Махамбет Досмұхамбетов атыраулықтарды Көрісу күнімен құттықтады

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов атыраулықтарды көрісу мерекесімен құттықтады.

Бұл туралы аймақ басшысы «Фейсбук» желісіндегі парақшасында жазды.

"Тәуелсіздік жылдары ұлтымыздың руханияты қайта жанданып, ұлттық кодымыз жаңғырды. Терең тарихымыз бен бай салт-дәстүрімізді түлету үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалып келеді. Мәңгілік ел құруға негіз болатын ерекше құндылықтарымыз осылайша жас ұрпақтың санасына сіңуде. Халқымыздың ортақ салт-дәстүрімен қатар, байтақ еліміздің кей аймағында өзіне тән жол-жоралғылары да бар.

Бұл – Алтайдан Атырауға дейінгі аралықты ен жайлаған еліміздің ұлттық әдет-ғұрыптарға барынша бай екенін көрсетеді.Соның бірі – өңірімізде ерекше аталып өтетін «көрісу» мерекесі. Бұл бабаларымыздан бері келе жатқан бағзы дәстүр, құнды ғұрпымыз. Қытымыр қыстан шыққан ел көктемнің лебіндей көңілденіп бір-бірінен амандық-саулық сұрасып, көріседі. Жастар жағы қарияларға ілтипат-ізет көрсетіп, үлкендер болса, жас ұрпаққа аталық ақ баталарын береді.

Әрбір шаңырақта жылы-жұмсағы мол арнайы дастарқан жайылады. Жыл бойы көріспеген ағайын – тума, көрші – көлем ас-дәм мен ақтан ауыз тиіп, бір-бірлеріне жылы лебіздерін арнайды. Осы игі дәстүріміз бүгінде берік рухани қазынамыз ретінде орнығып, жалпы адами құндылықтар мен ізгіліктің өрісіне айналды. Бүгін бір-бірлеріңізге айтқан жақсы тілектеріңіз бен ізгі амалдарыңыз қабыл болғай! Шыққан жастарыңыз құтты болсын!" делінген құттықтауда.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT