Ұлт құндылығы – бабалар жолында

 

Жақында аудандық орталық кітапханада ата-баба тарихын түгендеп, ұрпақ сабақтастығын дәріптеуге бағытталған мазмұнды басқосу болды. Оған себеп жарыққа шыққан «Байғазы әулеті» атты кітаптың тұсаукесері еді. Іс-шараның тізгінін белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, жаңа кітаптың авторы Әбілсейіт Мұқтар жүргізді. Шараға өлкетанушылар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері мен Байғазы әулетінің ұрпақтары қатысты.

Іс-шара барысында алғы сөз аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқановқа жолданып, ол өз кезегінде жылы лебізін білдірді. Ол мұндай тағылымды еңбектердің өңір тарихын жүйелеудегі маңызын айтып, ата-баба мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеу – ұрпақ алдындағы жауапкершілік екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ тарихи тұлғалар мен әулет туралы жазылған еңбектер елдің рухани байлығын арттырып, жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Жиында сөз алған өлкетанушы Сәтқали Әуелбайұлы еңбектің тарихи маңыздылығына тоқталып, Байғазы әулетінің өңір тарихындағы орны айрықша екенін сөз етті. Сондай-ақ ауданның Құрметті азаматы, жергілікті қаламгер Мұрат Бектенұлы кітапта келтірілген деректердің құндылығын тілге тиек етіп, мұндай еңбектердің жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор екенін жеткізе білді. Осы жиын барысында тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Ұлжан Ахметова зерттеудің ғылыми жүйелілігіне баға берді. 

–Бұл еңбек Байғазы атамыздан тараған алты ұл мен бір қыздың ұрпақтарына арналады. Автор шежіреде аталған әулетпен қатар, өз жұрты мен нағашы жұртын да кеңінен қамтып, жүйелі түрде баяндаған. Сонымен бірге Құлкеш руынан шыққан бірқатар танымал тұлғалар туралы да деректер енгізілген. Атамыздың тек ағартушылық қызметпен айналысып қана қоймай, ел балаларын оқытып, мешіт ұстағаны жөніндегі мәліметтер нақты деректермен дәлелденіп отыр. 2024 жылы Кәкімбек атамыздың шөбересі, Жұмабекке атамызға қатысты түпнұсқа фотосурет арнайы табысталды,-деді ол өз сөзінде.

Сонымен қатар белгілі қаламгер, өлкетанушы Мади Өтеғалиев пен тарихшы-өлкетанушы Мутиғолла Насиханов та пікір білдіріп, кітаптың өңірлік тарихты толықтыратын сүбелі еңбек екенін және де тілдік әрі мазмұндық ерекшеліктерін де, сыни пікірлерін де жасырмады.

Іс-шараға қатысқан көрермендердің де ой-пікірлерін тыңдағанды жөн көрдік. Соның ішінде ардагер журналист Аяпберген Салихов қазақ халқының шежіре танымының маңыздылығын алға тартты.

– Халқымыз жеті ата шежіресін ұрпағына бала кезінен үйреткен. Себебі жеті ата мен ру шежіресін білу көшпелі қоғамда өмір сүрген халық үшін өмірлік қажеттілік болған. Бұл – сан ғасырлық арғы-бергі тарихты тануға деген туыстық құштарлықтың көрінісі. Сондықтан жеті атасын, руын, жүзін білу әлімсақтан келе жатқан ата-бабаларымыздың бұзылмас аманаты іспетті қағида. Осы ұстанымды жүзеге асыру мақсатында 2025 жылы Кіші жүз құрамындағы Беріш руының Құлкеш ата басына «Обалыдан» кесене салынып, ас берілді. Құлкеш ата өз заманында мұсылманша білім алған ірі дін қайраткері болса, Қалпе Байғазы қажы Мақашұлы да діни сауатты, мешіттер ашып, елге танылған тұлға болған. Одан өрбіген ұрпақтары да ата жолын жалғап, мұсылмандық ілімге қызмет еткен. Ата-бабамыздың жүріп өткен жолы – кейінгі ұрпақ үшін тағылымы мол өнегелі мектеп. Осындай аманатқа адал ұрпақтың бірі, тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Әбілсейіт Мұқтар Қапизұлы «Байғазы әулеті ұрпақтары» атты кітап жазып, оның тұсаукесерін өткізді. Бұл – аудан тарихына қосылған құнды үлес,- дейді ол бізбен болған әңгімесінде. 

Шара барысында Байғазы Мағашұлының ұрпақтары да сөз алып, кітаптың жарық көруі әулет тарихын түгендеумен қатар, кейінгі ұрпаққа рухани бағдар болатынын қуанышпен жеткізді. Жаңа кітаптың ресми түрде қызыл лентасын кесу рәсімі сол әулеттің жиені Бақыт Камидоллақызы мен әулеттің келіні Сәуле Боранғалиқызына жолданды.

Мазмұнды басқосудың соңында қатысушылар «Байғазы әулеті» еңбегі ел тарихын терең тануға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қызмет ететін маңызды рухани дүние болсын деген тілектестігін білдіріп, көңілді тарқасты.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT