«Атырау облысы мемлекеттік архиві» КМК-нің аудандық филиалында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына орай «Амал келді, жыл келді» атты мерекелік шара өтті.
Салтанатты шараға «Атырау облысы мемлекеттік архиві» КМК басшысының орынбасары Тұрсын Жұмабекқызы, ақпараттық технология бөлімінің басшысы Нұрсұлу Мұханбедьярова, архивтік анықтама бөлімінің басшысы Анаргүл Ғайноллақызы, ҚР Ұлттық архив қорын ұйымдастыру, қалыптастыру және мемлекеттік есепке алу бөлімінің архивисі Арайлым Теміржанова және аудандық мәслихат ардагері, ардагерлер кеңесінің мүшесі Жансих Маштахов, 1997-2016 жылдарда аудандық архивте басшылық қызмет атқарған, архив ардагері Батима Бакишева, 2003-2017 жылдар аралығында аудандық архивте архивші қызметін атқарған архив ардагері Аққаным Сарсекбаева, мәдениет саласында басшылық қызметінде болып, 2016-2017 жылдары «Атырау облысы мемлекеттік архиві» КМК-нің аудандық филиалын басқарған Аяпберген Мұханбетов қатысты.
Жиында алдымен «Жалын» мәдениет үйі мен Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебі өнер ұжымдарының орындауындағы ұлттық әндер шырқалды. Қонақтар төс қағыстырып көрісіп, бір-біріне ақжарма тілектерін арнап, мейраммен құттықтады.
Алғашқы сөз кезегін Тұрсын Жұмабекқызы алып, жиылған жұртты мейраммен құттықтап, архив ісінің маңыздылығн атап өтті.
-
Сіздерді Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Тарихи құжаттарды болашаққа аманат ету жауапкершілігін арқалап, архив ісінің дамуына бағытталған жұмыстарды жүзеге асырудағы қажырлы қызметтеріңізге табыс тілеймін. Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа амандық, береке келуіне тілектеспін. Шуақты күндер көп болсын!-деп архив ардагерлері Батима Бакишева, Аяпберген Мұханбетов, Аққаным Сарсекбаева, аудандық мәслихат ардагері Жансих Маштахов пен аудандық архив филиалының ұжымына Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Аудандық архив саласында қызмет атқарып, саналы ғұмырында табжылмай еңбек еткен Батима Бакишева естеліктерімен бөлісіп, архив саласының мемлекет үшін, елдің бүгіні мен ертеңі үшін қаншалықты маңызы жоғары екенін тілге тиек етті. Тағылымды шара барысында ардагерлер ғибратты әңгіме өрбітіп, Наурыз мейрамның құндылығы мен көрісудің маңыздылығы жөнінде ой бөлісті. Аудан өнерпаздары да шараның мәнін одан әрі айшықтап, түрлі әндер шырқады.
Оған қоса, қазақтың салт-дәстүрімен аудандық архив мекемесінде көп жылдар бойы еңбек етіп жүрген Алтынай Мұхамбеталина немересі Аяна Ринатқызының тұсау кесер салтанаты өтті. Бүлдіршінің тұсауын ардагерлер кеңесінің мүшесі Жансих Маштахов кесіп, өзінің батасын берді. Енді ғана қадам басқан бүлдіршіннің тұсауын мейраммен сабақтастырып, жолы үлкен ұлғатты жан кесіп, мейрамнның мәні одан әрі ашыла түсті.
Осылайша Наурыз мейрамы елдің өткенін жинақтаған, архив қарашаңырағында сән-салтанатымен және ерекше тартымдылығымен көпшілікті тәнті етті.
Жайна МӘЛІМҚОЖА