«Ұлттық мектеп лигасы» басталды

Суреттер автордікі

 

Бүгін Тұщықұдық ауылындағы спорт кешенінде ерекше серпін мен қуаныш лебі сезілді. Себебі мұнда «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының ұйымдастыруымен ауданның 11 орта мектебінің үздік оқушылары қатысқан «Ұлттық мектеп лигасы – 2025» маусымының салтанатты ашылуы өтті. 

 

 

Ашылу салтанатында ауданның қоғамдық өмірінде белсенді тұлғалар бас қосты. Олардың қатарында «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Едіге Амангелдіұлы, Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Арсылан Қибажанұлы, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Сағираш Мұхатқызы, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы, аудандық мәслихат депутаты Асхат Жұмабекұлы және бірқатар мектеп директорлары болды.

 

 

Іс-шараның шымылдығын ашқан Сағираш Мұхатқызы өз сөзінде жас спортшыларға сәттілік тілеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бастамаларын еске салды.

– Ұлттық мектеп лигасы – оқушылар арасындағы бұқаралық спортты дамытудың айқын үлгісі. Мемлекет басшысы атап өткендей, спорт инфрақұрылымдары балалар үшін барынша қолжетімді болуы тиіс. Бұл – болашақ чемпиондардың бастау алаңы, салауатты ұлттың кепілі. Жарысқа қатысушы әрбір бала өз мектебінің абыройын қорғап, табандылық пен тәртіптің мәнін түсінеді,-деді ол.

 

 

Ашылу салтанатына мерекелік реңк берген Ш.Шәріпов атындағы саз мектебі оқушыларының орындаған ән-күйі қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

 

 

Жиын барысында өткен оқу жылының қорытындысы да жарияланып, үздік нәтиже көрсеткен командалар марапатталды. 5–6 сыныптар арасында Аққыстау орта мектебінің командасы жеңіс тұғырынан көрінсе, Абай және Өркен мектептері жүлделі орындарды бөлісті. 7–8 сыныптар бойынша Х.Наубетов атындағы орта мектеп шәкірттері көш бастады. Ал Ж.Мырзағалиев атындағы және Аққыстау орта мектептері жүлдегерлер қатарынан табылды. 9–11 сыныптар додасында тағы да Аққыстау мектебі үздік шығып, өз мықтылығын дәлелдеді.

Жалпыкомандалық есепте де Аққыстау орта мектебі аудан бойынша I орынды, Х.Наубетов мектебі II орынды, ал Өркен мектебі III орынды иеленді.

Жеңімпаздарға марапаттарды Сағираш Мұхатқызы, Асхат Жұмабекұлы және «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы директорының міндетін атқарушы Бекзада Меңдекенова салтанатты түрде табыстап, жас спортшыларға алдағы сындарда сәттілік тіледі.

Бекзада Меңдекенқызының айтуынша, жарыстар қазан айынан бастап жаңа оқу жылының соңына дейін жалғасады. Бұл кезеңде 5–6, 7–8 және 9–11 сыныптардағы ұлдар мен қыздар спорттың 11 түрі бойынша өз бақтарын сынайды. Атап айтқанда, олар футбол, баскетбол, волейбол, асық ату, бес асық, гандбол, шахмат, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, үстел теннисі және футзал секілді спорт түрлерінен өткізілетін 43 жарыста өз шеберліктерін көрсетіп, мықтылық пен табандылық танытатын болады.
Ашылу рәсімінің соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға достық, әділдік пен спорт рухының биік болуын тіледі.
Осылайша, аудан жастары асыға күткен «Ұлттық мектеп лигасы – 2025» ресми түрде ашық деп жарияланды.

Бір қарағанда бұл тек жарыс секілді. Ал шын мәнінде – бұл ынта мен табандылықтың, ерік-жігер мен достықтың мерекесі. Өйткені спорт – тек денені шынықтыру емес, мінезді қалыптастыру. Бүгінгі жарыс алаңына шыққан әр бала – ертеңгі ел намысын қорғайтын азамат.

 

Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT