Ішкі туризм – елді танытудың, жергілікті әлеуетті дамытудың бас-ты тетігі. Соңғы жылдары Қазақстанда ішкі туризмге ерекше серпін беріліп, өңірлердің табиғи ерекшеліктерін насихаттауға айрықша көңіл бөлінуде. Осындай игілікті бастамалардың бірі – Атырау облысының Құрманғазы ауданында өтіп жатқан «Lotos fest» фестивалі. Бір айдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан мереке ел назарын сирек өсетін әсем лотос гүлін көруге аударып, ішкі туризмнің дамуына өзіндік үлес қосып отыр.Табиғаттың ғажайып құбылысына куә болуға алыс-жақыннан ағылған жұртшылық күндіз лотос саябағын тамашаласа, кешкісін өнерпаздардың концертіне куә болып, әсерлі демалуда. Өткен жексенбіде исатайлық өнерпаздардың тарту еткен концерті де фес-тиваль шырайын кіргізіп, қонақтарға мерекелік көңіл- күй сыйлады.
– Таңғы мезгілде ауданымыздан келген тұрғындар лотос гүлінің ерекше әлемімен танысып, табиғаттың ғажайып көрінісін тамашалады. Лотос – Құрманғазы жұрты үшін киелі, бағалы өсімдік. Осындай қасиетті мекенде Исатай өнерпаздарының өнер көрсетуі – біз үшін мәртебе. Әр ауылдық округтен келген өнерпаздарымыз барынша дайындалып, халыққа көңіл-күй сыйлауға атсалысты. Біз Құрманғазы елінің қонақжайлылығын сезініп, өз өнеріміз арқылы алғысымызды жеткізуді мақсат тұттық, - дейді аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ринат Есқали.
Фестивальға Құрманғазы ауданы әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер тыңғылықты дайындықпен келген. Келушілерге арнайы киіз үйлер тігіліп, қонақтарға қазақы дәстүрмен дастархан жайылды. Орталық алаңда ойын алаңқайлары ұйымдастырылып, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау мақсатында атқа міну мен түйе серуен қызметтері ұсынылды. Жағада демалушыларға қызмет көрсетіп жүрген теңіздіктердің де еңбегі ерекше.
– Бұл жерге тіпті шетелден де келіп жатқанын естіп, өз көзімізбен көруге асықтық. Исатай ауданынан келген өнерпаздардың концерті өте жоғары деңгейде өтті. Шын мәнінде әдемі фестиваль, соңғы екі-үш күні қалыпты, көрмегендерге көруге кеңес беремін,-дейді Азғыр ауылының тұрғыны Бақытжан Рахметуллин.
Ал Елордадан ат басын бұрған қонақ Марат Қажымғалиев өз ұсынысын білдірді.
– Халыққа осындай жағдай жасап, демалыс сыйлап отырғандарына алғыс айтамыз. Бүгін Исатай өнерпаздарының концертін тамашалап, риза болып отырмыз. Ұйымдастырушыларға мың алғыс! Осындай фестивальдар дәстүрге айналып, жыл сайын жалғасса, тіпті әлемдік деңгейге көтерілсе, Қазақстанның аты әлемге кеңінен танылары сөзсіз, - деді ол.
Кештің шырайын аудан өнерпаздары аша түсті. Ән мен жыр, күй мен би өрнегі лотос гүлін тамашалауға келген қонақтардың көңілін бір серпілтіп, мерекенің сәнін кіргізді. Іс-шара соңында Құрманғазы ауданы әкімдігі исатайлық өнерпаздарға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстап, шынайы ризашылығын білдірді.
Теңіз толқынындай тербелген әуен, жағада жайқалған лотос, халықтың шат көңілі – барлығы да Атырау даласының айрықша бояуын айшықтап тұрғандай. Фестивальдің соңғы күндері болса да, жұртшылықтың ықыласы мен қызығушылығы басылар емес.
Әсел ТАБИҒАТОВА