Бар болғаны он сегіз-он тоғыз жаста еді. Олар да өмір сүргісі келді. Бірақ, өмір қағидасы – жазмыштан озмыш жоқ... Тағдыр оларды жып-жылы ұясынан шығарып алып, сұп-суық соғыстың ортасынан бір-ақ шығарды. Кім үшін? Не үшін? Неге? Сұрақ көп, жауап жалғыз – құпия!.. Бітті! Қайдағы бір тау-шатқалдың арасында өлгені өлді, өлмегені елге оралды. Өзекті өртейтіндей өкініш! Текке төгілген қан әрі оны көзімен көрген қаншама жан бар жаралы. Міне, солардың сәл де болса іштегі шерін шығару үшін ауған соғысының ардагері- Гумаров Қыдырәлі Сағырбайұлымен сұхбаттасқан едік.
-Аға, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз?
-1961 жылы дүниеге келдім. Ауған соғысының ардагерімін. Иә, соғысты өз көзіммен көрдім. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмын. Гүлсара есімді жолдасым бар. Бекзат ұлым қазір менің жанымда. Фархад балам қазіргі таңда Атырау қаласында. Екі ұлымнан он немерем бар. Үлкен қызым Атырау қаласында тұрмыста. Алты жиенім бар. Аллаға шүкір. Сүт кенжем Фариза қазіргі уақытта Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің 3 курс студенті. Өзім «Капитал» деп аталатын фирмада күзетші болып жұмыс істеймін. Бақыттымын, шүкір.
-Ауған соғысына барғанда неше жаста едіңіз? Сіз шынымен де қолыңызға қару алуға әзір болдыңыз ба?
-18 жаста едім. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін әскер қатарына шақырылдық. Әскерде екі жыл қызмет еттім. Біз әскери борышымызды өтеуге 1979 жылдың қараша айында бардық. 1980 жылы мамыр айында ауған соғысына аттандық. Әрине, соғыс болғасын қолымызға қару алуға тура келді.
-Ал, сіз үшін Ауғанстан елі деген қандай мемлекет еді? Аталған соғыс, естуімше, өте құпия жағдайда өтіпті, неге олай деп ойлайсыз?
-Ол кезде Ауғанстан өз алдына бейбіт өмір сүріп жатқан дербес мемлекет болатын. Мен оны сол кездегі солақай саясаттың кесірінен болған деп ойлаймын. Иә, дұрыс айтасың, біз алғаш барғанда, шынымды айтайын, кіммен-кім соғысып жатқанымызды біле алмай жүрдік. Тіпті ауылға хат жазғанымызда да командиріміз «осындай жағдай болып жатыр, соғысқа қатысып жатырмыз деп ешқайда жазушы болмаңыздар, ертең хаттарыңыз жолда тексеріледі. Сондай сөздер шығып қалса, бұның арты жаман болады» дейтін. Яғни сондағы болып жатқан соғысты жасыруға тырыстық.
-Ауған соғысына жібергенге дейін қай жердегі әскери бөлімшеде азаматтық борышыңызды өтеп жүрген едіңіз?
- Соғысқа аттанғанға дейін Талдықорған облысы Панфилов ауданында әскери борышымды өтеп жүр едім. Онда жүргізуші болдым.
-Соғыс болғасын екі жақтан да қан судай төгіліп, өліммен арпалыса жүріп от пен оқтың ортасында қалған кездер аз болмаған болар?
-Әрине, соғыс болғасын аяушылық болмайтыны бесенеден белгілі ғой. Ол жерде зұлымдық пен қатыгездіктің белең алатыны сөзсіз. Адам өлімі көп болды. Бәрінде бастан өткердік. Мен барғаннан кейін командир маған «БМБ сержанты» атағын берді. Қатардағы жауынгер едім. Сержант болғаннан кейін БМБ-ға (сырты оқ өтпейтін әскери машина) командир болдым. Қарауымда 3 бөлімше болды. Соны басқардым. 18 бен 20-ның аралығындағы жас жігіттерміз. Бір күні менің машинам минаға түсіп қалды. Минаға түскенде қасымда бір қырғыз жігіті (атын ұмытып отырмын), капитан Серік Қастаулетов деген қазақ, сосын Сергей Орлов деген механик жүргізушісі орыс жігіті болды. Мина жарылғанда, Сергейдің денесі бөлшектеліп қалды. Қырғыз жігіті екеуміз жарты денесін жанып жатқан машинадан бөлек алып шықтық. Жоғарыдан үстімізден екі тікұшақ бізді қорғап тұрды. Сергей Арловтың ауызына су тамызып, тікұшаққа салдық. Бірақ біз оның денесін тікұшаққа салып жатқан сәтте ол өмірден өтіп кетті.Осындай өлім аузында қалған сәттеріміз аз болған жоқ. Қайсыбірін айтайын...
-Ауған соғысына аттанар алдында соғыстың не үшін жүргізіліп жатқанын, мақсат-мүддесін сіздерге түсіндірді ме?
-Бізге «Ауғанстан жеріне барасыңдар» деп ешқашан айтылған жоқ. Ол кезде біз бөлімшеде әскери міндетімізді ғана атқарып жүрдік. Бір түнде бізді алаңға жинап, екі автобусқа отырғызып, Алматы қаласына қарасты «Сарыөзек» деген жерге әкелді. Содан бізді пойызға мінгізіп, Өзбекстан шекарасындағы Термез қаласына алып келді. Содан кейін біз Ауғанстанға бара жатқанымызды білдік. Бізге басқа елге соғысуға бара жатсыңдар деп ештеңе айтқан емес.
