Үлгілі ортаға бастар жол: «Үздік көше – 2025» байқауы өтті

 

Бүгінде ауданға қарасты жеті ауылдық округтегі көшелердің келбеті кезең-кезеңімен жаңартылып, абаттандыру және көріктендіру жұмыстары қарқын алуда. Бұл бастамалар көшелердің келбетін қалпына келтіріп қана қоймай, оларды заманауи талаптарға сай көрікті көшелерге айналдыру арқылы өңірлердің дамуына нақты үлес қосып келеді.

Ауыл инфрақұрылымын дамыту, қоршаған ортаны таза ұстау және қоғамдық кеңістіктерді тиімді ұйымдастыру елді мекендердің әлеуетін арттырып, тұрғындардың туған жеріне деген жанашырлығын күшейтетін маңызды бағыттардың бірі болып отыр.

 

 

Жақында ауданымызда  «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өңірлерді дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі – «Үздік көше» және «Таза аула» аудандық байқау қорытындыланып, марапаттау шарасы өтті.

 

 

Бұл шара  аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді.

Байқаудың басты мақсаты – ауылдық елді мекендердегі тазалық мәдениетін арттыру, тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақыру, сондай-ақ ең таза әрі абаттандырылған көшелер мен аулаларды анықтау. Бұл бастама ауыл инфрақұрылымын жетілдіруге, қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыруға және тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталды.

 

 

Осылайша аталған іс-шара «Таза көше», «Көрікті көше», «Тарихи көше», «Таза аула» атты төрт номинация бойынша өткізілді. Қатысушылар өз көшелері мен аулаларының тазалығы мен көріктендірілуін бейнелейтін арнайы бейнероликтер ұсынып, сол материалдар негізінде қорытынды шығарылған.

Байқау  Жанбай ауылдық мәдениет үйінде салтанатты түрде жарияланып, нәтижесінде «Таза көше» номинациясын Исатай ауылдық округі, «Тарихи көше» номинациясын Тұщықұдық ауылдық округі, «Көрікті көше» номинациясын аудан орталығындағы Елорда көшесі, «Таза аула» номинациясын жанбайлық Жәнібек Асылбаев отбасы иеленді. Осылайша барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Аталған жиынға аудан әкімі Нұрым Мусин, аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов, ауыл әкімдері мен дербес бөлім басшылары және де ауыл тұрғындары қатысты.

 

 

Осындай маңызды іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ринат Есқали байқауға қатысушылардың белсенділігін атап өтті.

–Аудан көлемінен жиырмадан астам өтінім түсіп, байқауға қатысуға ниет білдіргендердің қатары артты. Арнайы құрылған комиссия санитарлық тазалық, көгалдандыру, көріктендіру және эстетикалық талаптарға сәйкестік деңгейін жан-жақты саралай отырып, үздік қатысушыларды анықтады. Жоба аясында тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Таза аула» және «Таза көше» байқаулары тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, көпшілікті ортақ іске жұмылдырып отыр. «Таза Қазақстан» жобасы бүгінде экологиялық ластанудың алдын алуға бағытталған маңызды бастамаға айналып, тәртіп пен тазалықтың жаңа үлгісін қалыптастыруда. Қоршаған ортаның ластануы жаһандық деңгейде өзекті мәселеге айналған қазіргі кезеңде мұндай шаралардың жиі болуы – құптарлық іс. Қуантатыны – аталған бастамаларға жекелеген жергілікті билік өкілдері ғана емес, ауыл тұрғындары да белсенді түрде атсалысуда,– деген ол осындай бастама арқылы ауыл көшелері көркіне көрік қоса түсуде екендігін жасырмады.

 

 

Аталмыш шараға куә болып әрі «таза аула» номинациясы бойынша 3-орын иеленген қамысқалалық Меңдігерей Дүйсенғалиұлы туған жерді көркейту әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін тілге тиек етті.

– Қазақстанымыздың, ауданымыз бен ауыл-елді мекендеріміздің болашағы жарқын болсын. Жастарымыз аға буын бастаған игі істерді жалғастырып, ауылымыз жасыл желекке, гүлге оранып тұрса – ең үлкен қуаныш сол. Ауданымыз да, еліміз де жасай берсін, – деді ол.

 

 

Айта кету керек, аудан әкімдігінің осы жылы көктем және күз айларында елді мекендерді көріктендіру және санитарлық тазалық бойынша қабылдаған қаулысына сәйкес кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы жоспар аясында аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлерінің қатысуымен бірқатар сенбіліктер ұйымдастырылып, нәтижесінде 6587 адам, 63 мекеме және 115 техника жұмылдырылды. Жалпы көлемі 280 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылған.

 

 

Жалпы алғанда, «Үздік көше» және «Таза аула» байқауы тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, өңірлерді дамытуға бағытталған нақты әрі нәтижелі жобалардың бірі ретінде аудан өмірінде маңызды орын алады.

 

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT