Өткеннің өнегесі – бүгінгі рухтың темірқазығы. «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының» қоғамдық бірлестігінің жоспарымен «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Исатай аудандық комитеті» филиалының ұйымдастыруымен ауданда өткен «Ұлы Жеңіске мың алғыс!» атты облыстық семинар – соның айғағы. Кәсіподақ тек еңбек құқығын қорғаушы ұйым ғана емес, елдік пен ерлікті ұлықтайтын, тарихи жадымызды жаңғыртып, ұрпақ санасына сіңіре білетін қоғамдық күш екенін тағы бір дәлелдеді.
2025 жылдың маңызды бастамаларының бірі ретінде белгіленген бұл іс-шара – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Алайда, бұл қарапайым еске алу емес, ерлікке тағзым, ұрпаққа аманат, ал кәсіподақ үшін – ел алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктің биік көрінісі. Қылышбай Сүндетұлының төрағалығымен өткен семинарға аудан ардагерлері мен білім саласының кәсіподақ мүшелері жиналып, бірлік пен бейбіт өмірдің бағасын еске алды. Ұйымдастыру шеберлігі мен мазмұн тереңдігі арқылы ерекшеленген бұл басқосу – кәсіподақтың қоғамдағы орнын айшықтай түсті.
Семинар жұмысы мазмұндық әрі танымдық тереңдігімен ерекшеленді. Екі бөлімге бөлінген іс-шараның алғашқы бөлігі Исатай ауданындағы білім мен тәрбие беру мекемелерінің бүгінгі келбетін, заманауи-инновациялық бағыттағы ізденістерін паш етті. Семинар қонақтары ең алдымен жақында ғана ашылған жаңа үлгідегі мектеп-гимназияға ат басын бұрды. Білім ордасының тыныс-тіршілігімен таныстырған мектеп директоры Табила Исмагулова ұжымның басты ұстанымдарын мазмұнды түрде тарқатып берді. Ол өз сөзінде:
– Біз ең әуелі «Біз кімбіз?», «Біз немен айналысамыз?», «Қызметімізді кім үшін орындаймыз?» деген өмірлік мәні бар сауалдарға жауап іздей отырып, мектеп миссиясын нақтылап алдық. Баланың болашағына бағдар беретін әр қадамымыз осы сұрақтар төңірегінде өлшенеді. Біздің мақсат – ұлттық құндылықтармен қаруланған, заманауи трендтерді игерген, әлемге ашық тұлға тәрбиелеу,-деді ол.
Мектептің 100 орындық жатақханасынан бастап оқу кабинеттеріне дейінгі барлық мүмкіндіктермен танысқан қонақтар білім беру сапасына деген жоғары көзқарасты ерекше атап өтті. Іс-шара соңында мектеп ұжымы дайындаған сазды-музыкалық тарту көпшілік көңілінен шықты. Сапар аясында делегация мүшелері «Өркен» бөбекжай-бақшасына да барды. Мұндағы дефектолог, психолог мамандардың жеке балалармен жүргізіп жатқан әдістемелік жұмыстары таныстырылып, балдырғандардың сүйкімді өнері қатысушылардың көңілін көтерді. Жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін еңбек етіп жатқан тәрбиешілердің тынымсыз еңбегі семинар қатысушыларына ерекше әсер қалдырды.
Семинар аясындағы тағылымды сапардың келесі аялдамасы – жаңадан ашылған саз мектебі болды. Қатысушылар бұл өнер ордасының тыныс-тіршілігімен танысып, руханияттың жаңа тынысына куә болды. Мұнда композитор Шәмшиден Шәріповтің шығармашылығына арналған көрме ерекше назар аудартты. Жергілікті мақтанышқа айналған сазгердің өмір жолы мен өнер мұрасы жайлы сыр шертіліп, жас буынға өнеге боларлық мағлұматтар ұсынылды. Одан әрі «Өнер» мектебінің шәкірттері мен ұстаздары өз өнерлерін паш етіп, көрермен жүрегінен жылы орын алды. Бұл сәт – мәдениеттің мәйегі саналатын өнердің ұрпақтан ұрпаққа берілетінін тағы бір дәлелдеді. Семинар жұмысының екінші бөлімі «Жалын» мәдениет үйінде жалғасын тапты. Бұл бөлім — рухты көтерген, жүрекке жол тапқан тағзым сәті болды. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай сахналанған көріністер сол бір сұрапыл жылдардың көрінісін көз алдыға әкеліп, көрерменнің көңілін тербеді.
Іс-шараның салтанатты ашылуы – ардагер, кәсіподақ белсендісі, Аққыстау ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Қожантай Сыдыховтың жүрекжарды өлеңімен басталды. «Ұлы Жеңіске арнау» атты жыр жолдары жиналған жұртшылықты тебірентіп, өткенге деген ілтипат сезімін оятты. Одан кейін семинарға қатысушылар соғыста ерлікпен қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, тағзым етті.
Салтанатты бөлімде сөз алған «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы Жеңіс рухын ұлықтаудың маңызын атап өтті. Өз баяндамасында ол:
– Бұл Жеңіс – ұлттың рухы мен бірлігінің, ата-баба аманатының айғағы. Оны насихаттау – біздің парызымыз,-дей келе, облыс көлемінде атқарылып жатқан игі істерге де тоқталды. Іс-шара соңында білім саласындағы белсенді кәсіподақ мүшелері Алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталып, ұжымдастары алдында лайықты құрметке бөленді.
Бұл тағылымды семинар – тек мерейтойлық жиын ғана емес, ұрпақ санасына рух дарытқан, өнер мен өнегені ұштастырған шынайы тарихи сабақ болды. Ұлы Жеңіске арналған көркем қойылым үш бөлімнен тұрды: біріншісі – 1941 жылға дейінгі елдегі тыныш өмірді бейнелесе, екіншісі – сұрапыл соғыстың басталу сәтін көрсетті, ал үшіншісі – жеңістің жарқын таңы мен елге оралған ерлердің шаттығы арқылы түйінделді. Бұл көріністердің әрбір бөлімі кәсіподақ мүшелерінің ынтымақпен атқарған еңбегінің айғағы іспетті.
Аққыстау, Абай, Өркен, Мектеп-гимназия мен Исатай орта мектептері, «Нұршуақ», «Қарлығаш», «Балдырған», «Өркен» бөбекжай-бақшалары, Ш.Шәріпов, Жанбай, Новобогат саз мектептерінің ұжымдары бірігіп, кәсіби актерлерге тән шеберлікпен өнер көрсетті. Әсіресе, «Өркен» бөбекжай-бақшасының өнерпаз мамандары – ерлі-зайыпты Мажитов Кенжемұрат пен Зайнова Қамажайдың шынайы көрінісі көрерменді терең толқытты. Сондай-ақ Бауыржан, Хиуаз, Әлия мен Мәншүк, Рахымжан мен Гриша бейнелерін сомдаған мұғалімдер мен тәрбиешілердің тарихи бейнелерді шынайы жеткізудегі еңбегі зор бағаланды. Сахна төрінде шырқалған әрбір ән – елге деген сағыныш, Жеңіске деген құрмет, бейбіт күннің бағасын ұғындырған үнге айналды. Бұл тұста Жанбай саз мектебінің директоры Сағия Кемпірбаева, мұғалім Мирас Махмудұлы, «Балдырған» балабақшасының тәрбиешісі Айкөркем Сүлейменова мен Зухра Иралиеваның әсерлі орындаулары сәттің салтанатын арттыра түсті.
Семинар соңында аудандық білім бөлімінің басшысы Гулайна Махмудақызы бірлесе еңбек еткен ұжымдарға Алғыс хаттар табыстап, шығармашылық пен ұйымшылдықты жоғары бағалады. Ал «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Исатай аудандық комитеті» филиалының төрайымы Қарлыға Исханқызы осының бәрі білім саласының кәсіподақ мүшелерінің бірлігі мен ынтымағының нәтижесі екендігін атап айтты.
Семинар жұмысы «Жеңіс» және «Атамекен» әндерімен қорытындыланды. Әнмен әрленген әсерлі кеш – елдік пен ерлікке тағзымның үлгісі болып, жиналған жұрттың жадында ұзақ сақталары анық.
Ж.ЖАҒЫПАРОВА