ӨЛКЕТАНУШЫЛАРМЕН ӨТКЕН КЕЗДЕСУ

Жыл соңында аудан әкімі Полымбет Хасанов «Мирас» өлкетанушылар клубы мүшелерімен кездесті. Құрылғанына бір жылға жуықтаған клубтың төрағасы, мемлекеттік қызметтің ардагері Мәди Өтеғалиев өлкетанушылардың атқарған жұмыстарын таныстырып, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Клуб төрағасының айтуынша, аталған уақыт ішінде «Мирас» клубының екі отырысы, өлкетану мәселелері бойынша 11 кездесу ұйымдастырылған. Кездесулерде, әсіресе, мектеп оқушыларының өлке тарихы, жер атаулары жөнінде білуге деген қызығушылығы, мектептерде өлкетану жұмыстарын жүргізу бағытында қолға алатын істердің көп екені байқалған.  

-Аудан аумағындағы топонимика мәселелері бойынша, атап айтқанда жер-су, қоныс атаулары, сондай-ақ мәдени ескерткіштер, ескі қорымдар, тарихи орындар мен киелі жерлер төңірегінде әлі де анықтап, толықтырып, жүйелейтін жайлар мен сұрақтар баршылық. Бұған дейін ауылдық округтер бойынша жер-су атауларының тізбесі шығарылғанымен, әлі де зерделеуді қажет етеді. Осы мақсатта Исатай, Зинеден, Тұщықұдық ауылдарында көрген-түйгені бар ардагерлермен әңгімелесу өткізілді, берген деректері жазып алынды. Қыркүйек айында ұйымдастырылған  бұрынғы Манаш, Забурын өңірлеріне екі күндік өлкетанушылар жорығының бергені көп. Ауылдың іргесінің қаланып, қалыптасуы тақырыбында Жанбай және Аққыстауда ардагерлермен 2 «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. 25 жылдан астам уақыт өмір сүрген Каспий теңізі жағалауындағы ауданның балықшы колхоздары туралы бұған дейін  тиіп-қашып жазылды, өлкетанушылар осы мәселеге назар аударып, 1954-57 жылдары Дамбы бойына көшірілген балықшы ағайындармен байланысымыз бар.

Өлкетанушылармен ауған соғысына қатысушылармен кездесу, Ақтөбе қаласында тұратын жерлесіміз, композитор Мақсым Менкешовпен кездесу және «Хан Ордалы Сарайшық» мұражай қорығына  экскурсия ұйымдастырылды.

«Мирас» клубының жұмысын ақпараттандыру бойынша аудандық «Нарын таңы» газетінде 18 хабар, телеарналарда 5 хабар жарық көрді.

Таразыға тартылған тарихты толықтырып, жаңартып отыру – уақыт талабы. Өлкетанушылар клубының бір ойлағаны - болашақта бұрынғыларды қайталамай, танымдық жинақ кітап (энциклопедиялық үлгіде емес) шығару. Оған көмбеде жатқан материалдар мен деректер жететін сияқты. Тек қолдау күтеміз,-деді клуб төрағасы Мәди Өтеғалиев.

08eff9c0-06e1-4f71-9450-06326a78fe21

Сондай-ақ жергілікті халық пен өлкенің тарихы мен мәдени мұралары бойынша жаңа деректерге негізделген танымдық жинақ кітап шығару,  аудан бойынша тарихи орындар мен киелі жерлер, археология ескерткіштері, ежелгі қорымдар, тарих және мәдениет ескерткіштері (белгілер), басқа да тарихқа қатысты нысандардың орналасу картасын жасау, ауылдық округтер аумағында орналасқан тарихи орындар мен нысандарды анықтайтын белгі тақта орнату, мектептерде өлкетану жұмыстарын, атап айтқанда, «Жас өлкетанушылар» тобын не үйірмелер құру, музей бөлмелер жасақтауды жалғастыру, жергілікті тарихи орындар мен ескерткіш-белгілер орнатылған жерлерге экскурсияға апару, өлкетанушылар және қаламгерлермен тұрақты кездесулер өткізу сынды ұсыныстарын да білдірді.

a519eaf1-dedb-4f32-befb-5d919f74add6

Кездесу барысында өлкетанушылар арасында тағайындалған ғасыр жасаған, өлке шежірешісі атанған Сидеғали Нұрманов атындағы жүлде Светлана Қойшекенге табысталды және өлкетанушы Айсана Бақытжанова аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

 

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT