Премьер-Министр лауазымына қайта кіріскен Әлихан Смайылов Үкімет алдағы уақытта шешетін негізгі міндеттерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Экономиканы әртараптандыруға, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге және қосылған құны жоғары шикізаттық емес тауарлар өндірісін ұлғайтуға басымдық беріледі. Ел экономикасына, бірінші кезекте өңдеуші салаларға ауқымды инвестиция тарту бойынша іс-шаралар қабылданады. Ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс атқарылады. Сонымен қатар энергетика саласын дамыту және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелері өте маңызды. Ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. «Тариф орнына инвестиция» бағдарламасын іске асыру электр және коммуналдық желілердің тозуын төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның атап өтуінше, «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кеңейтіледі. Көлік және логистика саласының өткізу қабілетін арттыруға және халықаралық дәліздерді дамытуға басымдық берілетін болады.
«Білім беру және денсаулық сақтау салаларында қызметтердің тиімділігі мен сапасын жақсарту, сонымен қатар цифрландыруды әрі қарай жалғастыру, мемлекеттік бірыңғай цифрлық платформаны енгізу біздің жұмысымыздың маңызды бағыттары болады. Үкіметтің алдына қойылған міндеттерді шешу үшін тиісті іс-шаралар қолданылады. Парламент депутаттары өзара бірлесіп, үйлесімді және нәтижелі жұмыс жасаймыз деп сенім білдіремін», - деді Премьер-Министр.