«МҰНАЙШЫ» ҚОРЫНЫҢ ТАРТУЫ

Жергілікті жерлерде жалғасын тауып жүрген жақсы істердің бірі – «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы. Осыған орай аудандық орталық кітапханада тағы да көрініс тапты.

Бұл жолы мұнда Исатай ауданының Құрметті азаматы, Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының Атырау облысы бойынша филиалының басшысы, ардагер мұнайшы Бағыт Шабайұлы Сматуллин келді. Руханият ордасына құр қол келмеген ардагер мұнда аталған қор атынан жүз данадай техникалық саладағы кітаптарды сыйға тартты.

2004 жылдың 26 қаңтарында үш мұнайшы ардагердің өзара келісімінің арқасында құрылып, осы күн оның дүниеге келген уақыты да болып келе жатқан аталған қордың атқарушы дирекциясы сол жылдың 9 наурызынан өз жұмысын бастап кеткен.

Оны құрудың алғашқы бастамашысы және негізін қалаушы әрі тұңғыш директоры Нәсіпқали Әбуғалиұлы Марабаев болғанын баяндап, басқа да деректерден хабардар еткен Бағыт Шабайұлы «Қазына» (Даниел Ергин), «Түндігі ашылған тұнбалар» (Б.Сматуллин, Ж.Беркалиев), «Теңіз ғаламаты» (Қаржау Оразбаев), «Батыс өлке тарихының тағылымды беттері» (Нағымұлы Шахман), «Ғасыр ғұмыр» («Ембімұнайгаз» АҚ-ның 100 жылдық жылнамасы) және басқа да мұнай өндірісі саласынан деректер жиған ондаған кітапты исатайлық оқырмандарға ұсынуды жөн көріпті.

Әрине, кітаптардың мазмұны сан алуан. Мәселен, мұнай, ақша және билік үшін күрестің бүкіләлемдік тарихынан сыр шертетін, беделді Пулитцер сыйлығын алған «Қазына» кітабы - «қара алтын» - мұнай туралы жарқын, тарихи кейіпкерлер мен оқиғаларға толы хикая. Автор әлемдік мұнай индустриясы мен халықаралық саясат арасындағы өзара күрделі қатынасты ашып береді және мұнай әлемдік экономиканың дамуын айқындаушы күштердің біріне қалай айналғанын көрсетеді. Балама қуат саласындағы талай жаңалыққа қарамастан, мұнай бұдан былай да жекелеген мемлекеттердің ғана емес, тұтас алғанда адамзаттың тағдырында шешуші қызмет атқара бермек делінеді. Жаңа әрі айтарлықтай қайта өңделген, автор кейінгі он жылда сала ішінде орын алған өзгерістерді қамтып, жаңа тарау мен алғы сөзді қосқан бұл кітап қалың оқырман үшін де қызықты болмақ.

Ал, «Батыс өлке тарихының тағылымды беттері» кітабында батыс өлке тарихына байланысты бұрын-соңды жарияланбаған қызғылықты мәліметтер берілген. Деректердің басым көпшілігі дін иелері мен олардың ұрпақтарының, соғыс кезінде тағдыр талқысына ұшыраған жерлестеріміздің ауыр тағдыры туралы мұрағаттық құжаттардан алынған. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

-Кітапханадағы кітапха-налық-библиографиялық жік-теудің қолданбалы ғылымдар тобындағы бұл сала, соның ішіндегі қазақ тіліндегі басылымдар аздау болатын. Ендігі жерде сол олқылықтың орнын толтыруға осы кітаптардың көп септігі тиері анық деп есептейміз,-дейді библиограф Маусым Төлеуішова.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT