Мұнайшылар күніндегі ән-кеші қос мерекеге арналды

Қыркүйек айы­ның алғашқы жексенбісі – Мұ­найшылар күні. «Қара алтын» өндірісінің қарашаңырағы атанған ауданымыздағы «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы ел экономикасының күретамырына айналған. Ауданның құрылғанына 95 жыл, Аққыстау ауылдық округінің 50 жылығына орай «Құт дарып, кие қонған- ақ Нарыным» атты аудан орталығына ұсынатын мерекелік сазды бағдарламаны мұнайшылар кәсіби мерекесіне орай тарту етті.

Еліміздің экономикасының дамуына зор үлесін қосып келе жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ өндірістік құрылымдық бөлімшесі болып табылатын жарты ғасырдан  астам тарихы бар «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-ның  мұрындық болуымен ұйымдастырылған мерекелік шараға аймаққа белгілі облыстық Н.Жантөрин атындағы филармония  өнерпаздары мен үздік би ұжымы өнер көрсетті.

Ел ырыздығын еселеген еңбеккер мұнайшылар мен барша ардагер мұнайшыларды төл мерекемен аудан әкімі Полымбет Хасанов құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

  • Қайырлы кеш құрметті ауылдастар, ардақты мұнайшылар! Сіздерді Исатай ауданының құрылғанына 95 жыл толуымен және Аққыстау ауылдық округінің 50 жылдық мерейтойымен және мұнай-газ кешенінің қызметкерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне үлкен үлесін қосып келе жатқан 50 жылдан астам тарихы бар «Жайықмұнайгаз» басқармасында бүгінде 900-ге жуық маман жұмыс жасайды. Осы қызметкерлердің күні-түні тынымсыз еңбектерінің арқасында кәсіпорын жылына 800 мыңаннан астам мұнай өндіріп, қажырлы да нәтижелі жұмыс атқаруда. Қара алтынды өндіру арқылы түрлі бюджеттік салықтарды төлеп, облыстың, аудан бюджетінің қалыптасып, өсуіне зор үлес қосуда. Сол себепті аудан төңірегінде бірнеше жыл тарихы бар ірі кәсіпорынның орналасуы біздер үшін және барша аудан тұрғындары үшін зор мақтаныш. Кәсіпорын мұнай өндіру арқылы көптеген әлеуметтік көмектерді де көрсетуде. Міне бүгін мереке қарсаңында екі бірдей жанұяға тұрғын үй табыстады. Сонымен қатар бұдан да өзге көптеген демеушілік көрсетуде екені сіз бен бізге мәлім. Өңіріміздің дамуына жан-жақты үлесін қосып келе жатқан «Жайықмұнайгаз» басқарма ұжымының жұмыстарына толағай табыстар тілеймін. Жер байлығын халықтың ырзық- несібесіне айналдыру жолындағы еңбектеріңіз жана берсін.. Барша мұнайшыларды кәсіби мерекемен құттықтаймын! Әрбір шаңыраққа ырыс-несібе, шаттық пен қуаныш тілеймін,-деп аудан әкімі Полымбет Хасанов риясыз ризашылығын білдіре отырып, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-на Алғыс хат табыс етті.
  •  
  • Құрметті аудан тұрғындарды сіздерді қос айтулы мерейтоймен және мұнайшылар күнімен өзімнің және «Жайықмұнайгаз» басқармасының мұнайшылары атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және еңбектеріңізге толғай табыс тілеймін. Тәуелсіз елдің әр таңы арайлы атып, қарттарымыз аман болып, мерекеден мерекеге аман жетейік. Бүгінгі сіздердің құрметтеріңізге арналған мерекелік концертке арнайы Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияның өнерпаздарын шақыртып, сіздерге еркеше көңіл-күй сыйлауды мақсат еттік. Өнер бар жерде өмір бар деген өнер мен мәдениеті бар елдің келешегі кемел болары сөзсіз. Сондықтан, арнайы келген барша өнерпаздарға ризашылығымызды білдіреміз! Жаңа Қазақстанның іргетасы берік, шынайы отансүйгіш жастардың қатары көбейе берсін! Еліміздің экономикасы одан әрі дамып, болашағы жарқын болғай! Мереке құтты болсын,-деді «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Азамат Қайратұлы.

 

Мерекелік тілектерден соң өнерпаздардың сазды сәлеміне жалғасын тапқан кеште әсем ән де,мың бұралған би мен күбірлеген күйде ойнады. «Інжу-Маржан» би ансамблінің мың бұралған билері де кештің ажарын айшықтады. Еліміздің атын  түрлі додаларда асқақтатып жүрген әншілер де әуезді әндерінен шашу шашты. Басқарма ұжымында жұмыс жасай жүріп,  жоғары еңбек көрсеткіштеріне қол жеткізіп жүрген мұнайшылар да өнерден кемде емес. Тек мұнай-газ өндіру саласында ғана емес мәдениет пен өнер саласын да қатар алып жүрген мұнайшылар да әуелетіп ән салды. Атап айтсақ, Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары Гүлбану Бахитова «Алғыс» әнін арнаса, №4 мұнай-газ өндіру цехның геологы Ира Гилманова «Халқым-ай» әнін тарту етті. Ал арнаулы техникалар және автокөліктер колоннасының жүргізушісі Айдарбек Түсіпқалиев «Тамаша» әнімен көрерменнің көзайымына айналды.Үш өнерлі қызметкерлерге  аудан әкімнің орынбасары Нұрғайша Абежан арнайы Алғыс хат пен гүл шоқтарын тарту етті. Жиылған жұрт та рухани демалып, әдемі көңіл-күймен тарқасты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521