Конституция күніне орай Х.Ерғалиев ауылындағы жаңадан ашылған кіші аяқ доп алаңында шағын футболдан аудан әкімінің кубогі үшін жарыс өтті.
Ауданымызда бұқаралық спортты насихаттау, ересектер арасында футбол ойынын дамыту мақсатында шілде айында бастау алып, 25 тамыз күні аяқталған Исатай футбол лигасы аудан әкімінің кубогі ойынымен жалғасты. 13 команда қатысқан жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрым Мусин футболшыларды мерекемен құттықтады.
- Құрметті жарысқа қатысушылар! Мереке құтты болсын! Жарысқа қатысушыларға сәттілік! Жеңіс тұғырынан көрінулеріңізге тілектеспін. Осындай бейбітшілік заманда жақсы шаралар жалғасын таба берсін!- деді аудан басшысы.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан, аудандық мәслихат депутаттары Жәнібек Ещанов, Асхат Жұмабеков, «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің тілшісі Серікбол Панабердиев, Қамысқала ауылдық округі әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі Аслан Мұрат, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқалиев қатысты.
Осылайша 30 тамыз күні 1/8 финалмен басталған турнир екі күнге созылды. Жарыс нәтижесінде бірінші орынға аққыстаулық «Лион» командасы ие болды. Қалған жүлделер де аққыстаулық командаларға бұйырды. Екінші орынды биылғы лига жеңімпазы «Barys.kz» алса, үшінші орынға лига ойындарының күміс жүлдегері «Даллас» командасы қол жеткізді.
Нақтылай кетсек, ақтық сында «Лион» мен «Barys.kz» командалары кездесіп, 2:0 есебімен «Лион» командасы жарыс жеңімпазы атанды. Ал, үшінші орын үшін болған «Даллас» пен «Тұщықұдық» арасындағы тартысты ойында 4:2 есебі тіркеліп, «Даллас» командасы қола жүлдені қанжығалады.
Жұлдыз СЕМБИЕВА