Әр ұлттың иісі аңқып тұрған тағамы, жүректі тербеген әні мен көз тартқан биі — бәрі бір сахнада тоғысты. 30 сәуір күні Тұщықұдық ауылының Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде өткен «Береке бірлікте, ырыс ынтымақта» атты мерекелік сайыс нағыз рухани мерекеге айналды.
Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған бұл кеш көрерменге тек тамаша қойылым ғана емес, татулық пен сыйластықтың шынайы көрінісін сыйлады.
Кеш шымылдығын әр ұжымның өзге ұлттың тілінде айтқан сәлемі ашып, бірлік пен достықтың лебін сездірді. Одан кейін сахнада түрлі ұлттың салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдары көрініс тапты. Бұл сәттерде кімнің қазақ, кімнің өзбек, кімнің түрік екені ажыратылмастай, бәрі де бір жүректің лүпіліндей үндесті.
Бірі – өзбектің қонақжайлығын ұқыптылықпен жеткізсе, енді бірі түрік халқының ұлттық биін нақышына келтіріп орындады.
Бірі – орыстың өнері мен мәдениетінен сыр шертсе, енді бірі қазақтың әнін әуелетті. Солардың ішінен ерекше көзге түскен «Құлыншақ» бөбекжай балабақшасының ұжымы кештің бас жүлдесін иеленді.
Түрік халқының салтын нақышына келтірген Қызылүй негізгі мектебі бірінші орынға лайық деп танылса, Ж.Мырзағалиев орта мектебі орыс ұлтының мәдениетімен екінші орынды еншіледі.
Ал қазақтың дәстүрін ұтымды жеткізген Ш.Шарипов балалар саз мектебі үшінші орынды қанжығасына байлады.
Қазылар алқасының құрамында тәжірибелі мәдениет және өнер саласының мамандары – округ ардагерлер кеңесінің төрайымы Қабира Қайымқызы, хореограф Қамажай Мұғауқызы, режиссер Фаруза Мүтиғоллақызы, Қызылүй клубы меңгерушісі Абай Сұңғатұлы және аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Ринат Нәбидоллаұлы болды.
Айта кету керек, бұл кештің жоғары деңгейде өтуіне шаруагер Дулат Арынғазиннің демеушілік қолдауы да ерекше үлес қосты.
Ал ұйымдастырушылар тарапынан қойылым алдындағы қызыл кілеммен қарсы алу, сахналық декорациялар мен әр ұжымға жасалған жағдай – бәрі бірлік пен ынтымақты ұлықтаған кештің көркін аша түсті.
Бұл күн – әр жүрекке «Біз – бір халықпыз!» деген сенім ұялатқан, ұлт пен ұлысты жақындастырған әсерлі кеш болды.
Сағыныш ҚАЙЫР