Бүгін - Ұлттық киім күні. Бұл туралы Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа тұжырымдамасында айтылған болатын.
Ауданымызда ұлттық киімдерді насихаттап жүрген Х.Ерғалиев ауылының тұрғыны, кәсіпкер Әлия Өмірзақова «Рахат» брендінің түрлі дизайндағы қазақы нақыштағы киімдерін тігіп, сатумен айналысады. Тігіншінің айтуынша, оның қолынан шыққан этно-стильдегі костюм, камзол, жейде мен тақияларға сұраныс өте көп.
Бұл киімдерге, әсіресе, түрлі конкурсқа қатысушылар, қыз ұзату, сырға салу сияқты қалыңдықтарға арналған көйлекке жиі тапсырыс береді екен. Фотосессияға немесе той-думанға жалға алушылар да бар көрінеді.
- 2019 жылдан бастап киім тігумен айналысамын. Соның ішінде отандық өнімді кеңінен насихаттауды дұрыс деп ойлаймын. Ұлттық киімді Мемлекет басшысының өзі қолдап, Наурыздың онкүндік тұжырымдамасына қосқаны көңіл қуантты. Дәстүрімізге сай, атадан-балаға мирас болған ұлт құндылықтарын ұлықтасақ, тарихымыз жойылмайды, - дейді ол.
Әлия алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киімдерді тек сахнада немесе мерекелік шарада ғана емес, жалпыға бірдей және кез келген ортада тұтынуға ыңғайлы етіп тіккен дұрыс деп есептейді. Сондай-ақ ол ұлттық киімге деген құрмет бір күнмен шектемесе деген пікірде.
-Қазіргі таңда сатылымда ұлттық нақыштағы көйлек, камзол, шапан, кеудешелер баршылық. Бір әттеген-айы бағасы қымбат. Бұл – ұлттық брендттерді қарапайым халық сатып ала алмайды деген сөз. Өзім тігетін киімдердің халыққа сапалы да сәнді әрі қолжетімді болуына мән берсем деймін, - дейді ол.
Айта кетейік, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлім еткен еді.
Сағыныш ҚАЙЫР