Бүгін Қамысқала ауылдық округінде өтіп жатқан әкім сайлауы – ауыл өміріндегі маңызды саяси сәттердің бірі болды. Ерекше күннің мәні тіпті арта түсті – бұл жолғы сайлау Республика күнімен тұспа-тұс келіп, мерекелік рух пен елдік жауапкершілікті қатар сездірді.
Ел болашағына бейжай қарамай, өз дауысын алғашқылардың бірі болып бергендердің қатарында – ардагер ұстаз, қоғам белсендісі Қамбар Жалекеев болды. Өмірін жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз бүгінде ауылдың өркендеуіне тілеулес азамат ретінде ел ісінен шет қалмай келеді.
– Биылғы сайлау – мен үшін ерекше маңызға ие. Республика күнімен қатар келуі – ел дамуының жаңа кезеңінің бастауы іспетті. Мен үміткерлердің бағдарламаларымен алдын ала танысып, отбасымызбен бірге талқыладық. Әрқайсысы ауылдың келешегі үшін нақты жоспар ұсынған. Іштерінде кезінде менің шәкірттерім болған азаматтар бар. Солардың елге қызмет етуге ұмтылысы – біз үшін үлкен мақтаныш, – дейді ардагер ұстаз.
№128 сайлау учаскесінің төрағасы Парух Ғатауовтың айтуынша, бұл учаскеде 1283 сайлаушы тіркелген.
– Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» заңына сәйкес, ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлауы – Мемлекет басшысының билік пен халық арасын жақындатуға бағытталған маңызды қадамы. Бұл – ауыл тұрғындарының өз болашағын өзі айқындауға мүмкіндік беретін тетік. Сонымен қатар, бұл үрдіс саяси мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға және жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтуға жол ашады. Сайлау – тек дауыс беру ғана емес, бұл – тұрғындардың өз ауылына деген жанашыр көзқарасы мен белсенді ұстанымының айғағы. Қамысқалалықтар бұл мүмкіндікті жақсы түсініп отыр, – дейді ол.
Бүгінгі сайлау – Қамысқала жұртының ауызбіршілігін, ел тағдырына деген сенімін көрсеткен маңызды қадам. Республика күнімен тұспа-тұс өткен саяси науқан ауыл өмірінде жаңа серпіннің бастауы болмақ.
Е.ЗИНЕДЕНОВ


