жұмыс жасайды. Емханада жоғары білімді бір маман дәрігер, он бір орта буын медициналық қызметкер жұмыс жасайды. Жасыратыны жоқ, жоғары білімді дәрігер мамандар басқа жұмысқа немесе қалаға, басқа да жерлерге ауысып кетуіне байла-нысты мамандар тапшылығы орын алуы – шешімін табуы керек мәселе.
Ауыл емханасы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Жаңадан арнайы жедел жәрдем көлігі сатып алынып берілуі көп көмек болды. Округ бойынша алғанда, өткен жылы 700 адам дәрігерге қаралып, ем алған екен. Ауыл емханасының жұмысы алға басуы сол ауыл адамдары үшін керек. Осы ретте ауылдастарының жайын ойлаған кәсіп иелері тарапынан да оған қолдау болуы құптарлық. Мәселен, өткен жылдың соңында ауыл кәсіпкері Нағидолла Алишев Жанбай дәрігерлік емханасына демеушілік жасап, керекті құрал-жабдықтарын алып бергенін айта кетсек болар еді.
- Өзі тұрып жатқан ауылдың ажары мен базары тарқамауы тек бір әкімге, болмаса сондағы жақсылықты істерге шыр-пыр болып жүретін кейбір белсенді азаматтарға ғана қатысты емес. Мәселен, ауылдың тазалығы ондағы барлық тұрғындардың өзіне байланысты. Өйткені олардың ертең елге тұтқа болар балаларына таза ауада тыныстап, демалар ортасы екені, әсем келбетіне қарап қуаныш етер мекені, айналаның тазалығы дегенде үлгі де етері осы өз ауылы болмаққа керек қой.
- Ендеше бұл да әлеуметтік мәселе дейсіз ғой. Мұны негізінен ауыл ауыл болғалы айтылып келе жатқан мәселелердің бірі деуге болады. Өйткені ол сол ауыл үшін, ауыл адамдары үшін керек. Қазір де ауыл, көше тазалығы жыл бойына үнемі назарда ұсталынып, күнделікті бақылауға алынып отырады.
Күні бүгін ауыл тазалығын жұмыссыздық арқылы алынған ақылы қоғамдық қызметтегілер және «Р.Құрасов» шаруа қожалығының сенімгерлік басқаруындағы бір трактор атқарып келеді. Көктемгі және күзгі тазалық айлығы кездерінде әр сенбі күндері ауыл іші, ауыл іргесімен өтіп жатқан канал бойына ауылдағы мекемелер ұжымдарының, жекелеген тұрғындардың қатысуымен тазалық жұмыстарын да жүргізіп отырамыз. Бұл істің әлеуметтік мәні де барын ұғынған ауылдастар өз үйлерінің айналасын, көшелерін барынша таза ұстауға дағдыланып келеді.
Жанбай ауылдық округі бойынша өткен жылы 650 дана тал алынып, саябаққа, мекемелер айналасына тал көшеттері отырғызылды. Биылғы да ауылды көгалдандыру мақсатында тал-теректер отырғызу жоспарлануда. Бір қуанарлығы, былтыр ауылішілік жазғы су желісі құрылысы басталып, жүргізілуде. Бұл – ауыл тұрғындарының өз үйлерінің айналасына тал өсіріп, сол арқылы ауылдың көгалдануына үлес қосуына, шарбақтарына бау-бақша салуына деген мүмкіндік.
Ауылда тазалықпен бірге қоғамдық тәртіптің сақталуы да сол халық үшін. Жанбай, Нарын, Исатай, Зинеден ауылдық округтері қарайтын Жанбай полиция бөлімшесі 13 штаттық құрамда жұмыс жасауда. Алдыңғы жылы округте 2 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, екеуі де (ұрлық) ашылды. Соңғы уақытта етек алған алаяқтық ауылға да жетіп, өткен жылы тіркелген 2 қылмыстық құқық бұзушылық осы алаяқтық әрекет болды. Өкінішке қарай ашылған жоқ.
- Ауыл тұрғындарына көрсетілер бір қолдау – арыз-шағымдармен жұмыстан көрініс береді емес пе?
- Әрине, жалпы ауылда атқарылып жатқан жұмыстың дені әлеумет үшін. Бұл тұрғыда ауылдық округ әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінде «Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы» мен «Egov.kz» порталы арқылы 700 әртүрлі анықтама беріліп, қызмет көрсетілді. Ауылдық округ әкімінің жеке қабылдауы ұйымдастырылады. Өткен жыл ішінде жеке қабылдауға келген 34 адамның мәселесі оң шешілді. Сонымен қатар 32 арыз келіп түсті, барлығына уақытылы жауап берілді.
-Соңғы сауал. Әлгінде жасалынар жұмыстың дені әлеумет үшін екенін айтып қалдыңыз. Әңгімеміздің соңында ауылда биыл атқарылар жұмыстар жөнінде білсек.
- Өткен жылы ауылдың Есқалиев көшесі бойынан балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілсе, дәрігерлерге арналған қызметтік тұрғын үй де жөндеуден өткізілген болатын. Биыл да жасалынып жатқан және жоспарланған жұмыстар бар. Олар туралы қысқаша тоқталсам, ауылдағы шекара заставасының ескі ғимаратын бұзып, орнын тегістеу алдымен атқарылмақшы. Ауылдың орталық саябағына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүреді. Ауыл көшелерін толықтай жарықтандыру мақсатында, сондай-ақ әкімшілік пен саз мектебінің ғимараттарын салу үшін жерлері нақтыланып, жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда. Ауылға жинақталған спорт алаңшасын салу үшін де жобалау-сметалық құжаттары жасақталу үстінде. Биыл осы жоспарларымыз сәтті іске асып, көптеген мәселелердің шешімі табылады деген сенімім мол.
-Әңгімеңізге рахмет!
Ауылдағы әлеуметтік қыз-меткерлердің бірі Дәмелі Садихова 2007 жылдан көмекке мұқтаж жалғызбасты қарияларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға қолұшын созып, көмек етіп келеді. –Олардың зейнетақыларын алып беру, коммуналдық төлемдерін төлеп беру, дүкеннен керек-жарағын жеткізу, дәрі-дәрмектерін алуына көмек ету мойнымда. Мерекелерде құттықтап, көңілдерін де көтеруді ұмытпаймын. Адамдарға жақсылық жасау жанымды қуантады,-дейді ол.
Мырзажан Балпанов, Жанбай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Потенциал Ойл» ЖШС жергілікті тұрғындарды тұрақты түрде баспасөзге жаздыруды жыл сайын дәстүрге айналдырып келеді. Өткен жыл соңында аталған серіктестік ауылдағы аз қамтылған, зейнеткер, мүгедектігі бар жандар мен тыл ардагерлерінен 50 адамды аудандық «Нарын таңы», 20 адамды облыстық «Атырау» газеттеріне жаздырды.
Ауылдастардың рухани азықтан құралақан қалмауына деген бұл қамқорлық та әлеуметке деген жанашырлық іс деп білеміз. Осы ретте алдағы баспасөзге жазылу науқаны кезінде осындай қолдау танытушылардың қатары көбейе түссе деген тілек бар.
Сұхбаттасқан
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР