Ұлттық құрылтай – ұлт мүддесін ұйыстырған ортақ мінбер

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі бұл алаңның жай ғана кеңесші орган емес, ел дамуының нақты тетігіне айналғанын тағы бір мәрте айқындап берді. Мемлекет басшысы атап өткендей, соңғы төрт жылда Құрылтайда көтерілген бастамалар сөз жүзінде қалмай, заңнамалық шешімдермен бекітіліп, қоғам өміріне тікелей ықпал етті. Соның айқын дәлелі – құрылтай ұсыныстары негізінде қабылданған 26 заң.

Президент әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қорғау бағытында жасалған нақты қадамдарға ерекше тоқталды. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігінің артып, адам тағдыры мен ұрпақ болашағы басты құндылық ретінде қарастырыла бастағанының көрінісі. Сондай-ақ лудомания мен нашақорлыққа қарсы күрестің күшеюі, ономастика саласының жүйеленуі – қоғамды іштен ірітетін келеңсіз құбылыстарға тосқауыл қоюға бағытталған батыл қадамдар.

Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңа құрметті атақтардың енгізілуі де кездейсоқ шешім емес. Бұл – адал еңбектің, маңдай термен келген жетістіктің бағалануы, еңбек адамының мәртебесін көтеруге деген нақты ниет. Мұндай қадамдар қоғамда әділет пен жауапкершілік ұғымын орнықтыра түсетіні сөзсіз.

Президент сөзінде «ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтар айқындалды» деп атап өтті. Бұл – жай ұран емес, ел болашағына бағытталған стратегиялық бағдар. Ұрпаққа зиян келтіретін кеселдерге қарсы жүйелі тосқауыл қою, ішкі саясатты бірізді қағидаттар негізінде жүргізу – тұрақты дамудың алғышарты.

Құрылтай мүшелерінің ішкі саясат саласын ретке келтіру жөніндегі бастамасы мен соның нәтижесінде қабылданған негізгі қағидаттар құжаты — қоғам мен билік арасындағы ашық диалогтың жемісі. Ендігі міндет — осы құжатты қағаз жүзінде қалдырмай, нақты істермен жүзеге асыру.

Қорытындылай айтқанда, Президент сөзі Ұлттық құрылтайдың ел өміріндегі рөлін тереңдете түсіп, алдағы кезеңге нақты міндеттер жүктеді. Бұл — жауапкершілікті бөлісуге, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуге үндейтін маңызды үндеу. Ұлттық құрылтай — ұлттың үні, ал сол үннің іске айналуы әрқайсымыздың белсенділігімізге байланысты.

 

Динара ТӨЛЕГЕНОВА,
Исатай ауданы полиция бөлімі Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің Отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, 
Полиция капитаны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT