Маусым айының екінші жексенбісі – адал еңбек иелеріне арналған ерекше күн. Бұл – малшылар күні. Осы атаулы дата аясында Исатай ауданында шаруа жанның бейнеті бағаланып, ауыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді,-деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен шарада аудан әкімі Нұрым Мусин мал шаруашылығы саласында үздіксіз еңбек етіп жүрген бір топ азаматты арнайы қабылдап, олардың маңдай термен келген еңбегіне жоғары баға берді.
– Малшы – маңдай тердің иесі, ел ырысының тірегі. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында ауыл тіршілігі жанданып, берекесі артып отыр. Бұл марапаттар – адал еңбектеріңіздің жемісі әрі сіздерге деген ел алғысының белгісі, – деді аудан басшысы марапат иелеріне ақжарма тілегін арнап.
Бұл салтанатты шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді. Шараның басты жаңалығы – көп жылдық адал еңбегімен елге сыйлы болған шаруа адамы Шайдолла Каримовке ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сейпелұлы Сапаровтың атынан Алғыс хат табысталды. Бұл – сала маманына берілген жоғары деңгейдегі марапат қана емес, ауылдан шыққан еңбек адамдарының да еңбегі мемлекет деңгейінде еленетінін көрсеткен айтулы сәт болды.
Сонымен қатар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған азаматтардың қатарында Нурсила Сабирова, Әлібек Махсотов, Жансих Мұханбеталиев, Ерназар Уразымбетов, Еркін Шуйншкалиев, Орынбасар Магазов, Амангелді Алимов, Есенберді Жолдыбаев, Абай Досалиев, Ерғали Сиғуатов және Сәрсенғали Құлмажитов бар. Олар – тіршіліктің өзегі саналатын мал шаруашылығында табандылықпен еңбек етіп, туған өлкенің дамуына өз үлестерін қосып жүрген қарапайым еңбек адамдары.
Салтанатты жиынға қатысқан қауым ауыл еңбеккерлеріне көрсетілген құрметке зор ризашылықпен қарап, қол шапалақтап қолдау білдірді. Мал баққанның машақатын білетін ауыл жұртшылығы үшін бұл марапат – мақтаныш қана емес, жаңа белестерге жетелейтін сенім мен шабыт.
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының алтын діңгегі. Осы салада тер төгіп жүрген еңбек иелерінің адалдығы мен төзімділігі қай уақытта да құрметке лайық. Еңбектің еленгені – елдікке жол.
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА