Әлеуметтік көмек алушылар үшін тариф өзгеріссіз қалды

 

Табиғи газ – бүгінгі таңда тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, өмір сапасын арттырып отырған маңызды игілік. Алайда газды пайдалану тек ыңғайлылық қана емес, ең алдымен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да біздің басты мақсатымыз – газбен қамтамасыз ету қызметін үздіксіз жүргізумен қатар, тұрғындардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету және қолданыстағы заң талаптарының орындалуын қатаң бақылауда ұстау.

Коммуналдық қызмет саласында тұрғындарды толғандыратын негізгі мәселелердің бірі – табиғи газдың тарифі. Осыған байланысты Атырау облысы бойынша газға қатысты тарифтік өзгерістер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кезең-кезеңімен енгізілді. 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап табиғи газдың тарифі қайта қаралып, қосылған құн салығын есептегенде жеке тұлғалар үшін текше метрі 15,585 теңге, заңды тұлғалар үшін 33,109 теңге болып белгіленді. 

Ал атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар үшін тариф 6,33 теңге деңгейінде сақталды. Кейін, 1 қыркүйектен бастап тарифтерге қайта өзгеріс енгізіліп, жеке тұлғалар үшін 13,094 теңге, заңды тұлғалар үшін 35,129 теңге болып бекітілді, атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін тариф өзгеріссіз қалды. Бұл шешімдер әлеуметтік қолдауды сақтай отырып, газ жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.

Алайда табиғи газды қолжетімді бағамен жеткізумен қатар, оны қауіпсіз пайдалану мәселесі – әрдайым басты назарда. Осы мақсатта ауданда газды пайдалану ережелерін қатаң сақтау және тұншықтырғыш газбен улану қаупінің алдын алу бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Тұрғындарға қауіпсіздік талаптары туралы ақпараттар хабарламалар арқылы және ай сайынғы есептеу түбіртектерімен бірге тұрақты түрде таратылып келеді. Газ қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды тетіктің бірі – газ дабылқаққыштарын орнату. 

2024 жылы аудан аумағында 41 жеке тұрғын үйге газ дабылқаққышы орнатылып, газ желісіне қосылды. Ал өткен  жылы бұл көрсеткіш артып, 62 тұрғын үй газ дабылқаққыш орнату арқылы табиғи газ жүйесіне қосылды. Бұл – тұрғындардың өз өмірі мен отбасының қауіпсіздігіне деген жауапкершілігінің артып келе жатқанын көрсетеді. Қазақстан Республикасының «Газ туралы» Заңының 19-бабына сәйкес, әрбір жеке және заңды газ тұтынушы жылына кемінде бір рет газ қондырғыларына профилактикалық техникалық қызмет көрсету жөнінде келісімшарт жасасуға міндетті. Бұл талаптың орындалуы – газдан туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы. Осыған байланысты аудан көлемінде тұрғындармен жыл сайын кездесулер ұйымдастырылып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мамандарымен және ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар түтін мұржаларының жай-күйін бақылау да аса маңызды. Бұл бағытта ауданымызда «АймақГаз-Дымоход» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрғындарға қызмет көрсетуде. Нарын, Жанбай, Зинеден, Исатай және Хамит Ерғалиев елді мекендерінде аталған мекеме 1290 тұрғын үйдің түтін мұржасын тексерістен өткізіп, нәтижесінде 683 тұрғын үйге тиісті кесім толтырды. Осы орайда түтін мұржасының жеке тұрғынның өз иелігіндегі мүлік екенін атап өткен жөн. Сондықтан тұрғындар жылыту маусымы басталар алдында түтін мұржаларының жай-күйіне ерекше мән беріп, оны сыртынан жылы қаптамамен қаптауы қажет. Түтін мұржасына жауапкершілік тікелей тұрғынның өзіне жүктелетіндіктен, оған немқұрайлы қарамау – көмірқышқыл (угарный) газбен улану қаупінің алдын алудың маңызды жолы. Аталған тексеру жұмыстарының барлығы газдан улану қаупінің алдын алуға бағытталған. Қазіргі таңда газ желілерін жүйелеу мақсатында инвентаризация жұмыстары жүргізілуде. Осы шеңберде жеке тұрғын үйлер, мемлекеттік мекемелер мен заңды тұлғалардың газ желілері бойынша шекаралық анықтау кесімдері жасалуда. Бұл газ желілерін нақты есепке алып, қауіпсіздік талаптарын күшейтуге мүмкіндік береді. 

Осы ретте тағы бір маңызды мәселені атап өткім келеді: табиғи газды тұтынатын әрбір жеке және заңды тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес газ қондырғыларына техникалық қызмет көрсету жөніндегі келісімшартқа отыруға міндетті. Аталған талап орындалмаған жағдайда газ беру толықтай тоқтатылатынын ескерткім келеді. Бұл шаралар тұрғындарға қиындық туғызу үшін емес, ең алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтау үшін қабылданып отыр.

Біздің басты мақсатымыз –  аудан тұрғындарын табиғи газбен тұрақты, қолжетімді әрі қауіпсіз қамтамасыз ету. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын тауып, тұрғындармен ашық байланыс сақтала береді.

 

Жеңісбек ҚАБИЕВ,
«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Атырау өндірістік филиалы Исатай газ шаруашылығының директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT