Ұлттық киімді ұлықтап

сурет автордікі

 

Ұлт рухының шұғыласындай Ұлттық киім күні ата-бабамызды, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарды еске алуымызбен маңызды десек болады. 18 наурызға белгіленген бұл күн – халық рухының болмысын бейнелейтін ұлттық дизайнның көркемдігі мен қайталанбас өрнегіне талайлар тамсанған күн десек болар.

Қазақтың ұлттық киімі ғасырлар бойы қарапайымдылығымен және ұтымдылығымен ерекшеленіп келді, тіпті, заманауи сән талғамы да оның маңызын кеміте алмақ емес. Ұлттық киім үлгісінде пайдаланылатын былғары, жүн, киіз, мата сияқты табиғи материалдар адамға жылылық пен жайлылық сыйлаумен қатар, киім иесінің атақ-дәрежесін, байлығын да көрсететін болғаны белгілі.

 

 

Қазіргі заманғы ұлттық киім ұлттық мінез бен ұлт бірлігін айшықтай отырып, ел мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігіне айналды деуге де болады.

Ұлттық киімнің ең кең тараған түрі – шапан. Оның ерекше дизайны, барынша ыңғайлылығы халықтың қонақжайлылығы мен мейірімділігін де бейнелейтінін айтады мамандар. Қонаққа шапан сыйлау оған деген ыстық ықыластың белгісі ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрыпқа деген құрмет те саналады. Ол бұрын да солай болған, бүгін де солай.

Ұлттық киім – ұлттың мәдени кодын сақтайтын халықтың мәдени мұрасының бір бөлігі. Ұлттық киімді насихаттау салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты және тарихи ерекшеліктерді сақтауға және келер ұрпаққа жеткізуге ықпал етеді. Қазіргі уақытта ұлттық элементтер қолданылған киімге сұраныстың артуы – қазақстандық өндірушілерді қолдаудың артуы деп те түсінген абзал.

 

 

Наурызнама онкүндігіне орай 18 наурыздағы Ұлттық киім күні аудан орталығында, ауылдық жерлерде де осы тақырыпта түрлі шаралар өтті. Сондай-ақ, аудан орталығының «Qazaq eli» саябағындағы ұлттық киімдер шеруі де осынау мәдени мұрамыздың мәнін арттыра түскеніне куәміз. Аталған шараға аудан орталығындағы ондаған кәсіпорын, мекемелер ұжымдары атсалысты. Түрлі ою-өрнекпен әсемдеп әшекейленген шапандар, кәжекейлер, камзолдар, көйлектер, аппақ кимешектер мен үкілі бөріктер, басқа да бас киімдер, аяқ киімдер киген олар лек-лек болып сапқа тұрып, ашық алаңды шерулетіп өтті.  Көз жауын алған әдемі шеру сырт қараған жанды шынымен де сүйсінткені анық еді. Сонысымен де бұл іс ұлттық киімді насихаттаудың нақышты бір көрінісі болып есте қалды.

Шеру Тәуелсіздік алаңында қорытындыланып, аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан оған қатысушылардың баршасына алғыс айтып, ұлттық киімді ұлықтауға деген ізгі ниеттеріне ризашылығын білдірді.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT