Халықтың рухани байлығы мен ұлттың мәңгілік жүрегін айқындайтын қасиетті ұғым – өнер. Сол өнердің биігін бағындырып, талантын шыңдап, көптің ықыласына бөленген ұжымға «Үлгілі» атақтың берілуі – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Бұл марапат – жылдар бойғы тынымсыз еңбектің, ізденіс пен сахнада төгілген тердің лайықты өтеуі. Сондықтан бүгінгі есептік концерт – осы мәртебелі атаққа қаншалықты сай екендерін тағы бір дәлелдейтін маңызды сын, абыройлы міндет болды.

Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде өткен шарада «Балдырғандар» домбырашылар ансамблі, «Балдәурен» вокалдық тобы және «Аққайың» би ансамблі өнер көрсетті. Үлгілі ұжымдардың шығармашылығына облыстық деңгейде танылған өнер және мәдениет мамандары өз бағасын берді.

Атап айтқанда, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс орталығы басшысының орынбасары Ғабит Қайрекешов, мониторинг, талдау және әдістемелік бөлім басшысының міндетін атқарушы Назира Әшім, педагог-хореограф, «Жібек жолы» өнер орталығының көркемдік жетекшісі, «Номад» өнер орталығының құрылтайшысы Айгерім Хожаева, сондай-ақ Қ.Ахмедияров атындағы Нарын оркестрінің әртісі Расул Қадірбек қатысты.

Концерт үлгілі ұжымдарды таныстырған бейнероликпен ашылды. Өнер шымылдығын Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебі жанынан құрылған Үлгілі «Балдырғандар» домбырашылар ансамблі түріп, «Әлқисса», «Ерке сылқым», «Адай», «Көроғлы» күйлерін шабытпен орындап, көрерменнің зор қошеметіне бөленді.

Би өнерінің нәзіктігі мен күрделілігін ұштастырып келе жатқан Үлгілі «Аққайың» би ансамблінің кіші және үлкен топтары да көрерменді мың бұралған қимылымен тәнті етті. «Әсемдік», «Калинка», «Морячка», «Ою-өрнек», «Жез киік», «Ұйғыр» билерімен қоса, заманауи бағыттағы хореография да үйлесімді орындалды.

Домбырашылар ансамблімен бірге «Үлгілі» атақты еншілеген «Балдәурен» вокалдық тобы сахнаны әсем әнге бөлеп, «Отаным», «Ана тілім», «Балдырғандар әні», «Песня мамонтека» туындыларын орындап, көрерменнің және қазылар алқасының жоғары бағасын алды.

Шара соңында Ғабит Қайрекешов жас дарындардың өнеріне ризашылығын білдіріп, олардың шығармашылық жолына сәттілік тіледі.
Е.ЗИНЕДЕНОВ

