«Аманат» партиясы аудандық филиалының кеңсесінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды кездесу-көрме өтті. Іс-шараны Атырау облыстық мемлекеттік архивінің Исатай аудандық филиалы ұйымдастырды. Мақсаты – Отан үшін от кешкен жауынгерлердің ерлігін ұлықтап, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу.
«Жеңісті жақындатқан жауынгерлер» деп аталған бұл кездесуде Махмут Биханов, Ғатау Қабиев, Сүлеймен Жасмағанбетов, Мұрат Қайрденов, Ғаббас Ағисов, Дәулетқали Сидахметов сынды исатайлық жауынгерлердің жеке мұрағат құжаттары алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды.
Кездесу салтанатты түрде ашылып, Ұлы Отан соғысының тарихтағы орны мен ардагерлердің жанқияр ерлігі сөз болды. Барша қатысушылар майдан даласында қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Кездесуге ардагерлердің ұрпақтары арнайы шақырылып, олар өз ата-бабаларының өмір жолы мен ерлікке толы сәттері жайлы естеліктерімен бөлісті.
Мысалы, ІІІ дәрежелі Даңқ және І дәрежелі Отан соғысы ордендерінің иегері Сүлеймен Жасмағанбетовтің ұлы Ерболат Сүлейменұлы әкесінің майдандағы батырлығы мен елге оралған соңғы еңбегін тебірене айтты. Ал Берлинді, Варшаваны азат ету шайқастарына қатысқан Махмут Бихановтың немересі Арманбек Амантайұлы атасының неміс танкілерімен бетпе-бет шайқасқан сәттерін баяндап, құжаттар мен медальдардың сақталу тарихына тоқталды.
Сондай-ақ көрмеде ардагерлердің жеке фотоқұжаттары, марапаттары, хаттары мен естеліктері жұрт назарына ұсынылды. Көрмені архив қызметкері Лаура Есенғалиқызы таныстырып өтті. Бұл деректердің әрқайсысы – тарихтың тірі куәсі, майдан мен тылдағы ерліктің жарқын белгісі.
Жүздесу барысында аудан жастары үшін викториналық сұрақтар ұйымдастырылып, оқушылар соғыс жылдары мен батырлар туралы білімдерін ортаға салды. Әсіресе, қазақтың жалғыз ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова туралы сұрақ оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Іс-шара соңында «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Едіге Амангелдіұлы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Мұхитова Венера ардагер ұрпақтарына жылы лебізін білдіріп, олардың ел жадындағы орны туралы ой толғады.
Ардагерлердің есімі жазылған «Мәңгілік тағзым» кітабы салтанатты түрде тарту етіліп, гүл шоқтары табысталды.
Тағылымды кешті қорытындылаған Атырау облысы мемлекеттік архивінің Исатай аудандық филиалы басшысының міндетін атқарушы Махизада Жақсымбетова:
– Бұл шара – жай ғана кездесу емес, бүгінгі ұрпақтың өз өткеніне бас иіп, болашағына бағдар жасауына мүмкіндік. Біз бабалар ерлігін ұмытпай, оны үлгі ету арқылы елдігімізді сақтауымыз керек,-деп жүрекжарды лебізін жеткізді.
Тарих – тағылым, ерлік – өнеге. Исатайлық жауынгерлердің батырлығы – ұрпақ жадында, ел жүрегінде. Осындай шаралар арқылы біз өткенге тағзым етіп, бейбіт күннің қадірін терең түсінеміз.
Әсел ТАБИҒАТОВА