-Кеңес әскері Ауғанстан жерінен шығарылатынын естігенде, қандай сезімде болдыңыз?
-Әрине, керемет сезімде болдым. 1989 жылы ақпан айының 15 жұлдызында соңғы солдаттар, техникалар, әскери қызметкерлер - барлығы дерлік ауған жерінен шықты. Он жыл бойы кескілескен ұрыста талай боздақтарымыз қыршынынан қиылды, денелері жат жерде қалды. Оның ішінде қазақ жігіттері де баршылық. Естуімше ,соғыс кезінде 700-дің үстінде қазақ азаматы өмірден өткен екен. Қуанғанымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Шығарылмай қалсақ, қаншама азаматтар өмірден өтер еді. Қаншама ананың көз жасы төгілер еді...
-Қазіргі таңда қаруластарыңызбен хабарласып тұрасыздар ма?
-Иә, араласып тұрамын. Шымкентте, Қарағандыда, Алматыда бірге қызмет еткен қанды көйлек қаруластарым бар. Кейде той-жиындарда бастарымыз бірігіп қалады. Атыраудан, Маңғыстаудан, Құлсарыдан, Құрманғазы, Махамбет аудандарындағы жігіттер де бір-бірімізбен үнемі хабарласып, хал-жағдайларымызды сұрасып, кездесіп тұрамыз. Қазіргі кез дамыған заман ғой. Ұялы телефон арқылы байланысқа шығып отырамын.Тіпті бір-біріміздің жақсылық, қуаныштарымызға да шақырып жатамыз. Өмір бар жерде - өлім бар. Қиындық жағдайға тап болған отбасыларға бас сүйесіп,қарайласып отырамыз.2023 жылы менімен бірге болған Өзбекстандық майдандасымның Хорезм қаласында тұратынын білдім.Досыммен қазіргі уақытта байланыстамын. Бір-бірімізге әскер қатарында жүрген кездегі суреттерімізді жіберіп, әңгіме-дүкен құрамыз, қаза тапқан қаруластарымызды еске алып отырамыз. Сондай-ақ, әлеуметтік желіде бөлек топ ашып алған едік. Сонда барлығымыз бір-бірімізбен сөйлесіп тұрамыз.
- Тәуелсіз мемлекеттің азаматы ретінде ауған соғысына қазір қандай баға берер едіңіз?
-Біз ол кезде 15 одақтас мемлекет ретінде кеңес одағына қарадық. Сол себепті Отан қорғауға шақырылдық. Қазіргі көзбен қарағанда, әрине, бөгде мемлекетке басып кіру дұрыс болмады. Оған бізді кінәлаудың да реті жоқ дер ем. Өйткені, заман солай болды.
- Қалай ойлайсыз, ел басына күн туа қалған жағдайда қазіргі ұрпақ өздеріңіз секілді ерліктеріңізді қайталай ала ма?
-Қазір өз алдына жеке мемлекетпіз. Дербес шекарамыз, туымыз, әнұранымыз бар. Тәуелсіз елміз. Бүгінгі ұрпақ саналы, оқыған, білімді. Әрине, олар да біз жасаған ерлікті қайталай алады деп ойлаймын. Ол Қазақстанның, әр ер-азаматтың парызы болса керек.
-Он жыл, яғни 110 айға созылған соғыстан аман қалған батырлардың да күн өткен сайын қатары сиреп барады. Тым болмаса, «Батыр» атағын алғандар бар ма?
-Он жылға созылған соғыс кезінде қаншама боздақтар өмірден озды. Қазақ болсын, басқа да ұлт өкілдері болсын, бәрі де жан аямай соғысып, ерлікпен көзге түсті. Әділетсіз соғыс екенін көкірегімізбен көңілге түйсек те, жат жерде өмір үшін күрестік. 1979-1980 жылдары ауған соғысында әзірбайжан, қырғыз, өзбек, түркімен, қазақ көп болды. Алайда мемлекеттік жоғары марапаттарға көбінесе орыс азаматтары ұсынылып жатты. Қайтесің, қолдан келер қайран жоқ.
-Соңғы сұрақ: кейінгі жас ұрпаққа айтар қандай тілегіңіз бар?
- Орынды сұрақ. Кейінгі ұрпаққа айтарым, ең біріншіден, соғыс болмасын. Бейбітшілік заман болсын. Ел-жұртымыз аман болсын. Ұрпағымыз өсіп-өне берсін. Білімді ұрпақтарымыз көбейсін. Алға қарай ер балаларымыз өзінің елін, жерін қорғау үшін қай уақытта да дайын болсын. Әскери міндеттерін орындау өздерінің мойындағы борышым деп санасын. Біз көрген соғысты көрмесін.
Қазір егеменді ел болдық. Елімізді көзіміздің қарашығындай сақтау керек. Білімді де білікті ұрпақ өсіп келеді. Менімен сұхбаттасуға келгеніңе көп-көп рақмет. Еңбегің жемісті болсын. Ауданымыздың айнасына айналған аудандық «Нарын таңы» - біздің де іздеп жүріп оқитын сүйікті газетіміз. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. Бізді елеп-ескеріп жатқан сіздерге рақметімді айтамын. Редакторларың мен ұжымыңа алғысымды жеткізерсің,-деді ол әңгімесінің соңында.
Сұхбаттасқан
Жұлдыз СЕМБИЕВА