Жуырда ауданымыздағы «Мирас» өлкетанушылар клубы мүшелері көрші ауданға сапарлап, Махамбет аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен исатайлық өлкетанушылардың 2023 жылы «Ағатай» баспасынан жарық көрген «Мұрасы мол мекен» атты танымдық-ақпараттық жинағының таныстырылымы өткізілді.
Махамбеттік еңбек ардагерлері мен мәдениет қызметкерлерінің, әртүрлі сала өкілдерінің қатысуымен болған бұл кездесуді Махамбет ауданы әкімі аппаратының басшысы Алшынбек Жандарбекұлы Мұханғалиев ашты. Одан кейін сөз алған «Мирас» клубы төрағасы, журналист-өлкетанушы, жи-нақты баспаға дайындаған шығармашылық топ жетекшісі әрі құрастырушысы Мәди Өтеғалиев пен тарихшы-өлкетанушы Мүтиғолла Насиханов, білім беру саласының ардагері, өлкетанушы Қабира Қаюмовалар аталған еңбек туралы баяндап, жиналғандарды жан-жақты хабардар етті.
Ашық пікір алысу жағдайында өткен тағылымды шарада Махамбет аудандық мәслихатының төрағасы Қайыржан Мәжиев, тарихшылар Көпжасар Меңдігереев, Қазбек Сатқанбаев, өлкетанушы Сатқали Әуелбаев, еңбек ардагерлері Болған Масалимова, Лұқпан Есенғалиев, Тыныштық Үмбетияров, басқа да оқырмандар исатайлық өлкетанушылар атқарып жатқан жұмыстарға қызығушылық танытып, оң бағалады. Олар 30 жылға жуық бір аудан құрамында тұрмыс кешіп, еншісі бөлінбеген екі ауданның ортақ тарихы мен есімі тасада қалып қойып жүрген тұлғалары туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, мұндай клубты Махамбет ауданында да ұйымдастырған жөн деген өз ұсыныстарын айтты.
Көпшілікке жеті жұрт көшіп қонған жер саналатын Еділ-Жайық аралығы мен құм Нарынның арғы-бергі шежірелері, ортақ құндылықтары, Исатай ауданының қалыптасуы мен елді мекендері тарихы, тарихи-мәдени ескерткіштері, киелі жерлері, қасиет дарыған жандар мен атадан балаға мирас болған өнер дәстүрлерін жалғастырушылар, ел ішінде сақталған көне жәдігерлері туралы сыр шерткен бұл тағылымды басқосуды Махамбет аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенбаев қорытындылады.
Қатысушылардың ыстық ықыласына бөленген кездесуді «Мирас» клубының мүшесі, облысымызға белгілі әнші-термеші Дулат Зұлқашев әсем әндерімен өрнектеп отырды. Екі аудан арасындағы мұндай мәдени-рухани байланыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермекші.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР