ҮЛКЕН БӨРІК АТА

 

Нарын өңірі қасиет пен кие тұнған өлке ғой. Бұл оның асыл перзенттерінің бойынан да көрінеді. Солардың қатарында ел ішінде Үлкен Бөрік ата атанған Нығмет Ермекұлының да алар орны ерекше. Жасынан емшілік, көріпкелдік қасиет қонған бұл атамыз дертіне дауа іздеген талай жандардың сауабын алыпты. 

Атамыздың руы Беріш, соның ішінде Жайық бөлімі, Құттығай атасынан. Құттығайдың аруақты батыр, қолбасшы болғанын ел біледі. Оның Кешу атты баласынан Нығмет атамыз тарайды.

Нығмет атамыз кіндіктен екі ағайынды екен. Бауыры Өмірәлі екеуі бірге ержетеді. Өмірәлінің баласы Аққали Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыс басталғанда 26 жаста болған. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын зерттеп жүрген оралдық журналист Ахмедияр Батырхановтың айтуынша, әскерге Новобогат аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған екен ол. Майданның алғы шебіндегі жан алысып, жан беріскен ұрыстар кезінде ауыр жараланып, госпитальда алты ай емделеді. Ақыры әйгілі ұшқыш Алексей Мересьевтің тағдырын қайталап, екі аяғы қатар кесіледі. Бірақ ол кісінің қайсарлығы сондай, елге келген соң қарап жатпай, Чкалов ұжымшарында есепші болып қызмет істейді. Бірақ, соғыстан алған ауыр жарақат ақыры өз дегенін істеп тынады. Аққали атамыз 1949 жылы дүниеден жүзін үйіреді. Соңында шаңырақтың отын жағып қалған Арухан апамыз ұрпақтарын ешкімнен кем қылмай тәрбиелеп өсіреді. Бүгінде ұрпақтары Тұяққали, Мұратқали, Айғали, Биғали әулеттері де тамырын тереңге жайып, тіршіліктің түтінін түтетуде.

Ал Нығмет атамыздың «Үлкен Бөрік» атануының себебі, ол кісі қаракүлдің терісінен тігілген папаха киіп жүреді екен. Оның үстіне қазақтың дәстүрінде әулеттің келіндері қайын аталары мен қайын ағаларының есімін атамайды ғой. Нығмет атаның да келіндері оған қандай ат қоямыз деген кезде еш ойланбастан «Үлкен Бөрік» ата деп атайды.

Жоғарыда мен атамызды емші болған дедім ғой. Атамыздың емін алу маған да нәсіп етіліпті. Мен өзім анамнан өте нашар, әлжуаз болып туыппын. Оның үстіне рахитпен ауырғанмын. Өзімнің нағашы атам Әпештің бала қиятыны бар еді, бірақ маған қолы жүрмепті. Содан мені Үлкен Бөрік атаға қидырады ғой. Ол кісі үш рет қиғаннан кейін мен құлан-таза жазылыппын.

Атамыздың көріпкелдік қасиеті де болды дедім ғой. Содан бір эпизод келтірейін. Менің әкем Манап Наурызәлиев 1965 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген соң жолдамамен Маңғыстау облысына кетеді. Ол кезде жолдама берілген жақта бір жыл жұмыс істемей тұрып, дипломды бермейді екен. Сол кеткеннен әкемнен алты ай бойы хабар болмайды. Атам мен әжем, апам қатты абыржиды. Біздің үйдің осы жағдайын естіген Үлкен Бөрік ата: «Еш уайымдамасын, жуырда аман екенін айтып, хабарласады» депті. Айтқандай, әкем Сәмен деген нағашымызбен рация арқылы хабарласып, өзінің Сам деген жерде жұмыс жасап жүргенін айтыпты.

- Үлкен Бөрік атаның есімі біздің елде әйгілі Қайыр молда Жақияұлы, Құмар молда Байтөреұлы, Ізмұхамбет молда Ідірісұлы, Дәрісқали молда Иманғалиұлы секілді қасиетті адамдардың қатарында аталады, - дейді белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Мұрат Бектенұлы. – Бала кезімізде осы қариялар тарихтан, шежіреден ұзақ-сонар әңгіме қозғап, бірін-бірі қоштап отыратын. Жадымызда қалғанын кейін хаттап, кітапқа түсірдік. Есімізде қалмағаны өздерімен кетті ғой. Нарынның мұндай сары алтын қазыналарын қаза берсең оның түбі жоқ қой, қарағым…

Иә, мұндай қасиет иелері Нарын топырағынан жүздеп табылады. Мен тек бір атамыз жайлы сөз еттім.

 

 

Тарас НАУРЫЗӘЛІ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Атырау қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT