Мәдениет қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Атаулы күні мәдениет және өнер саласының қызметкерлеріне жылы лебіздер мен игі тілектер айтылды. Өйткені, рухани байлықты дамытуда және мәдени дәстүрлердің дамуы мен сақталуына мәдениет саласы қызметкерлерінің қосқан үлесі орасан зор.

Аталған мерекелік шарада алдымен аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбежан мерекелік құттықтау сөз сөйледі.

-Бүгінгі өнер және мәдениет қызметкерлері күнімен аудан әкімі атынан шын жүректен құттықтаймыз. Өздеріңіз білетіндей, мәдениет ұлт мәнері болса, өнер –халықтың қазынасы. Осы егіз ұғымды қатар алып, еліміздің мәдениетін және руханиятын көтеріп, оның даму жолында еселі еңбек етіп жүрген сіздердің әріптестеріңіздің еңбегі дегім келеді. Мәдениет әр ұлттың рухани қазынасы болса, сол ұлттың ерекшелігін, бар бітім-болмысын көрсететін ұғым болса, осы өнері арқылы толағай жетістіктерге жеткені айдан анық. Сондай-ақ олар өнерлерін таныту арқылы бөлек ұлт екенін басқадан ерекшелеп, өзінің ізі бар екенін көрсетіп жүреді. Қасиетті Нарын өңірі - біздің елімізде емес, шетелге де танылып жүрген талай өнер саңлықтарын өмірге әкелген қасиетті топырақ. Оны бүгінде біздің ауданда жалғастырар ұрпақтар да өсіп келе жатыр. Осы үрдісті жалғастырып, осылай мерекеден-мерекеге өздеріңізбенен халыққа мәдени-рухани жағынан  қызмет көрсетіп келе жатқан баршаңызды және бүгінгі осы мерекеге орай арнайы шақырылған ардагерлерімізді  мерекелеріңізбен құттықтай-мын. Отбастарыңызға амандық, мықты денсаулық, ұрпақтарыңыздың қызығын көріп  және осы еліміздің мәдениеті рухани даму жолында еңбек етіп, жемісін көре беріңіздер,- деген ол облыстың мәдени өміріне ерекше үлес қосып жүрген бір топ аудан мәдениет пен өнер қызметкерін марапаттады.

Алдымен Атырау облысы мәдениет,тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алғыс хатын Зинеден ауылдық клубының меңгерушісі Алмаз Құрасов иеленсе, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының алғыс хатымен Жанбай ауылдық клубының директоры Құралай Қапсихова ұлығыланды. Келесі кезекте ауданның мәдениеті мен өнерінің дамуына айрықша септігін тигізіп жүрген бір топ қызметкерге аудан әкімінің марапатын «Аққыстау»  халық театрының режиссері Фаруза Рахметова, Қамысқала ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Жәнібек Жөкеев, «Жалын» мәдениет үйінің солисі Әділбек Жұмашев, Жанбай балалар саз мектебінің сырнай пәнінің мұғалімі Армангүл Бердиева, Жанбай ауылдық клубының әдіскері Венера Жанболатқызына табыстады.

Әрмен қарай құттықтау сөз аудандық мәслихаттың депутаты Аманжол Рахметовке жолданып, ол да өз кезегінде марапаттар табыс етті. Атап айтсақ, Исатай ауылдық клубының «Асыл мұра» дәстүрлі ән үйірмесінің жетекшісі Жұлдыз Жолмағанбетова,Қамысқала ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Нұрым Бауыржан, Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің домбыра пән мұғалімі Камшат Ғашихова, «Жалын» мәдениет үйі жанындағы үйірме жетекшісі Жадыра Молдаш аудандық мәслихаттың алғыс хатына ие болды.

Салтанатты шарада аудандық мәдениет салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Айымгүл Машаева өзінің мерекелік құттықтауын білдіріп: -Құрметті мерекелік шараға келген кеш қонақтары, баршаңызды 21 мамыр - мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесімен құттықтаймын! Аудандағы мәдениет ошақтарының елге жасап жатқан еңбектері өлшеусіз. Сіздердің сол еңбектеріңіз төл мерекеде еленіп, марапат алған әріптестерімді тағы да шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Сонымен қатар, айтып өту керек, кешегі 1-8 мамыр аралығында облысымыздың Сұлтан Бейбарыс алаңында біздің ауданның өнерпаздары тамаша концерттік бағдарламасымен Атырау қаласының тұрғындарына үлкен рухани серпіліс беріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Соған орай облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев аудандық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімін алғыс хатпен марапаттады. Бұл да аудан өнерпаздарының қол жеткізген жетістігі деп білемін. 

Сондай-ақ 15-18 мамыр аралығында  облыста өткен жергілікті жазушы, драматург Берік Қорқытовтың атында фестиваль өтті. Сол фестивальға барлық халықтық атағы бар театрлар және жаңадан құрылған драма ұжымдар қатысты. Біздің ауданнан Нариман Үлкенбай атыннан құрылған «Аққыстау» халық театры да өзінің Б.Қорқытовтың «Жарайсын, шалым» атты комедия қойылымын қойып, өзінің халықтық атағын қорғап,130 мың ақшалай сыйлық жүлдесіне ие болды. Сонымен бірге, аудандық «Жалын» мәдениет үйі жанынан құрылған  «Жалын» драма ұжымы да «Жарайсың, бозторғайым» атты комедиясын қойып, тырнақалды қойылымына алғыс хат алып, 100 мың ақшалай жүлдемен оралды,-деген ол мәдениет қызметкерлерінің жетістігіне тоқталып, бір топ өнерпазға республикалық, облыстық сала кәсіподағының марапаттарын ұсынды.

«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен Қамысқала ауылдық мәдениет үйінің директоры Жібек Мұхтарова, Исатай ауылдық клубының басшысы Салауат Меңдіғазиев, аудандық «Жалын» мәдениет үйінің шаруашылық меңгерушісі Нұрлан Бижанов және «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен Зульфина Серікбаева лайық деп танылып, оларға құрмет көрсетілді.

Сонымен бірге, мәдениет пен өнерді қос қанатындай үстем етіп жүрген бір топ өнерпаз «Құрмет» грамотасын иеленді. Айта кетейік, олар - «Жалын» мәдениет үйінің қызметкері Айгүл Абуова, Қамысқала ауылдық мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі –Талғат Сатыбаев, Жанбай ауылдық клубының музыкалық жетекшісі Айдар Бекетов,Зинеден ауылдық клубының көркемдік жетекшісі Сұлушаш Қарабалина және жоғарыда аталған қоғамдық бірлестігінің алғыс хатымен  аудандық кітапхана қызметкері Бибігүл Харасова, Зинеден ауылдық кітапхана қызметкері Мақташ Елесіновалар марапатталды.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT